Есімдері елге белгілі ғалымдардан жасақталған, әлемнің онға тарта елінің аумағы арқылы өтетін экспедиция Торғай өңірінен бастау алды. Экспедиция алғашқы олжаға да осы «тарихтың тастап кеткен арбасындай» Торғай топырағында кезікті. Сапаршылар халық батыры Кейкі Көкембайұлының кесенесінің іргетасын қаланып жатқан игілікті істің үстінен түсті. Таяуда Жыланшық бойынан Кейкінің дене сүйегін іздейтін археологтар тобы жұмысқа кіріседі екен. Қыркүйек айында Кейкінің бас сүйегін, егер табылса қалған сүйегімен қосып, жер қойнына тапсыру рәсімі де өтпек. Осыған орай, Арқалықтың халқы түрлі шаралар өткізуге әзір отыр.
Бір атап өтерлігі, экспедицияның Торғай сапарына өзінің өтінішімен Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани қосылған болатын. Торғайлық мадиярлар мен венгр мадиярларының арасындағы туыстық байланыс өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері зерттеліп келе жатқаны мәлім. Бұл зерттеуді соңғы жылдары венгрлік антрополог Андраш Бюре гендік тұрғыда тереңдетіп зерттеп келеді. 2013 жылы Андраш Бюре бастаған венгриялық мадиярлар Қызбелге «Өмір дарағын» әкеліп қадағаны есімізде. Ағашқа ойып салған қасқырдың басы, бұғы, күн мен гүл, жарты ай ғасырлар айырған қос халықтың тарихи туыстығынан сыр шертеді. Құрамында венгриялық елші бар экспедиция мүшелері Қызбелдегі Торғай мадиярларының қорымына ат басын бұрды. Бидайық ауылындағы алаш арысы Міржақып Дулатов кесенесіне табан тіреп, рухына тағзым етті. Мәртебелі мейманға Амангелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов қонақжай пейілін көрсетіп, иығына шапан жапты.
− Осы экспедицияның арқасында менің Торғай жерін көру туралы арманым жүзеге асты. Венгр мадиярлары мен қазақ мадиярларының тарихы он бір ғасырды артқа тастайды. Бұрын бұл туралы білмей келдік. «Еуропада жалғыз көшпелі халық қайдан пайда болған?» деген пікір ғалымдарды да, қарапайым адамды да қызықтыра бастаған еді. Қос халықтың тарихы бүгін де біздің екі елдің достық қарым-қатынасын жандандырады. Венгрияда қыпшақтар да тұрады. Олар тілін жоғалтқанымен, этникалық сипатынан әлі айырылған жоқ. Тарихымыз туралы өткен ғасырда басталған зерттеулерді бүгінгі ғалымдар жалғастырып келеді. Қазір антрополог Андраш Бюре туыстығымызды гендік тұрғыда зерттеумен қатар, түркі халықтарының құрылтайын өткізуді ұйымдастырып жүр. Алғашқы құрылтайды ол 2007 жылы Торғай даласында, осы Сағада өткізді, − дейді Андраш Барани.
Осы орайда, өткен жылы елге жеткізілген Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіруге Андраш Бюре бастаған венгр антропологтары белсене атсалысқанын айта кетейік.
Венгр мадиярлары мен Торғайдағы мадиярлардың туыстық тарихының ғылыми негізі туралы экспедицияның алғашқы кезеңіне арнайы келген тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Бабақұмар Қинаят та пікір қосты.
− Ұлы далада халықтардың шығыстан батысқа қарай көші бірнеше лекпен жүріп отырған. Сол лектің алғашқысында Еуропаға жеткен мадияр халқы сонда тұрақтап, мемлекеттілігін он бір ғасыр бойы сақтап келе жатқан құдіретті халықтың бірі деп айтуға болады. Олар аталарының шығыстағы ізін осыдан 150 жыл бұрын іздей бастаған. Венгр ғалымдары өздерінің байырғы отаны Оңтүстік Оралдағы башқұрт жерінде болуы мүмкін деген тұжырым жасаған еді. Кейін мұны тереңдеп зерттеу қолға алынған. Ол ХХ ғасырдың ортасында басталып, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы жандана түсті. 2003 жылы зерттеуші Бенко Михаймен бірге осы өңірге келгенбіз, Торғай мадиярларын аралап, аңыз, деректер жазып алып, соның нәтижесінде «Торғай мадиярлары» деген кітап төрт тілде жарық көрді, − дейді ғалым.
Жалпы, Торғай өңіріндегі тарихтың терең қатпарлары ашылған сайын, тарихшыларды таңқалдырумен келеді. Өткен жылы Амангелді ауданындағы Қараоба жерінде жүргізілген археологиялық қазбадан табылған бас сүйекті археолог Ақан Оңғарұлы новосібірлік антропологтармен бірге қалпына келтірген еді. Сол жолғы олжасын экспедиция мүшелері алдында Амангелді аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізген болатын. Новосібірлік мамандар ер адам біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта өмір сүрген сарматтық деген ғылыми болжам жасағанын айта кетейік.
Құрамында география ғылымдарының докторы, «Туризм және география» ғылыми-зерттеу институтының директоры Орденбек Мазбаев, тарих ғылымдарының докторы Жақсылық Сәбитов сынды ғалымдар бар экспедицияның сапары Торғай жерінен басталып, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына ат басын тіреуді жоспарлап отыр. Одан әрі Ресейдің Орынбор, Астрахан қалаларында болып, Дағыстанға дейін жетеді. Содан кейінгі сапар Әзербайжан, Армения, Грузия елдері арқылы жалғасып, Солтүстік Кавказға бет алады. Молдова, Украина арқылы өтіп, Белоруссияда аз-кем аялдауға тиіс. Литва арқылы Еуропаға өтіп, Польша, Германия, Венгрия, Италия, одан Францияға жетіп, сапарды Париж қаласында түйіндеу жоспарланған. Осылайша, 70 күн ішінде барлығы 22 қаланы аралап, шілденің 10-күні Астанаға оралуға тиіс. Талай елге табан тигізетін сапардың жай-жапсары туралы тарихшы Орденбек Мазбаев былай дейді:
−Дешті Қыпшақ жерінен Шығысқа, Батысқа қарай қозғалған бабаларымыздың ат тұяғы Кавказға, Еуропаға жеткен. Оған біз аралайтын елдердегі жер атаулары, қыпшақтардың шоғырланған мекендері, басқа да тарихи мәліметтер дәлел. Осылардың барлығын ғылыми дәлелдеу үшін кітапханаларда, архивтерде болып, табылған құжаттардың, сақталып қалған ерте заманғы көне карталардың көшірмесін аламыз. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың ДНК-сына талдау жасаймыз. Қыпшақ даласы кезінде қыпшақ тілінде сөйлеп, іргесі сөгілмеген, кейін замана желі айдап, бөлек кеткен, барған жерлерінің тілін, дінін, салтын қабылдаған бауыр халықтардың салт-дәстүрлерін де қоса жинаймыз. Бұл да кейінгі зерттеулеріміздің іргетасына айналады. Сапар қорытындысы бойынша деректі фильмдер жасап, ғылыми есеп береміз.
Ғылыми экспедиция мүшелері Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған, атақты қобызшы Тілептің сүйегі жатқан Ақкөл өңірін аралады. Торғай кентіндегі музейлер кешеніндегі жер мен елдің тарихына байланысты құнды жәдігерлерді қызықтады. Жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, рухани жаңғыру, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды қадірлеу, білу, олардың елге, жерге деген патриоттық сезімін тәрбиелеу туралы ақжарма әңгімелер айтылды. Қостанай қаласында кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсариннің кесенесін, оның мемориалдық музейі мен облыстық тарихи-өлкетану музейлерін аралады. Студент жастармен, ғалымдармен кездесті. Алда оларды жауапты әрі қиындығы мол ұзақ сапар күтіп тұр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы