БҰҰ мәліметі бойынша, «қоғамдық орындарда әйелдерге тиіскен жағдайға куә болғандардың 25 пайызы ешқандай әрекет жасамаған». БҰҰ ақпаратына қарағанда, Қазақстанда біраз әйел жұмыссыз көрінеді. Есесіне денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жалдамалы жұмыстың 70 пайызын әйелдер атқарады екен.
Осыған орай еліміздің Бас прокуратурасы мен Семей қаласының әкімдігі «Балаларды бірге қорғайық!» деп аталатын үш күндік акция өткізді. Семей Астанадан кейінгі осындай акция өткізілген екінші қала ретінде тіркелді. Үш күн бойы қалада әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін кеңейтілген шаралар атқарылды. Бас прокуратура мен әкімдіктің бастамасына қолдау көрсету үшін «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының төрайымы Дина Смайылова келді.
Осы күндері қала пркуратурасының қызметкерлері қоғамдық ұйымның мүшелерімен бірлесіп, колледж студенттері мен және жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, әйел адамға, қыз балаға қол көтеруге болмайтындығын, оларға зорлық жасап, қоқан-лоқы көрсету дұрыс еместігін айтып түсіндірді.
– Соңғы жартыжылдықта мен барлық сала бойынша сексуалды зорлауға байланысты қоғамның пікірін өзгертуге тырыстым, − дейді психологтармен кездесу барысында Дина Смайылова. Өйткені, менде көптеген мәліметтер бар. Маған зорланғандар хат жазды. Хат жазушылардың 70 пайызы кішкентай қыздар мен ұлдар болып шыққаны қандай өкінішті?! Олар, ең алдымен, өз отбасында қорланады. Балаларды өгей әкелері, ағалары, туыстары зорлаған. Және баласының зорланғанын білсе де, аналары қорғаудың орнына, менің балам бұзылып кетті деп, олардан сырт айналған сәттер де болған. Бұл жерде бала кінәлі емес!
Семей әкімдігінде өткен шарада Алматы облысының Есік қаласында зорланған қыз бала келіп қатысып, өз жағдайын мінберге шығып, ашық баяндады. Жақында зорлық көрсеткен 4 жігітке 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығыпты. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Жиын барысында осы үкімнің орындалуы жайлы бейнебаян да көрсетілді. Онда баяндалғандай, жігіттер тіпті, өздерінің сотталатындарына, өз істеріне жауап беретіндіктеріне еш сенбеген.
– Бұл бүкіл Қазақстан үшін жеңіс болды, − дейді Дина Смайылова. Зорланған әйелдердің тек 8-10 пайызы ғана полицияға шағымдануға тырысады екен. Қалғандары ұялып, бұл мәселені көтергісі келмейтін көрінеді. Ұялудың қажеті жоқ. Тіпті, полицияға шағымданған соң, оларға кінәлі тарап қоқан-лоқы жасап, сотқа жеткізбей арыздарын қайтартуға тырысады. Ал қылмыскерді жауапқа тартып, соңғы нүктесін қойғызу үшін батылдық пен ержүректік керек. Өкінішке қарай, қылмыс жасағандардың 70 пайызы жауапкершіліктен құтылып, тағы да біреулерге тиісудің амалын қарастырады, лас істерін әрі қарай жалғастыруға ұмтылады.
Мінберге шыққан тағы бір қыз бала өзін такси жүргізушісінің қалай зорлағаны туралы айтып өтті. Ол үйіне қайту үшін кешке жақын такси тоқтатады. Бірақ зорлыққа ұшырайды. Қарсыласайын десе, такси жүргізушісі «біржола өлтіремін» деп қорқытыпты.
Шараға қатысушы Семей қаласының прокуроры Марат Тұрұбаев былтыр Семейде орын алған келеңсіз оқиға туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, жетім балалар интернатында тәрбиеленіп жатқан ұл бала зорланған. Ұзақ уақытқа дейін бұл жағдайды жасырып келгендіктен, қылмысты әшкерелеу оңайға соқпапты. Тіпті, қылмыскер арам ойын бірнеше рет жүзеге асырған.
– Мен осы қиын шаруаны түбегейлі қарап, зерттеп шықтым, − дейді прокурор. Балалар үйі мен интернаттағы жағдайлар да психологтардың назарында болуы тиіс. Өйткені, балалар үйде емес, мекемеде тұрып жатқандықтан, ешкімге сеніп айта алмайды. Сондықтан да, біз осы проблемаға қоғамның назарын аударып, осындай жаман әрекеттерден аулақ болуға шақыруымыз керек.
Қала әкімі Ермак Сәлімов осындай шаралар мен жиындарды жиі өткізу қажеттігін көлденең тартты. Және Қазақстан қоғамында болып жатқан оқиғалар бүкпесіз, ашық айтылуы тиіс екенін атап көрсетті.
– Біз бүгін сексуалды құрбандар туралы айттық,− деді қала әкімі. Бірақ үйде әйелдерін ұратын еркектер қаншама?! Оларға да көмек қолын созуымыз керек. Мен болашақта Семейдегі жәбір көрушілерге арналған дағдарыс орталығын ашуға қаражат табамыз деп ойлаймын. Онда дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар толық жұмыс кестесімен жұмыс істейтін болуы керек. Отбасында қорлық көрген балалар мен әйелдерді қорғау біздің парызымыз.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ