Аймақтар • 14 Мамыр, 2017

Елорда тұрғындарына бірқатар мамандық бойынша тегін қызмет көрсетілмек

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының менеджмент және бизнес колледжінің студенттері елорда тұрғындары мен қонақтарына бірқатар мамандық бойынша тегін қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорда тұрғындарына бірқатар мамандық бойынша тегін қызмет көрсетілмек

Мамыр айынан бастап, әр сенбі сайын сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін колледж студенттері мына бағыттар бойынша тегін қызмет көрсетеді: компьютерлік техникаға қызмет көрсету; балалар мейрамдарының барлық түрлерін өткізуге сценарийлер дайындау; шаштараз қызметтері; заң кеңесі; қаржыгерлер кеңесі; киімді қалпына келтіру; мәтінді ағылшын тіліне аудару; тағамдар калькуляциясын есептеу және аспаздық өнімдер; мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу бойынша ата-аналарға кеңес беру.

Менеджмент және бизнес колледжінің бас директорының орынбасары Татьяна Королёваның айтуынша, осылайша студенттер тәжірибе жинақтамақ.

«Осы шарадан кейін оларға жұмысқа орналасу оңай болады. Бізде оқу-өндірістік тәжірибе бар, мамандықтардың жартысы өндірісте дуальды білім алуда. Біз ойлап тапқан нысандардың бірі - халықпен жұмыс істеу практикасы», - дейді ол.

Бүгінде колледжде 1500-ге жуық студент оқиды, оның 720-сы - грант негізінде. Колледж студенттері балалар үйлері мен қарттар үйінде тұрақты түрде қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Астана қалалық білім басқармасының рейтингі нәтижелері бойынша колледж «Үздік сапа», «Алтын жүрек», «Жаңаша бастама», «Инновациялық серпін» номинацияларында жеңімпаз атанды.