Медицина • 12 Мамыр, 2017

Жас дәрігерлер жәрмеңкеден жұмыс тапты

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір кездері ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункттер оңтайлануға ұшырап, есіктеріне қара құлып салынғаны, есте. Басын тартсаң аяғына жетпейтін қиын уақытта тиімді болған шығар, бірақ зардабы араға жылдар салып барып шыққан.

Жас дәрігерлер жәрмеңкеден жұмыс тапты

Ал ауруханалардың фель­дшер­лік-акушерлік пункте айна­луы, медициналық көмек көрсетудегі қызмет аясын тарылта түсті. Аз-мұз жалақысы уақтылы қо­лы­на тимегеннен көптеген дәрігер­лер дипломдарын жиып қойып, сау­даға шықты. Салаға қажет маман­дардың тапшылығы сезіл­ді. Аудан орталығындағы ауру­ха­наға дер уақытында жете алмай қаншама науқас қиналды, қара­пайым соқырішек екенін білмей, операция үстеліне жеткенше көз жұмғандар болды. Тіпті, сол кездердегі статистикалық деректер босанған 1000 әйелдің 67-сі қайтыс болғанын келтіреді. Қаншама шарана дәрігер жоқтығынан көктей солды десеңізші?!
Уақыт азған сайын халық ден­саулығын қорғауға қатысты тү­бейгейлі өзгеріс бұл саланың өсіп- өр­кен­деуіне жол ашты. Көптеген елді мекендерде ауруханалар, емха­налар салынып, озық тех­но­логиялар мен халықаралық стан­дар­ттарға жауап беретін құрал-жаб­дықтар және шет елдерде тә­жі­рибеден өткен мамандардан ж­а­сақ­талған ұлттық медициналық орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары пайдалануға берілді. Бұрын шет елдерде жасалатын күрделі операциялар, емдеу шара­ла­рындағы озық технологиялар іс жүзіне асып, науқастарға сапа­лы көмек көрсетіле бастады. Әрине, тұтас салаға керекті білік­ті мамандардың қажеттілігін өтеу, әсіресе, ауылдардағы ФАП жүйе­сін, ауруханалар мен емханаларды дәрігерлермен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда мем­лекет жыл сайын грант бө­лу арқылы Алматы, Астана, Қара­ғанды, Семей, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарында жастарды үзбей оқытумен айналысып келеді. Және жыл сайын оларды жұмысқа орналастыру жөнінде жәрмеңкелер өткізіліп, әр облыс өздеріне қат мамандар қатарын жастармен толықтыруға мүм­кіндік алып жүр. Жуырда осын­дай жәрмеңке Астана медици­на университетінде өтті.
Биылғы интернатураны аяқ­таған 758 түлектің 721-і мем­ле­кет­тік грантпен оқыған екен. Осы жы­лы 1000-нан астам жас «Астана ме­дицина университеті» АҚ дипло­мын алмақ. Олардың ішінде 7 ма­ман­дық бойынша 758 интерн, 19 ма­мандық бойынша 106 резидент жә­не 211 мамандықта бакалавр-қоға­м­дық денсаулық сақтау, мейір­бике ісі, медициналық-про­фи­лак­тикалық іс, фармация маманд­ы­қ­тары бойынша жинаған білімін ха­лықтың денсаулығын жақсартуға жұмсайды деген сөз.
«Түлектердің бос орындар жәрмеңкесі-2017» шарасына Ас­тана қаласы мен Ақмола, Сол­түс­тік Қазақстан, Қостанай, Ба­тыс Қазақстан, Павлодар облы­ст­арының 150-ден астам жұмыс бе­рушісі қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Қарлығаш Ілиясова: «Бүгінгі таңда облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне 316 маман керек. Яғни, 125 – ауылдық жерлерге, 191 – қаладағы ауруханалар мен ем­ханаларға. Бізде қазір еңбек етіп жүрген мамандардың көбі зей­нет жасына таяп қалған адамдар. Жас­тар келіп, солардың білгенін үй­ренбесе, ардагерлер көп жылғы жи­нақтаған тәжірибелерімен бөл­іспесе, сабақтастық қалай сақ­тала­ды? Қоғамның әрбір мүше­сін тол­ғандыратын дүние бол­ған­дық­тан облыс басшылығы бұл іске үлкен мән беруде. Әрбір жас маман тұратын орынмен қамтамасыз етіліп, 200 АЕК көлемінде көтерме ақы алады. Өте қат маман болса оның резидентурада білімін жетілдіруіне қажет қаражат 100 пайыз төленеді, ал өзгелеріне 50 пайыз көлемінде бөлу көзделген. Негізінен бізге уролог, хирург, акушер-гинеколог сынды арнайы мамандар көбірек керек», десе, Ақмола облысының Жарқайың аудандық ауруханасының бас дәрігері Ғосман Ахметбеков пен оның Есіл ауданындағы әріптесі Қабдырашит Әлмағанбетов лор, окулист, анестезиологпен қатар жалпы практикадағы дәрігерлерге сұраныс жоғарылығын айтады.
Жәрмеңкеге келген жастардың жүздері жайдары. Бір-бірімен «Қай­да баратын болдың?!» деп қауқылдасқан олар жұмыс бе­ру­шілерді бар зейіндерімен тыңд­ай­ды. «Әйеліміз екеумізге де жұмыс тау­ып бере аласыз ба?», деп келген жас жігітке Қостанай облыстық Ден­саулық сақтау басқармасы бас­тығының міндетін атқарушы Еркен Дәуітбаев: «Әрине, біз үшін «дәрігерлер отбасы» деген бір ауыз сөздің керемет қуаты бар. Қуана-қуана қабылдап, әрі қарай резидентурада оқытып, білімдеріңізді жетілдіріп, өздеріңізге үй, бала­ла­ры­ң­ызға балабақша беріп, көтерме ақы төлейміз, дейді. 
Түлектердің бос орындар жәр­мең­кесі нәтижелі өтті. Соның ар­қасында жас мамандардың 97 пай­ызы жұмыс берушілермен ша­рт жа­састы. Олардың басым бө­лігі, яғни 51,4 пайызы Ас­та­на­да­ғы емдеу мекемелеріне жұ­­мыс­­қа қа­был­данбақ. Ақ халат­ты жас­тар­дың қалған шоғыры ел­і­міздің өзге аймақтарына аттанады.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»