Хоккей • 12 Мамыр, 2017

Әсет Исекешев: Астана бірнеше күнге Еуразияның хоккей астанасына айналады

139 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Құрлықтық хоккей лигасы мен елордалық «Барыс» хоккей клубы арасында Астанада Хоккей жұлдыздарының аптасы 2018 шарасын өткізу туралы келісімге қол қойылды. Салтанатты рәсімге ҚХЛ президенті Дмитрий Чернышенко және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты.

Әсет Исекешев: Астана бірнеше күнге Еуразияның хоккей астанасына айналады

Қол қойылған меморандум Астанада 2018 жылғы қаңтардың 10-ынан 14-іне дейін Хоккей жұлдыздарының аптасын өткізуді қарастырады және оған бір форматта Әйелдердің Хоккей Лигасы Жұлдыздарының матчы, Ерлер хоккей Лигасының Үндеу Кубогы, ҚХЛ Жұлдыздарының матчы, соның ішінде Шеберлік-шоу кіреді. 

«Аталған меморандумның маңызы зор. Астанада Хоккей жұлдыздарының аптасын өткізу барлығымыз үшін қуанышты әрі құрметті оқиға. Лиганың үздік ойыншыларының өнері «Барыс» жанкүйерлері үшін ғана емес, Астананың барлық тұрғындары үшін ұмытылмас оқиға болатыны анық. Елорда бірнеше күнге Еуразияның хоккей астанасына айналады», деп мәлім етті қала басшысы.

Сондай-ақ, әкім Лига басшылығымен бірге елорда әкімдігі жарыстардың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі үшін шаралар қабылданатынын жеткізді. 

«Жалпы, біздің қаламызда спорт жақсы дамыған. Астананы денсаулығы мықты адамдардың қаласына айналдырмақпыз. Бұл жұмыстағы басты бағыттардың бірі - сау ұлт пен болашақ ұрпақтың кепілі ретінде бұқаралық спортты дамыту. Бүгінде елорда халқының төрттен бірі дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін Қаланы дамыту бағдарламасында жүйелі түрде спортпен шұғылданатын елорда тұрғындарының санын 30 пайызға жеткізу туралы тапсырма қойды», деді әкім. 

«Астана Хоккей жұлдыздарының аптасын өткізу орны ретінде кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Қазақстан астанасы инфрақұрылымы дамыған, ҚХЛ-дағы ең заманауи және жайлы ареналары бар қала. Қазақстан тұрғындарының хоккейді сүйетіндері баршаға белілі, жергілікті азаматтар ойынды жақсы түсінеді, сол себепті Хоккей жұлдыздарының аптасын қуанышпен қабылдайтынына сенімдіміз. Осыдан бір жыл бұрын Уфада өткендей, біз шараға дайындық және оны ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін айрықша келісімге отырдық. Астана-2018 шарасы жұлдызды шоу тарихындағы жарқын беттердің бірі болатынына сенім мол», деп мәлім етті ҚХЛ Президенті Дмитрий Чернышенко.

Астанаға Хоккей Жұлдыздарының аптасы 2018 шарасын өткізу құқығын беру туралы шешім Лигаға төрт үміткер қаладан түскен өтініштерді зерттеген соң қабылданған. Үміткерлер арасында Астанамен бірге Владивосток, Қазан және Хельсинки қалалары болған. ҚХЛ арнайы комиссиясы әр өтінішті мұқият қарап, талаптарға сәйкестігін тексеріп, жұмыс қорытындысы бойынша Астананы таңдады. Қазақстан елордасы хоккей маусымының бас шоуын өткізу құқығына ие болған тоғызыншы қала.