Парламент • 12 Мамыр, 2017

Сабыр Рақымов туралы көркем фильм түсіру керек

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат отырысында депутат Әли БЕКТАЕВ Премьер-Министр Б.Ә.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:

Сабыр Рақымов туралы көркем фильм түсіру керек

«Құрметті Бақытжан Әбдір­ұлы! Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жастарды отансүйгіштікке, пат­риотизмге тәрбиелеу туралы берген тапсырмалары шеңберінде Отан үшін жанын қиып, ерлік көрсеткен батырларымыздың өмір жолын дәріптеп, елге паш ету өте маңызды. Осындай, ғұмыры ерлікке толы, өмірі жастарға үлгі болатын қазақтың аяулы перзенті, Ұлы Отан соғысында қайталанбас ерлік көрсеткен, соғыстың басынан аяғына дейін майданның алдыңғы шебінде жүріп ерлікпен қаза тапқан, есімі елдің мәңгі есінде сақталатын батырларымыздың бірі – Кеңес Одағының Батыры, Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал − Сабыр Рақымов.
Балалық шағы қиындықпен өтсе де, бүкіл ғұмырын Отан қорғауға арнаған Сабыр Рақымов небәрі 43 жас өмір сүрсе  де Ұлы Отан соғысында үш бірдей ат­қыштар дивизиясын басқарды, майдандағы көрсеткен ерліктері үшін төрт рет Жауынгерлік  Қызыл Ту орденімен, жоғары деңгейдегі әскери басшыларға берілетін ІІ дәрежелі Суворов және Кутузов ордендерімен марапатталған. Генерал ретінде штабта отырмай, әскерлермен бірге тек қана майдан шебінде жүрген Сабыр Рақымов 1945 жылы, жеңіске небәрі 1,5 ай қалғанда Польшаның Данциг қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты.
Бойындағы жігерлігі мен қайсарлығы, батылдығы мен та­бан­дылығы үшін «Темір ге­­не­­рал» атанған Сабыр Ра­қымовтың есімін ел есінде мәң­гі­лік қал­дыру, ерлігін дәріп­теу, өнегесін жастарға үлгі ету қа­зіргі ұрпақ­тың мін­де­ті деп есептеймін.
Сондықтан, құрметті Бақыт­жан Әбдірұлы, ғұмыры ерлікке толы Сабыр Рақымов туралы көркем фильм түсіруді құзыр­лы органдарға тапсырып, 2018 жылғы Республикалық бюджетте тиісті қаражатты қарастыруға ықпал етуіңізді сұраймын».