Қазақстан • 12 Мамыр, 2017

Ұлттың мәдени кодын жалпыадамзаттық құндылықтармен ұштастыратын қадам

158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүние жүзі адамзаттың бұрын-соңды тәжірибесінен өтпеген белгі­сіз бір жаққа қарай беттеді. Тарих қайталанады деген пікір кем дегенде мәдениет пен өнер саласында жарамсыз болып қалғалы қашан.

Ұлттың мәдени кодын жалпыадамзаттық құндылықтармен ұштастыратын қадам

Бүгін­гі күнде қарқынды жалғасқан тех­нологиялық даму, мәдени өзгеріс сынды құбылыс пен бетбұрыс адамзат тарихында болмаған және болашақта да болмайтын секілді. Дамыған техно­логия мен экономикалық мүмкін­діктер арқылы күні кеше ой-қиялға кір­мейтін мәдениет саласындағы өнім­дерге қол жеткізу мүмкіндігі өсті, күн өткен сайын өсіп те келеді. Алайда, көзге көрінер қарқынды даму­мен қатар, ұлттардың және адам­зат­тың мәдени жұтаңдығы, рухани әлсіреуі мен ұсақталуы әлі де жалға­сып жатыр. Бұл жағдайдың әлеу­мет­тік және психологиялық себеп­терін анықтаған әлемнің түкпір-тү­к­­пі­ріндегі зиялылар мына ойды қай­­талап айтуда: Адамзат өз  жаратылысы­нан бергі кезеңде бүгінгідей экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерге ие болмаған, алайда, ешбір кезеңде мәдени тұрғыдан соншалықты құл­дырап кетпеген.
Осы маңызды оймен бөлісіп, мәдениет пен өркениеттің дамуына қашанда мән беріп отырған зия­лы­­лар ретінде Қазақстанды және Қазақ­­­станның Президенті Құрметті Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтап, алғыс айтуымыз керек. Өткен айда қазақ басылымдарында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы Қазақстан  басшысы бүкіл әлем жанталаса күресіп жатқан мәдени жұтаңдыққа қарсы ұлттық бағдарламасын жария етті. Аталған бағдарлама қазақтың мәде­ни коды мен ұлттық болмысын сақ­тауынан бастап, мәдени дип­ло­ма­тияның жүзеге асырылуына дейін­гі нақты мақсаттар мен атқа­ры­латын жұмыстарды қамтыған. Түр­кияда мақала туралы жарық көрген жаңалықтарда латын әліпбиіне көшу мәселесі ғана айтылған. Алайда, мақа­ладағы көтерілген кейбір мәсе­ле­лердің, айтылған тұщымды ойлардың латын әліпбиіне көшуден әлдеқайда маңызды екендігін көруге болады. 
Интернеттен бастап, теледидарға дейін барлық жерде белең алған жаһандық мәдениет ағынына батып, жоғалып кетпеу үшін жармасатын бір ғана бұтағымыз бар, ол сөзсіз – ұлттық кодымыз. Жұтаңданып кет­пеу үшін тамырымызды тереңге жібе­ретін бір ғана жеріміз бар, ол – туған ел.
«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы өткен шақта қалып­тасқан мәдени кодтарға қатыс­ты соңғы кезде антрополог­тар айтып жүргендей, жер-көкке сый­ғыз­бай мақтау керек деген түсі­нік­тің орнына, адамзатқа ескертпе жа­саған америкалық ғалым Роберт Б.Эдгертонның сараптамасына жақындау келетін шынайы талдауға ие. Эдгертон ұлттық-мәдени кодтар­дың ішінде адамзаттың бақыт­ты өмір сүруі үшін аса маңызды және тарихи сынақтан өткен факторлардың бар екенін айтады. Сол сияқты қоғам­ға зиян тигізетін факторлардың да бар екендігін жасырмайды. 
Осы тұр­ғыдан келгенде, аталған бағдар­ла­ма ұлттық мәдениетке мән беруі­мен қатар, жершілдік сынды кейбір фак­торлардан бас тарту қажет­тігін және сонымен күресу керек екен­дігін жеткізеді. Менің ойымша, бағдарламаның ең маңызды жағы осы. Өйткені, бұл көзқарас аталған бағдарламаны өз мәдени кодтарын ғана көрсоқырлықпен ұлықтайтын және өзгенің мәдениетін жатсынатын әрекеттен бас тартқызып, қазақтың мәдени кодтарын өз халқына және бүкіл адамзатқа бақыт пен қуаныш сыйлатын жағдайға жеткізуде.
Туған жерін сүйетін, ұлттық әнін салатын, адамға сүйіспен­шілік­пен қарайтын және сол дәрежеде руха­ни болмысына үңіле білетін адам­дарды жетілдіру және осы құн­ды­лықтарды бүкіл әлеммен, адам­за­т­пен бөлісу бағдарламаның ең негізгі мақсаты деп қарауға болады. 
«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасын қате жаңғыру мен жаһандық жұтаңдыққа қарсы әлем­де баламасы жоқ, тіпті, алғашқы жүйелі түрде жасалған қадам деуге болады. Сондықтан бұл тәжірибе Қазақстан үшін қаншалықты маңызды болса, адамзат үшін соншалықты маңызды. Бағдарламаның нәтижесін аса қызығушылықпен және үмітпен бақылап отырамыз. 

Якуб ОМАРОҒЛЫ
Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы (Түркия)