Медицина • 12 Мамыр, 2017

Сертіне берік офицер

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сертке беріктік сырттандықтың көрінісі. Қазақтың қанында ықылымнан бері жасап келе жатқан қайсарлық қағидасы да осынау құндылықтарға негізделеді. Бағытынан таймайтын батырлық та, кесіп сөйлейтін, ойып айтатын батылдық та қазаққа тән. Сондықтан батырлық та бекзаттықтың бір белгісі.

Сертіне берік офицер

Тәуелсіз елдің тұ­ғы­ры биік, іргесі бекем болуы жолында еңбектеніп келе жат­қан сондай ерлер бар. Олар елге ерен еңбек сіңірумен және елдің тұ­рақтылығын қамтамасыз ету­мен қатар, мемлекеттік тұрақ­ты­лық­ты да насихаттайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қастерлі Ота­нымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы», де­ген болатын. Халықтың қа­һар­ман ұлдары да, қол бастаған пер­зенттері де Отан деген ұлы ұғымның аласармауын, ты­ныштық пен татулықтың тұ­ғыр­ға көтерілуін көздеді. 
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген­де де осындай батыл мінезді мең­зеген болар. Бүгінгі таңда Қор­дай ауданы, Отар қаласы, Гвар­дейск қалашығы №40 әскери ба­засы 75263 әскери бөлімінің ко­мандирі қызметін атқарып жүр­ген Нұрлан Әбдіқадыров та ал­дыңғы толқынның ерлік жолын жалғастырып келе жатқан аза­мат. Еңбек жолын 1999 жылы вз­вод командирі болып бастаған ол осы уақытқа дейін әскери са­ла­ның түрлі сатыларынан өтті. Түр­лі сынақтарға төтеп берген ол Отан қорғау жолындағы ойы­нан айныған емес. Қайта күн сайын шыңдалып, тәжірибе жинап келеді. Қалыптастырған тә­жі­рибесін ұлт тұрақтылығы жо­лынд­а жұмсауды көздейді. 
Ирак мемлекетіне 2003 жы­лы елімізден инженерлік-са­пер­лік жасағы жіберілгені бел­гілі. Сол кезде Иракқа жасақ ко­ман­дирінің орынбасары болып Нұр­лан Әбдіқадыров та аттанады. Адам өмірі сынға түсіп, ел тағ­дыры талқыға салынған тұста ал­ты ай бойы сол жерде берілген мін­деттерді мүлтіксіз орын­дайд­ы. Әскери саланың қыр-сы­рын меңгерген сол кездегі ка­­питан шеніндегі азамат әрбір сын­да өз ісіне адал берілген ма­ман екенін дәлелдейді. 2007-2008 жылдары Алматы қаласы 61993 әскери бөлімінде қыз­мет атқарып жүргенде де қа­зақ­стандық бітімгершілік то­бы­ның құрамына кіреді. Бұл кезде майор шенін алған Нұрлан Әб­діқадыров мемлекеттің мәртебесі, ұлттың абыройы жолында еңбек етеді.
– 2008 жылы инженерлік-саперлік жасағының командирі ретінде Ирак мемлекетіне екінші рет жіберілдім. Ирактың Бағдад, Әл-Куд қалаларында болып, бітімгершілік операциясына қатыстық. Әрине, күн сайын емес, сәт сайын өмірімізге қауіп төн­ген кездер болды. Мәселен, ол жерде жарылғыш заттар көп. Ал оны табу, тауып көзін жою біз­дің міндет болып саналады. Сондықтан да қателесуге еш­қан­дай жол жоқ еді, – дейді Нұрлан Алпысұлы. 
Нұрлан Әбдіқадыров 1996-1999 жылдары Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күш­те­рінің Әскери академиясын бі­тір­ген. 2012 жылы Ресей Фе­дерациясының Қарулы Күш­те­рінің Құрлық әскерлері Жал­пы­әскери академиясының әс­ке­ри-оқу орталығын аяқтаған. «Жау­ынгерлік ерлігі үшін», ІІ дә­режелі «Айбын» мемлекеттік наг­радаларымен марапатталған аза­мат бүгінде төрт перзент тәр­би­елеп отыр. 
Нұрлан Алпысұлы әуелі атақ үшін емес, абырой үшін қызмет атқарып жүргенін айтты. Бейбітшілік үшін басын бәй­геге тігуге дайын ол тәуелсіз елі­міз­дің тұғырлануына әскери маман ретінде үлес қосып келеді. 
– Елбасымыздың қолдауы біз­ді әрдайым жігерлендіріп, ал­ға жетелейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр сөзінде әскери са­ла­ға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл салада қызмет етудің асқан абырой екенін, зор мақтаныш екенін айтады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Тәр­тіп­ке бас иген құл болмайды, тәр­тіпсіз ел болмайды» деген сөзді бекер айтпаған. Тәртіп пен тәрбие – тұрақтылық пен та­ту­лықтың кепілі, – дейді ол өз сөзінде. Талап пен тәртіпті ту ет­кен азаматтың өзінен кейінгі буынға берері де мол. Қырыққа толмай қамал алған оның бейбіт күндегі батырлардың қатарында болатындығы заңдылық.
Нұрлан Әбдіқадыров бұл күн­де подполковник шеніндегі әс­кери қызметкер. Талай жылғы та­бан ақы, маңдай тердің ақ­талғанын көзбен көрген азамат. Ел мен жердің киесін ұғынып, қа­сиетін жете түсінген адамның қа­шанда жолы ашық, жұлдызы жо­ғары болмақ. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы