Қазақстан • 15 Мамыр, 2017

Солтүстік Қазақстанда ғалым Зарқын Тайшыбайдың 75 жылдығына арналған конференция өтті

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан Республикасында журналист кадрларын даярлаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп,  Республиканың еңбек сіңірген қайраткері, журналист-публицист, осы оқу орнының профессоры Зарқын Тайшыбайдың 75 жылдығына арналды.

Солтүстік Қазақстанда ғалым Зарқын Тайшыбайдың 75 жылдығына арналған конференция өтті

Алқалы жиынды университет ректоры Серік Өмірбаев кіріспе сөзбен ашып, елімізбен қатар Қытайдан, Ресейден, Қырғызстаннан журналистиканың өзекті проблемаларын қозғайтын баяндамалардың келіп түскенін жеткізді.

Белгілі ғалым Зарқын Сыздықұлы жиырмаға жуық оқулықтар мен монографиялардың авторы. Абылай ханға, Абайға, Мағжанға, Қызылжар өлкесіне қатысты сүбелі еңбектері деректер мен  мағлұматтарға бай. Ол негізін қалаған жергілікті журналистика бөлімінен 100-ге тарта журналистер мен магистрлер қанаттанып ұшты. Журналистика кафедрасының құрылуына ұйытқы болды.

Алқалы басқосуда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің,  Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың, Парламент Мәжілісі депутаттарының  құттықтау хаттары оқылды.

Қарағанды облысының делегациясын бастап келген  облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы  Мағауия Сембай жерлестері атынан шапан жауып, арғымақ мінгізді. Алматы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Қостанай облыстарынан келген өкілдер де үлкен құрмет көрсетті.

Пленарлық мәжілісте баяндамалар оқылып, жан-жақты ой-пікірлер айтылды.

«Атадан асыл аманат» және «Бабадан қалған байтағым» екі томдық жинақтарының тұсаукесері өтті.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»