«Жолда балалардың қауіпсіздігін сақтау» республикалық акциясының шеңберінде Қостанай қалалық жергілікті полициясы балаларға 500 дана шағылдыра жарқылдайтын салпыншақ әшекей таратты.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, жолдардағы көлік апатынан жүргінші балалар жиі зардап шегеді. Жыл басынан бері облыс елді мекендеріндегі жолдарда 12 баланы көлік қағып кеткен. Полицейлер балаларға таратқан әшекей салпыншақты олар кітаптарын салып, арқаларына асынып алатын рюкзагіне тағып алуына болады. Оны таратуға «Грин» Азаматтық альянсы мен облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының филиалы атсалысты.
«Жыл басынан бері балалардың қатысы бар 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның 12-де жүргінші балаларды көлік қаққан, одан 19 жасөспірім жарақат алды. 4 жол көлік апаты балалардың кінәсінен болған. Жаз айларында балалар бос болғандықтан, көшеде жиі жүреді, сондықтан ата-аналарға да үйде жол ережесін сақтауды айтып отыруды ескертіп келеміз», дейді жергілікті полиция басшысының орынбасары Құрмет Мәжікенов.
Полицейлердің айтуына қарағанда, жол апатына негізінен көшеде жүгіретін 7-12 жастағы балалар жиі ұшырап жатады. Өйткені бойы кішкентай болғандықтан жүргізушілер олардың жолға шыға келгенін байқамай, тежегішті уақытында басып үлгермей қалады.
Республикалық акция 1 маусымға дейін созылады.
Нәзира Жәрімбетова
«Егемен Қазақстан»