Парламент • 15 Мамыр, 2017

Дәрі-дәрмек саласына реформа қажет

371 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Қазақстан Республикасында халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету және фармацевтика саласының жай-күйі мен дамуы» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Үкімет мүшелері мен депутаттар және сала мамандары бас қосқан жиында қоғамды дәрімен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланып, проблемаларды шешу жолдары кеңінен сөз болды.

Дәрі-дәрмек саласына реформа қажет

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева же­тек­­шілік еткен отырыста Денсау­лық сақтау министрі Елжан Бір­тановтың баяндауымен, тұрғын­дарды дәрімен қамтудың жағдайы мен перспективалары және фарма­цевтикалық саланың даму мәселелері қаралған еді. Ал одан бұ­рын бірлескен отырысқа қатысу­шылар қауымына арнайы құт­тықтау сөз сөйлеген Төраға Нұрлан Нығматулин Қазақстан­дағы фармацевтика саласында қол­дан жасалған кедергiлер көп екен­дігін ә дегенде алға тартты. «Сон­дықтан да дәрi-дәрмек баға­сын сапалы заң арқылы реттеуiмiз қажет», деп пікір білдірген палата басшысы 2001-2016 жылдар аралығында дәрi-дәрмек сатып алуға бөлiнетiн қаржы көлемi 165 млрд теңгеге жеткенiн атап өтті. 
«Бiрақ, осындай үлкен қаржы бөлiнiп жатқанымен фармацевтика саласындағы көптеген мәселе қордаланып қалып отыр. Мәселен, бүгiнгi таңда елiмiзде 100-ден астам фармацевтикалық өнiм өндiрушi кәсіпорын болса, осыған сәйкес, соңғы 10 жыл iшiнде өнiм көлемi 7 есеге артыпты. Алайда, бiз халықты қолжетiмдi дәрiлермен әлi де болса қамтамасыз ете алмай келеді екенбіз. Өзiмiз шығаратын дәрi жеткіліксіз болғандықтан, олардың орнын шетелден сатып алып толтырып отырған көрінеміз. Ал олардың бағасы 4-5 есе қымбат. Бұл жерде қолдан жасалған кедергiлер де аз емес секілді. Осының бәрін ескере келе, Елбасының биылғы Жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес, дәрi-дәрмек бағасын сапалы заң арқылы реттеуiмiз қажет», – дедi Мәжіліс Төрағасы.
Содан кейін сөз алған Ден­сау­лық сақтау министрі Е.Біртанов Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйе­сі алдында барлық дәрілік зат­тардың бағаларын заңды түрде реттеу бойынша тапсырма берге­ніне, сондай-ақ, 2016-2019 жыл­дарға арналған «Денсаулық» бағдар­ламасына сәйкес, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кезең-кезеңмен кеңейту әрі жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау қарастырылғанына тоқталды.
«Осы тұрғыдан, біз Австрия, Бельгия, Финляндия, Испания, Швеция, Дания, Италия, Грекия, Ир­ландия, Голландия, Норвегия сияқ­ты елдердің баға белгілеу жүйесін талдап, 4 негізгі жүйені нақ­тыладық. Әр елде бір пре­параттың бағасын салыстыруға негізделген сыртқы референттік баға белгілеу кең таралған жүйе болып табылады. Осының аясында басты мақсатымыз – дәрі-дәрмектің экономикалық қолжетімділігін арттыру мен олардың сапасын, қауіпсіздігін және тиімді қол­данылуын қамтамасыз ету, жос­парлау, сатып алу жүйесі, логистиканы жетілдіру мәселелері жүзеге асырылатын болады», – деді министр.
Оның түсіндіруінше, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сала­сындағы барлық проблемалы мәселелер 5 негізгі топқа бөлінген. Олар – дәрілердің қымбаттылығына байланысты экономикалық қол­же­тімділік; дәрілердің сапасы, нарықта контрабанданың және жасанды дәрілердің болуы; тиімді қолдану, фармацевтикалық компаниялардың дәрілерді этикаға жат әдістермен сатуы; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде оларды босату және сақтауға қатысты мемлекеттік жүйе, сондай-ақ, отандық өндірушіні қолдау болып кете береді.
Бірлескен отырыстағы негізгі баян­дамашы Е.Біртанов әр мақ­сатқа жеке-жеке тоқтай келе, министрлік дәрі өндірушілердің бағасын тіркеу жүйесін іске қосқанын да жеткізді. Бірақ, барлық дәрілік заттарға шекті баға белгілеу үшін қолданыстағы заңнамаға Денсаулық сақтау министрлігінің бағаны реттеу құзыретін белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізу талап ететіндігін, ол үшін министрлікке депутаттардың қолдауы керектігін айтты.
«Келешекте жұмыс істеп тұрған зертханалардың сапасын арттырып, өндірушіден пациентке дейін дәрілердің қозғалысын бақылайтын автоматтандырылған жүйе енгізіледі. Бүгінде дәрілердің айналымын және нарыққа контра­фактілік өнім түспеуін бақылау үшін Еуропа елдерінде өндірілетін өнімнің әрбір орауына 2Д коды жүйесін міндетті қондыру бойынша қарар қабылданды. Бұл жүйенің елімізде енгізілуі барлық дәрілік тауар айналымын есепке алуға және бақылауға зор мүмкіндіктер береді. Ал жүйенің жұмыс принципі – дәрілік заттың әрбір орауына бірегей код қондыру және Қазақстанға жеткізілген препараттардың реестрін жүргізу», – деді Е.Біртанов.
Сонымен қатар, ол отандық дәрі­лерді дамыту жолымен елі­міздің ұлттық қауіпсіздігін сақ­тау жайына басымдық берілгенін де айтып өтті. Үнемдеу арқылы бюджет ауыртпалығын (20%-дан кем емес) төмендету және логисти­ка мен жоспарлау үдерісін жетіл­діру, медициналық мекемелер мен тұрғындар үшін дәрілік заттарға экономикалық қолжетімділікті қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі мен көлемін (10%-дан кем емес) кеңейту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін әрі қарай жетілдіру қажеттігі жоспарланып жатқанын жеткізді. 
Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде кейбір ауруларға шал­дық­қан жеке азаматтардың (48 нозология бойынша) санаты тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі аясында рес­публикалық және жергілікті бюджет есебінен (420 атау бойынша) тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілген.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің өңірлік аспектісі» тақырыбында арнайы сөз сөйлеп, аймақтағы ахуалды ортаға салды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанда дәрi-дәрмек бағасы Ресеймен салыстырғанда екi есе қымбат көрінеді.
«Қазіргі кезде Ақтөбе облысында 300-ге жуық дәрiхана жұмыс істейді. Олар халықты 4 мыңға жуық дәрi түрiмен қамтамасыз етіп отыр. Ал қолданыстағы заңдарға сәйкес, жергiлiктi билiктiң қолында фармацевтика саласына қатысты ешқандай билiк, ешқандай басқару тетiгi жоқ», – дедi Б.Сапарбаев. 
Парламенттік тыңдау барысында аталған саланың мәселелері бүге-шігесіне дейін ашық айтылып, жан-жақты талқыланды. Олай дейтін себебіміз, алқалы жиынға тиісті ведомстволардың тікелей басшыларымен қатар, препарат өндіруші өндіріс орындарының өкілдері, тасымалдап-таратушы компаниялардың, дәріханалардың басшылары, дәрілік саясат саласындағы халықаралық сарапшылар қауымы да қатысқан болатын. Біршама уақытта созылған отырысты қорытындылаған палата Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева бірқатар ұсынымдар қабылдап, алдағы екі аптаның ішінде ел Үкіметіне жолдау қа­жет­тігін дауысқа салды. Қорытынды ұсыныс жиналғандар тарапынан қолдауға ие болды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар