Алақандай ауылдағы мектептің алатайдай бүлініп, аты әлеуметтік желі арқылы байтаққа тарап кеткенінен көпшілік хабардар болса керек. Директордың заңсыз әрекеті, мұғалімдердің жапа шегіп жатқаны жиі айтылған соң аймақтың оңтүстігінде жатқан ең шеткері ауылдардың бірі Бесарыққа арнайы бардық. Жаңақорған ауданына қарасты №247 мектептегі жағдайды көзбен көрейік, мәселенің анық-қанығын білейік, мән-жайына бойлайық дедік.
Алдымен Ақмарал Әбуованы іздедік. Ол бұған дейін мектеп директорының орынбасары болған. Әлеуметтік желіде осы кісінің қызметінен заңсыз қуылып жатқаны айтылған. Сөйтсек, біз барғанда мектептің ішінен құрылған «Келісім комиссиясының» жұмысы жүріп жатыпты. Бұл не қылған комиссия дерсіз? Аталған комиссия сот алдында өзара келісімге келуге, мәселені насырға шаптырмай бітімгершілікпен бітіру үшін мектеп ішінен арнайы құрылған екен. Құрамы 7 адамнан тұрады. Егер комиссия жұмысы оң нәтиже бермесе, онда іс сотқа жіберіледі. Ақмарал Әбуова болмағасын алдымен Темірхан Кенбаймен жолықтық. Бұл кісі де бұрын директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Жақында қызметінен кеткен адамдардың бірі екен.
– Талғат Өтеев 2013 жылы біздің мектепке директор болып келді,– деп бастады әңгімесін Кенбай мырза. – Содан бері тыныштықтан айырылдық. Келгеннен қызметті босат деген талап қойды. Не үшін екенін түсіндірмейді. Маған 2014 жылдың жаңа оқу жылы басталмастан, яғни 15 қыркүйек күні не «ескерту», не «сөгіс» жасамай, бірден «қатаң сөгіс» тағайындады. Арада үш ай өткенде тағы да «қатаң сөгіс» берді. Ең қызығы, 2015 жылдың 13 мамыр күні қыркүйекте берген қатаң сөгіс күшін жоймасын деп тағы бұйрық шығарды. Тіпті болмағанда, «желтоқсанда жасалған «қатаң сөгіс» күшінде қалсын» десе, миға қонағандай. Одан бір ай өтпей жатып «сөгіс» берді. Сосын 13 қазан күні «ескерту» жасады.
Бірінен соң бірін бір адамға осыншама әкімшілік шара жасалғаннан соң не ойларыңды да білмейді екенсің. Сонда да «осыншама шараға не негіз болды?» деп сұрадық. «Қатаң сөгістерді» оқушыларды ұлттық бірыңғай тестке дайындауда кемшіліктер жібердің деп жасады. Одан кейінгі «сөгісті» мектеп бітірушінің аттестаты бүлінгені үшін алдым. Оны мен толтырмасам да, «сөгісті» маған берді. Ең соңғы «қатаң сөгісті» осы 20 наурызда алдым. Онда оқушылар ұлттық біріңғай тесттің сынама сынақтарын тапсырған. Осы кезде үш оқушының тест сұрақтары бірдей болып шығыпты. Бұл іске сынып жетекшісі жауапты еді. Дегенмен дұрыс бақылау жасамағаным үшін «қатаң сөгіс» арқаладым. Ақыры қызметтен кетіп тындым»,– дейді Темірхан Кенбай.
Осы кезде директордан хабар келді. «Тілші маған келсін. Болмаса, мектептен кетсін» деп сәлемдеме жолдапты. Бұйрық райда жеткен сәлемдемені орындамасқа амалымыз жоқ еді. Өйткені қос тарапты тыңдау біздің міндет. Бардық. Талғат Өтеевтен де мектептегі ахуалды сұрадық. – Мен артық ештеңе істеп отырғаным жоқ. Заңға қайшы жұмыс жасамаймын. Қызметкерлерімнен өздерінің атқаратын функционалдық жұмыстарына жауапкершілікпен қарауын ғана сұраймын. Олар оны орындамайды. Жаза көрсең, үстіңнен арыз жазады. Бары осы ғана. Әйтпесе, қуғын-сүргін жасап жатқан ештеңем жоқ,– дейді директор.
Осы іспен танысуға барғанда жанымызға батқан, жүрекке салмақ салған бір жағдай болды. Талғат Өтеев алдымызға екі арыз тастады. Арыз иелері... 11-сыныптың оқушылары. Оқушылар жазған арызбен таныстық. Балауса Айдархан мен Гүлмарал Жанұзақ жазған арыз мектеп директорының орынбасарлары Темірхан Кенбай мен Ақмарал Әбуоваға бағытталған екен. Гүлмарал ұлттық бірыңғай тестілеудің сынама сынағына қатысып, барлық жауапқа 60 минуттың ішінде жауап беріп, ерте шығыпты. Оқушының айтуында, ұстаздары оған «неге ерте шығасың? Сенен кейін қалған оқушыларды тексеріп, олардан «шпор» тапты, осының бәріне сен кінәлісің» деген сыңайда ұрысқан, намысына тиетін сөздер айтқан. Осыдан соң қыздың басы ауырып, мазасы қашқан. Ал Балауса Ақмарал Әбуовадан болашақ мамандығы туралы кеңес алуға барғанда ұстазы оқушының ар-намысын қорлапты.
Осыдан соң А.Әбуовамен сөйлестік. «Келісім комиссиясынан» жылап шыққан мұғалім біразға дейін өз-өзіне келе алмай отырды. Ақмарал директордың орынбасары қыметін уақытша атқарған екен. Яғни, бала күтіміне байланысты демалыста отырған кісінің орнында жүрген. Ол да директорының қызметті босат дегенін айтады. Сонымен қатар, Әбуоваға да біраз әкімшілік жаза көрілген. Соңында ол да орнын босатқан. Балауса Айдарханның арызы туралы сұрадық. «Балауса менің айтқанымды дұрыс түсінбей қалыпты. Сосын ашумен директорға барған. Арыз жазған. Артынан түсіністік. Екеуміз бір-бірімізден кешірім сұрап, келісімге келдік. Тіпті, түсініспеушілік болғанын, директордан арызын қайтарып алып, мәселенің шешілгені туралы өзінің қолхаты да бар» деп қолымызға бір жапырақ қағаз ұстатты. Онда мұғалім мен оқушының арасындағы жағдай жан-жақты баяндалыпты.
Бұдан бөлек, мектепте математика пәнінің мұғалімі Раушан Усейіновамен, тарих пәнінің мұғалімі Замира Қожамұратовамен, денешықтыру пәнінің мұғалімдері Нұрхан Баржаубаев пен Бақытжан Абдуллаевпен сөйлестік. Олар Талғат Өтеевтің білікті басшы екенін, ол келгелі құжаттаманың бір ізге түсіп, көздері ашылғанын, өте талапшыл адам ретінде танығандарын айтты. Дәл қазір мектеп екіге жарылып тұр. Моралдік-психологиялық ахуал өте ауыр әрі күрделі. Қатты тартылған домбыраның шегіндей. Сәл нәрсе болса, күрт үзілмек. Оқу жылы болса аяқталып қалды. Жас ұрпақты біліммен байытып, тәрбие мен көркем мінезге үйрететін оқу ошағындағы ұстаздардың өзі екіге жарылып айтысып жатқан жерден қандай білім сұраймыз? Бірлігі жоқ, берекесінен айырылған мектепте тәрбие туралы не әңгіме болуы мүмкін? Оның үстіне мұғалімдер ырың-жырыңына оқушыларды араластырып, оларға да арыз жаздыртып жатқаны тіпті жанға батады. Дегенмен буыны қатпаған, санасы әлі жас оқушыларды мынадай айтыс-тартысқа араластыру дегеніңізден адам жиіркенеді екен. Бесарықтағы ұстаздар «соғыста барлық тәсіл тиімді» деген тәмсілге көшіп кеткендей. Бізде үкім айтатын, шешім шығаратын билік жоқ. Бірақ бармақтай жердегі берекесіздікке бір тыйым болуы керек. Ол соттың құзырындағы дүние. Сот демекші, Ақмарал Әбуова Талғат Өтеевті сотқа беріпті, Темірхан Кенбай да қазір құжаттарын дайындап жатқанын айтты.
Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.