Қазақстан • 15 Мамыр, 2017

«Ашық әңгімедегі» ауқымды мәселе

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Ашық әңгімедегі» ауқымды мәселе

Жеңіс даңқы көмескіленбейді


Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазіргі қазақстандық үшін  9 мамыр – Жеңіс күні аса қымбат мереке деп есептейді. Оның пікірін­ше, ел халқының 99 пайызы бұл күннің құнын жақсы біледі. 
«Баршамыз бұл мейрамды жақсы көреміз және құрметтейміз – бастысы да осы. Қалғанының бәрі, менің ойымша, саясаттың шаруасы. Басты идеология мынада: біз бұл мерекені елеусіз қал­дырмай, жыл сайын атап өтіп келеміз. Мемлекет басшысы жыл сайын «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қойып, ардагерлер­ді құттықтайды», деді министр «Хабар» телеарнасындағы «Откры­­тый диалог» жобасы шең­берінде сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ, Дәурен Абаев «Мәңгілік полк» шарасына қол­дау білдірді. «Мәңгілік полк маршына қатысты менің жеке ұстанымым – оны қолдаймын, өйт­кені бұл – адамдардың өз­дері­нің майданда қаза тапқан немесе Ұлы Отан соғысы кезінде әскери қызметте болған ата-баба­ларына деген естелігі. Ең бас­тысы осы. Сондықтан, бұл қадам­ды біздің қолдағанымыз жөн», деді ведомство басшысы. 

Қауіпсіздік – халық үшін  қажет шара


10 мамырда Астанада «Құқық тәртібі» деп аталатын жедел-тәжірибелік шара басталған бола­тын. Ол 30 мамырға дейін жал­ғасады. Аталған шара аясында құжаттарды күшейтілген режім­де тексеру жүргізіледі. 
«Астанада тұратын азамат­тар, заң бойынша, барлық ереже бойынша тұрақты тұратын жерін­де тіркелуі тиіс немесе уа­қыт­ша тіркеуде болуы керек. Бұл – қалыптасқан тәжірибе. Мені адамдардың осы мәселе алаңдататыны таңғалдырады. Астанада тұратын тәртіп бұзбай­тын азаматтарға, осында үй-жай­лары бар және жұмыс істей­тін адамдарға алаңдауға еш негіз жоқ», деп сендірді министр.
Дәрен Абаевтың сөзіне қарағанда, ЭКСПО-2017 қар­саңын­да және ол өтетін кезең­де қауіпсіздікті күшейту – аса қа­жетті үдеріс. Өйткені, біздің аза­маттарымыз бен көрме қонақтары аса ауқымды халықаралық шара уақытында деструктивті шабуыл­дарға ұшырамауға тиіс.
«Баршамыз ірі шаралар кезін­де «қол жылытқысы» келе­тін элементтер де өздерінің жы­мыс­қы іс-әрекетін күшейтуге тыры­­сатынын білеміз. Сондық­тан, мемлекеттің бірінші кезек­ті міндеті – Қазақстан азамат­тары мен шетелдіктердің қауіпсіз­дік­терін қамтамасыз ету», деді осы мәселеге орай айтқан сөзінде ведомство басшысы.

Интерактивті портал іске қосылады


«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы шеңберін­де интерактивті портал іске қосылуы мүмкін.
«Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы аясында жүргізіліп келе жатқан қоғамдық сананы жаң­ғырту бағытындағы жұмыстар уақыт өткен сайын күш ала түсіп отыр. Жобада көрсетілген мәсе­лелердің әрқайсысы бойынша жұмыс топтары құрылған.  Осы­ған байланысты күні ертең  біз де жұмыс тобының алғашқы оты­рысын өткіземіз. Мұнда назар аударатын басты мәселе: біз тізімге енгізілетіндер Қазақ­стан­ның шын мәнінде  жаңа тұлғалары болуы шарт деген ұйғарымға келдік.  Бұл арада біз  өзінің өмірінде қандай да бір табысқа жеткен адамдар туралы айтуға тиіспіз», деді министр. 
Дәурен Абаев жоба аясын­да еліміздің белгісіз тұлғалары таныстырылуы тиіс деп санайды. «Мәселен, біз күнделікті жұмыс істейтін құтқарушыларды, кәсіп­керлерді, шоу-бизнес адам­дарын, мұғалімдер мен оқыту­шы­­ларды көрсетуіміз керек. Жай ғана көрсетіп қоймай, олардың өмі­рін, жеткен жетістіктерін жария етуіміз қажет. Бұл жерде мәселе мынада: бізге жүз тарих жасай алатын, бізді бір нәрсеге үйрету қолдарынан келетін жүз адамның тізімін жасау міндет. Бұл үшін біз жұмысы қызықты болуы әбден ықтимал интерактивті портал құратын шығармыз», деді сөзінің соңында министр.