100 келіден астам салмақ дәрежесінде сынға түскен Ерғалиев түркиялық Фейяз Йазыджыдан басым түсті.
Ал 100 келіге дейінгі екінші дзюдошымыз Виктор Демьяненко қола медаль үшін белдесуде Араб Әмірліктерінің спортшысына есе жіберіп, бесінші орынға тұрақтады.
Сонымен қатар, 14 мамыр күні қазақстандық боксшылар жарыстардың келесі кезеңіне өтті. Сұлтанбек Зәуірбек (60) Улугбек Дусмурадовты (Өзбекстан) 5:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Сұлтанбек келесі айқасын 17 мамыр күні өткізеді. Илья Очкин (69) Абделкабир Белассекті (Марокко) 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Бұл кезеңде ол пәкістандық Аршад Хуссаинмен кездеседі. Сондай-ақ, ширек финалда Азат Махметов (52), Тұрсынбай Құлахмет (75) және Қуан Қуатов (64) жұдырықтасады.
Жексенбі күні Бакуге таеквондодан Қазақстан құрамасы келді. Оның құрамында Рио Олимпиадасына қатысқан Руслан Жапаров, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары Жансель Дениз және Айнұр Есбергенова бар.
15 мамыр күні қазақстандық боксшылар мен дзюдошылар жарыстарын жалғастыратын болады.
Айта кетейік, 12-22 мамыр аралығында Бакуде IV Ислам ынтымақтастық ойындары өтуде. Бұған 54 елден барлығы 3500 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан атынан бес бағыт бойынша 32 спортшы сынға түсті.