
− 50-ші жылдардың ішінде менің туған ауылымда құйындатқан қара дауыл соғып, ауылды есінен тандырған екен. Мен онда Бестау деген жерде мектепте оқитынмын. Бөлеген баласымен бірге бесікті, күбіні домалатып кетіпті, − деп әңгіме тиегін ағытқан Серікбай аға.
Құйынның күштілігі сондай, аламан-тасырдан ауылдағылар не болып, не қойғанын білмей қалса керек. Ол кезде қай ауылда да көбіне киіз үй, қос тігіп отыратын. Құйын киіз үйлерді жығып, нашарлау қостарды ұшырып, сүйретіп тастаған. Дауыл басылған соң, Бекболат деген кісінің үйіндегілер «бесік қайда?» деп бір-бірінен сұрайды ғой. Құйын көтеріп әудем жерге апарып тастаған бесікке жанұшыра жүгіріп барса, бала сап-сау, ішінде уілдеп ойнап жатыр дейді. Сол бала –Жетпісбай Бекболатұлы − қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі, профессор.
Осы әңгімені естісімен біз Алматыдағы Жетпісбай ағамызға хабарластық.
− Иә, біздің Шиліде құйындатқан қара дауыл 1956 жылы болыпты. Менің бір жас шамасындағы кезім екен, бесікке бөлеп тастаған ғой. Өзімнің Шәрипа әжем сол апаттан «періште қағып» аман қалғанымды айтып отыратын, – дейді Жетпісбай Бекболатұлы. Біз сол құйынды дауыл туралы білетіндерді одан әрі іздестірдік. Ол кезде ойынға тоймай жүретін балалардың өзі бүгінде жетпіс пен сексеннің арасындағы кісілер.
− Мен сыртта оқуда болатынмын. Сондай дауыл, құйын қыркүйек, қазан айының шамасында болғанын ауылдастардың айтқаны есімде. Бесіктегі інім Жетпісбайдың денесіне сызат түспей аман қалғаны да, күбідегі қымыздың төгілмегені де рас. Ол кезде Шилінің бөгетінен су жіберіп, шаруашылық далаға қауын, қарбыз егетін. Құйын оларды пәлегімен, тамырымен қосып жұлып әкеткен. Біздің үйдің шаңырағы да, уығы да мықты болатын. Әдетте дауыл, қатты жел басталып келе жатқанда үйді төрт жағынан қазық қағып байлап тастайтын. Бұл жолы бірден көтерілген дауыл сол мықты үйді де жығыпты ғой, − дейді бүгінде сексеннен асып отырған Кәрімжан Бекболатұлы ақсақал.
Жетпісбай Бекболатұлы баланың қандай апаттан да аман қалуын Торғайдың қасиетті жерінің, бабалар әруағының жебегенінен деп біледі.
− Осыдан оншақты жыл бұрын Шәрипа әжемнің Әділжан деген шөбересі 2-3 жасында ауыр көлік апатынан аман қалды. Бала көліктер бетпе-бет соғысқанда ұшып кетіп, тас жолға дін аман түскен, тіпті қолындағы шемішкесінің өзі төгілмепті. Торғайдың рухани ұстаздары сонау ықылым заманнан ұрпақты имандылыққа тәрбиелеген, менің Шәрипа әжем де солардың алдын көрген тақуа жан болатын. Менің өз басымды, үрім-бұтағын асыл аруағы әлі күнге желеп-жебеп келе жатқандай сезінемін, − дейді Жетпісбай аға.
Табиғаттың бізге ашылмаған тылсым сыры жетерлік.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ