Кездесу барысында отандық дипломат М.Аунға Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ілтипатын жеткізіп, Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай, сондай-ақ еліміздің ауқымды халықаралық бастамалары жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ, А.Бердібай Ливан Президентінің алдағы 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Білім және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне қатысатынына сенім білдіріп, Қазақстан-Ливан қарым-қатынастарын нығайту және ілгерілету бойынша жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
Ливан Президенті достық және өзара сенімге негізделген байланыстарды дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын қуаттады.
Елші А.Бердібайдың Бейрут қаласына жасаған сапары шеңберінде Ливанның Сыртқы істер министрі Джубран Басиль мен СІМ-нің Бас хатшысы Шарбель Уахбемен кездесулер өтті. Сұхбат аясында тараптар Ливан Президентінің ИЫҰ Ғылым және технологиялар саммитіне қатысу, екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізу, екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасын кеңейту, мүдделі министрліктер мен ведомстволар арасында өзара сапарлар ұйымдастыру мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.