Аймақтар • 13 Мамыр, 2017

Оралда «QazChem» атты қазақ-иран-канадалық біріккен кәсіпорын құрылды

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысының әкімі өңір кәсіпкерлерімен бірге Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барған болатын. Кейін Орал қаласында «WestKazInvest 2016» форумы өтті. Міне, осынау іскерлік кездесулер нәтижесінде «QazChem» атты қазақ-иран-канадалық біріккен кәсіпорын құрылып, іске кірісті. Бұл туралы бүгін, 13 мамыр күні Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде өткен жиында хабарланды.

Оралда «QazChem» атты қазақ-иран-канадалық біріккен кәсіпорын құрылды

Жаңа кәсіпорын қазақстандық мұнай химиясы өнімдерін шығармақ. Бұл өнімдер мұнай-газ секторында қызмет етуші компаниялардың қажетін өтейтін болады.

Жаңа компания басшылығымен кездесуде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов 2017-2018 жылдары салынуы тиіс өндірістік құрылыс нысандарының жоспарымен танысты. Жаңа кәсіпорынға инвестиция тарту, алғашқы кезеңде білікті мамандарды шетелден алдырудың заңдылықтары пысықталды. Әріптестік байланыстың өзге де қырлары талқыға түсті.

Қазақстандық, ирандық мен канадалық кәсіпкерлер тарапынан біріккен кәсіпорынды құруға қажетті барлық құжаттарға қол қойылып, құрылыс нысандарының жұмысы басталып та кетті.

«QazChem» компаниясының басқарушы директоры Алиреза Сайед Хосейнидің айтуынша, жаңа кәсіпорында ең заманауи қондырғылар орнатылып, қоршаған ортаға залалсыз, экологиялық ластаусыз жұмыс істейтін болады.

Жақын күндері компанияның өндіріс алаңында мұнай реагенттерін синтездеп, тасымалдауға дайындайтын цех салынбақ.

Қазірдің өзінде су мен мұнай негізіндегі технологиялық ерітінділерді шығаратын блендинг цехының инжинирингі толық әзір. Резервуар паркі, сақтаушы қоймалар және химиялық зертхана жобасы дайын.

Компанияның Даму бойынша директоры Ғайса Жұмалиевтің айтуынша, жаңа зауыт таяу арада мұнай-газ компанияларын Қазақстанда өндірілген жоғары сапалы химия өнімдерімен қамтамасыз ететін болады. Батыс Қазақстан облысының географиялық жағынан ыңғайлы орналасуы өнімді тасымалдау шығынын едәуір азайтады. Компания таяу болашақта ЕАЭО елдерінің нарығына өнім шығаруды да жоспарлап отыр.

Қазбек Құттымұратұлы,

«Егемен Қазақстан»

Орал

Суретті түсірген автор