Жыл сайын 7-8 туынды шығаруға шамасы келуімен, өзінің бар екенін білдіргені үшін ғана рахмет айтқызатын халге келгені ойландырмай қоймайды. 2006-2016 жылдар аралығында, яғни соңғы он жылда «Қазақфильм» АҚ 162 деректі фильм түсірген. Ал өткен жылы көпшілікке 8 деректі фильм ұсынған. Он жыл үшін, тиісінше, бір жыл үшін бұл сан аз ба, көп пе, қоғамдық маңызды идея қамтылды ма, туынды тақырыптары сәтті ұйымдастырылған ба, кімдер түсірді, ең бастысы, көрерменін қызықтыра алды ма, деген шолақ-шолақ сауалдарды шұбыртып қоя беруге болады. Бірақ бұлардың бәрінің басында «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген» жазу тұрғаннан кейін деректі фильм режиссерлерінің шығармашылық еркіндігі туралы ойыңнан шапшаң қайтуға мәжбүр боласың. Егер режиссер аса талантты болмаса, дайын идея-
мен түсірілген деректі фильмнің бас-аяғы әрқашан жұп-жұмыр бола бермейтінін түсіну үшін көп ақылдың керегі жоқ. Әрине, деректі фильмнің мемлекет идеологиясымен, саясатымен тығыз байланыс-
ты мәдени шығармашылық құрал екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ жоспарлы дүниені жүзеге асыруда шабытты режиссердің шығармашылық еркіндігі маңызды
шарт болуы қажет шығар.
Былтыр түсірілген фильмдердің тақырыптарына назар аударып, идеясына барлау жасап көрейік: «Бейсетай Дәуренбеков және 12 тағдыр» (реж. Қ.Қуанышбаев), «Кәукен жұлдызы» (реж. Ғ.Насыров), «Нұртас Оңдасынов» (реж. О. Тастанов), «Қасиетті күмбез» (реж. О. Тастанов), «Үмітсіз күн келмейді» (реж.М.Есіркепов, М.Есеналиева), «Біздің мақсат – халыққа қызмет» (реж. В. Тюлькин, С. Бейсенбин), «Сенім жолында» (реж. Ә. Байғожина).
Сөз жоқ, режиссерді идеясы асырайды. Режиссер кәсібінің өзі идеядан тұрады. Деректі фильм түсірумен айналысатындар туындылары арқылы көп жайтты алдын ала айтуға, өмірдің ағымын, беталыс-бағытын жұрттан бұрын байқауға тиіс. «Қане, қандай деректі фильмді білесің? Ол сені несімен қызықтырды?» деген сауал қойылса, екінің бірі жауап бере алмай тосылып қалатыны анық. Өйткені, деректі фильмге мағынасын жоғалтқан, қажетсіз өнер ретінде қарайтындардың кесірінен осындай тұтас түсінік қалыптасып үлгерген. Осыған сәйкес көрерменнің деректі фильмге ықыласы қалай жоғалса, оның бойындағы осы немкеттілікті байқаған деректі фильм түсірушілері де кәсібіне атүсті қарауға көшкен сияқты.
Мысалы, ең соңғы түсірілген «Бейсетай Дәуренбеков және 12 тағдыр» атты Қайрат Қуанышбаев-
тың деректі фильмін көріп отырып, сағыздай созылған оқиғаның ұзақтығынан іш пысып, жарылып кете жаздауға болады. Басқа кемшілігін былай қойып, ең алдымен, бір адамның өмірі туралы екі сағат бойы есі кеткенше «езу» көрерменге жасалған зорлық-қиянат. Министрліктен тапсырыс алған «Қазақфильм» режиссерінің қолына камера ұстатып, «Бар, Дәуренбековті тауып ал да, деректі фильм түсіріп кел» деп көшеге қоя берген сияқты әсер қалдырады. Кадр сыртында мәтіні жоқ, мұрағат материалдары аз, тек сол оқиғаға куә болған көзі тірі адамдардың естелік-сұхбаты түрінде өрбитін фильмде бір ізді шиырлап, қайталау басым. Ал отағасының жарының аузынан «12 адамның өмірін ажалдан арашалап қалған Бейсетайға «Халық қаһарманы» атағы берілсе, жақсы болар еді, бермесе, бермеді деп тағы ренжімейміз» деген сөзді естігенде, батырлық, азаматтық туралы асқақ ұғымдар аяқасты тас-талқан болғаны үшін, бейбіт өмір батырының құнын көз алдымызда сонша төмендеткені үшін режиссерге амалсыз ренжідік. Жоқ, фильмнің тоқетер түйіні осы екенін түсінеміз. Бірақ оны қарадүрсін жеткізудің қажеті қанша еді? Режиссер таудай етіп әспеттеп отырған тұлғасын биіктетіп әкелді де, жаны ашымастан төбеден төмен қарай тастай салды. Қалай басталып, немен аяқталуы тиіс екенін жүйелеген драматургиясы, сауатты сценарийі болмағандықтан Бейсетай ақсақал туралы бітпейтін әңгіме болып шыққаны басқа кімнің кінәсі? Бір фильм үшін сапалы сценарий жазатын адамның табылмағаны ешнәрсемен ақтауға келмейді.
«Қазақфильм» қоржынынан шыққан фильмдердің бәрі нашар дегеннен аулақпыз, олардың әрқайсысы үлкен еңбекпен, ізденіспен келген авторлық туынды. Туындылар түрлі фестивальдерге қатысып жатады, топ жарып, жүлде алады. Бірақ отандық телеарналар «көрерменді қызықтырмайды» деген желеумен бұл фильмдерді көрсетпейді де, сатып алмайды. Біз осы уақытқа дейін Қазақстанда түсірілген деректі фильмдердің ішінен мыңдаған долларға сатылып, мыңдаған қаражат тапқан туындылар туралы естіген жоқпыз.
Деректі фильмнің көркемдік деңгейінің төмендеп бара жатқанын байқау қиын емес. Деректі фильмдердің орны бос тұрғандықтан телевизиядағы әр арнаның циклды телехабарларын көрерменге деректі фильм деп қабылдауға тура келеді. Ал әрбір телеарна өз таңдаған тақырыбы бойынша шығармашылық бірлестіктер арқылы тапсырыссыз түсіріп немесе тәуелсіз студияларға өз идея-
сымен дайындатқызып, халыққа ұсынып отырған фильмдерінің ағартушылық, танымдық сипаты төмен, сараптамалық сипаты туралы сөз қозғаудың өзі артық, есесіне, ақпараттық жағы басым.
Бүгінгі деректі фильм мен көрермен арасындағы мәселенің түйіні, адам экраннан өзін, өзі өмір сүріп отырған қоғамның шынайы болмысын көре алмағандықтан, бірін-бірі жатырқайтын болған. Осыдан келіп қоғам деректі фильмді қажет қылмайды деген пікір қалыптасқан. Ал бұл теледокументалистика туындылары, негізінен, портреттік жанрда жасалады, басты қаһармандары мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, саясаткерлер, спортшылар болып келеді. Мұның бәрі сыпыра мақтау мен ғұмырбаяндық ғақлиядан тұрады. Бірақ бос қалған кинодокументалистика кеңістігінің орнын тап осы теледокументалистика толтырып, басқа баламасы болмағаннан кейін, амал жоқ, қабылдауға тура келеді.
Сонымен, «Қазақфильм» дайындап берген фильмдерді қайдан көреміз?» деген сұрақ туады. Өйт-
кені, өз телеөнімін тықпалағаны болмаса, деректі фильмдерді дамыл-
сыз көрсетіп жатқан арна атауымен жоқ. Алайда, эфир жиілігінде «Қазақфильмнің» туындыларына орын қарастырылмағанымен, қазақстандық телеарналар мен көрермен үшін «Россия», «НТВ», «Discovery», «National Geographic» және басқа да батыстық телеарналардың фильмдері кең сұранысқа ие. Демек, бұл деректі фильм – қызықты сала, тек шетелдік режис-
серлер секілді қызықтырып түсіре білсе, ол қалай да өз аудиториясын қалыптастырады дегенді меңзейді. Бұлар бүгінгі мен кешегі тарихтың беймәлім сырларын камера мен көк сандық арқылы жайып салуға әбден кәнігі болып алған. Мақтамайды. Адам болса, кісілігі мен пенделігін, оқиға болса, дұрысы мен бұрысын, ақ пен қарасын түрлі дереккөзден алынған мәлімет арқылы қатар алып отырып өреді.
Көркем фильмнің көлеңкесінде екінші қатарға ысырылып, ескеру-
сіз келе жатқанымен, талантты режиссердің жұмысы бәрібір елең еткізбей қоймайды. Әйтпесе, осыдан жиырма жыл бұрын түсірілген, деректі фильмнің барлық талабына жауап беретін белгілі режиссер Сергей Әзімовтің «Жоқтауын», Әсия Сүлееваның «Кәмшатын», Бақыт Қайырбековтің «Мұсылмандыққа дейінгі сенім мен қазақ дәстүрлерін», Е.Әбдірахмановтың «Невада-Қазақстанын», Ғ.Мүсірепов пен Р.Мұхамедиярованың арасындағы сезім сырларына құрылған «Классиктің кешіккен махаббатын» телеарнадан бір мәрте болса да көріп қалған көрермен әлі де ұмыта қоймағанына сенер едік.
Дәл бүгін деректі фильмге арқау болатын тың идеяның тапшылығы өткір сезіледі. Бұл сала шығармашылық талғаммен өрілген мықты тақырып пен мәнді сценарийге сусап отыр. Бұл екеуі болмаса, қанша жерден қаражат құйы-
лып, қолдау-қолпаштау болғанымен, фильм көрермен тарапынан қабылданбайды.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бағытындағы міндеттің қомақты да, сүбелі бөлімін жүзеге асыру ісі «Қазақфильмге» тиесілі болатыны сөзсіз. Бүгінгі замандастарымыздың жетістіктеріне назар аудартатын жобаға кімдер кейіпкер болады, ең бастысы, оларды кімдер түсіреді және қалай түсіреді? Үкіметтен бөлінетін қаржыны дұрыс пайдаланып, тұлғаларды сәтті таңдай ала ма? Қолынан түк келмейтін кездейсоқ адамдарға тапсырылып, қазынаның ақшасы желге ұшып кетпей ме? Есеп үшін ғана түсіріліп, ел руханиятына қосар тамшыдай үлесі болмаса, қайтпек керек? Деректі фильмнің дүр сілкініп, керек дүние екенін көрсететін жері – осы. Шығармашылық туынды жеке суреткердің шабытының нәтижесі ғана емес, тарихқа айналған кешегі күндерді бұрмаламай, тың тақырыпқа айналдыра отырып, бүгінгі замандаспен сырластырса, адамды, ізгілікті сүюге үндесе, қоғам үшін қажет міндет арқаласа, идеялық салмақты лайықты көтере алатын режиссері дәл табылса, деректі фильм туралы біржақты пайымның белең алуына тыйым болар ма еді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ