Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді форумның табысты ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті В.Путинмен және Түрік Республикасының Президенті Р.Ердоғанмен әңгімелесіп, таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындыларын талқылады. Р.Ердоған Астана процесінің нәтижелеріне тоқтала келе, Сирия мәселелері жөніндегі диалогты Женевада жалғастыру үшін оның маңызды болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Беларусь Президенті А.Лукашенкомен және Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның Премьер-Министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен, Дүниежүзілік экономикалық форумның төрағасы К.Швабпен жүздесті.
Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен әңгімелесті. Әңгіме барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады.
Сондай-ақ, Испания Премьер-Министрі М.Рахой Қазақстан Президентімен әңгімелесу кезінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Испания Королінің қатысатынын растады.