Алдымен «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығын құрып, көп бейінді кешен салды. Махамбет ауданында орналасқан қожалықта жеміс бағы, көкөніс бақшасы, асыл тұқымды мал шаруашылығы бар. Іздену мен еңбектенуден талмайтын шаруашылық басшысы енді лимон өсіруді қолға алыпты.
Негізінен субтропикалық аймақта өсетін, суыққа төзімсіз өсімдікті Атырау топырағына жерсіндіруге біраз күш керек. Бірақ тығырақтан шығатын жол да бар. Ташкенттегі лимонариядан екі мың лимон көшетін сатып алған кәсіпкер Махамбет ауылындағы бау-бақшалық жеріне екті. «Лимонның «Мир» деп аталатын сұрпын өсіруге жергілікті климаттық ерекшелік пен топырақ құрамы қолайлы. Қазір Ташкенттен келген екі ғалым көшеттерді бақылауға алды. Олар алғашқы өнім алғанға дейін қандай шаралар атқару керек екенін түсіндіреді. Биыл тек өсіріледі, алдағы күзде жылыжай жасаймыз. Келер жылдың көктемінде әр ағаш 15 келіге дейін жеміс береді деген жоспар бар», дейді Владимир Розметов. Ал төрт жылдан кейін әр ағаштан 150 келіге дейін лимон алуға болады екен. Бұл жобаны қолға алғанша кәсіпкер жергілікті нарықты зерттеген. Қазір Атыраудағы сауда орындарында бір тал лимонның бағасы 200 теңгеге дейін жетеді. «Ал «АтырауАгроӨнімдерінің» лимоны бұдан екі есе арзан болады», дейді кәсіпкер.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ