Театр • 15 Мамыр, 2017

«Тасбақа үміт» атты спектакль Ресейде сахналанады

531 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Жастар театрында режиссер Дәурен Серғазиннің «Тасбақа үміт» атты психологиялық драмасы сахналанды. Орыс драматургі Николай Коляда шығармасының желісімен жазылған бұл туынды, қазіргі қоғамдағы өзекті проблеманы көтерген. Үміт желкенін арқалап, баладан бақыт тапсақ деген ізгі ниет жолындағы отбасылық шырғалаң, яғни, өмір баспалдағындағы қилы қиындықтар суреттеледі.

«Тасбақа үміт» атты спектакль Ресейде сахналанады

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда бақытқа жетудің бағасын бағалауға ұмтылғандар, біз қайтсек те сол жолды табамыз деп талпынады. Оған жетудің қарапайым ғана қағидасы не дегенге келгенде, оның алтын арқауы түсіністік пен сыйластық екенін ұғады. Бірақ ақ пен қара айқасқан мына өмірде жақсылық атаулыға қол жеткізу үшін небір кедергілерді  жарып шығатынына, олардың сенімі мол болатын. Бұл талпыныста адамдардың ниеті мен пейілі түзелсе, үкілеген үміт үзілмейді. Арман аласармайды, қайта биіктеп отбасына бақыт құсы ұя салатына қойылымды көріп отырғанда көз  жеткізесің. Дегенмен, спектакльдегі оқиғалардың дамуы оған бірден қол жеткізе алмайтыныңды аңғартады. Тек адамның бойындағы рухтың мықтылығы, келер күнге деген сенімнің шексіздігі, бір сөзбен айтқанда адам өзі барлық іске шыдаммен келіп, алға қойған мақсатқа жетем деген ой санаңдағы қажыр қайратты жоғалтпай алға жетелесең ғана бәрі болатынына көрерменді иландыра алады.

«Бұл қойылымдағы оқиғалар, кейіпкерлер тағдыры қарапайым болғанымен, қарабайыр еместігін еске сала кеткеніміз ләзім. Соны төгілдіре жазып, қоғамда болып жатқан өзекті тақырыпты қозғаудың өзі, сол арқылы жұртқа ой салу басты бағыт еді. Жасыратыны жоқ, қазір үйленуді оңай көріп, үй болып қалудың қиын екенін терең ойламаған кейбір жастар өздері қалап алған жарларымен алғашында әдемі шаңырақ көтеріп, артынан ажырасып жатады. Бұл қай қайсымызды да ойландырып келеді. Міне, осы мәселе моно спектакльдің негізгі арқауын құрап отыр. Негізгі идеясы – жастарға ой салу, ойландыру. Бүгін сен жассың, жас отаудың иесісің, ертең ата анасың, ұрпақ өсіруің, елге қызмет етуге тиістісің, уақыт тез өтеді ендеше келешегіңнің кемел болуына талпын дегенді алға тартады. Мен осы жерде мына бір жақсы жұмыс туралы айта кетсем деймін. Ол нақтылай түссем, алдағы маусымның 20-30 аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында алда айтқан моно спектакльдің авторы Николай Коляданың тікелей ұйымдастыруымен «Коляда-Plays» деген фестиваль өтеді. Оған алыс жақын елдердің 30-ға жуық театры қатысып, өздерінің өнерлерін жұрт талқысына салады. Біз де осы өнер бәйгесіне ат салысу ниетінде «Тасбақа үмітін» үкілеп қосқалы отырмыз»,   дейді қойылымның режиссері, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, актер Дәурен Серғазин.

Айта кетерлігі, бұл психологиялық драманы қазақ тіліне аударған Н.Сауданбекұлы болса, басты рөлдерді сахнаға шығарғандар, яғни   Үмітті − Бейбіт Құсанбаев, Арманды − Дәурен Серғазин, Бақытты − Мәдина Май сөзі мен бояуын, киім үлгілерін келістіре отырып жұртшылыққа ұсынды. Тағы бір еске сала кететін атаулы іс – басты кейіпкерлердің атын қазақтың ардақты ұғымдарына сәйкестендіріп алуы дер едік.

Айман МҰҚЫШЕВА,
«Егемен Қазақстан»