«Бүгінгі таңда екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнап, достық байланысымыздың нығаюуына 25 толып отырған мерейлі сәтте Астана төрінде Иштван Қоңырды еске алып, оның құнды еңбектерінің тұсаукесер рәсімінің өтеуі елеулі оқиға. Осындағы мемлекет аралық тарихи байланыстың дәнекері болған көрнекті қайраткер Иштван Мандокидың кітаптары мен қолжазбаларының 2014 жылы атажұртқа әкелінуі және Алматыдағы №154 мектепке қайраткер ғалымның есімінің берілуі, бұл адамның ұлы дала руханияты үшін қаншалықты маңызды тұлға болғандығының айғағы» деді жиынды ашып сөз алған Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мырза.
Расында Иштван Қоңыр – түрік-қыпшақ дүниесінің бүтіндігі үшін түн ұйқысын бөліп, түнек ғасырдың қойнауына сіңіп кеткен қыпшақтың тілі мен ділін түгендеу жолында тер төккен ғалым. Әкесі де ел басқарған текті тұқымнан екен. Ол ұлы Иштванға «Сен арғымағы ауыздығымен алысқан ұлы дала ұланысың, тегеуіріні тас жаратын қия шыңның қыранысың, ер жеткенде ежелгі жерге барарсың, менің мазарыма бір уыс топырақ әкеп саларсың» деп өлмес өсиет айтқан екен. «Осы әке өсиетін орындағанын көзім көрді», - дейді тарихшы-ғалым Болат Көмеков. Иштван Қоңыр 1977 жылы алғаш рет Алматыға келгенде «әкемнің өсиеті еді» деп еліне бір уыс топырақ алып қайтқан екен.
1992 жылы дүниеден өткен ғалымға топырақ қазақ жерінен бұйырды. Өз өсиеті бойынша ол Кеңсай зиратына жерленді. Мыңнан таңдап алған жан-жары қазақ қызы Оңайша апамыз қазір жұбайының артында қалған мол мұраларын көздің қарашығындай сақтап отыр.
Жиын барысында түрколог-ғалымды еске алумен қатар оның ағылшын тілінде жарық көрген «Newcomers from the East» («Шығыстан қоныстанушылар») атты мақалалар жинағының тұсауы кесілді. Бұндай игі шараға мұрындық болған Халықаралық Түркі академиясы. Жинақтың жарық көруіне ат салысқандар ғалымның шәкірті, жас түрколог Давид Шомфай Қара мен венгрлік профессор Адам Мольнар.
Ағылшын тілінде жарық көрген аталыш еңбектің маңызы жайлы Венгрияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, доктор Андраш Барани мырза бұл туында мәдениеттерді жалғастырушы алтын көріп десе, жас ғалым Давид Шомфей Қара мырза ардақты ұстазы жайлы: «1999 жылы 20 жасымда Иштван ұстаздың етегінен ұстадым, екі жыл қасында жүріп көп дүние үйрендім. Қолдарыңыздағы кітапта – ғалымның өзекті мақалалары топтастырылған және қуман-қыпшақтың тілдік ерекшеліктеріне байланысты өте құнды мәліметтер бар. Біз ғалым мұрасын ағылшын тіліне аудару арқылы әлемге таныстыруды мақсат еттік. Болашақта ұстазым салып кеткен сара жолдың мирасқоры ретінде еңбек ете беретін боламын» деді.
Сонымен қатар жиын соңында Иштван Қоңыр жайлы 2013 жылы «Қыпшақ шырақшысы» деген атпен түсірілген 50 минуттық деректі фильмнің көрсетілімі болды. Фильмде ғалымның туған өлкесі мен өмір жолы, ғылым жолындағы жанкештілігі, сонау Кеңес заманындағы саяси көзқарастың салдарынан туындаған кедергілер... осының бәріне мойымай, қажырлық танытып, алға қойған мақсаты үшін шынайы күрескерлік көрсете білген кейіпкердің табанды тұлғасы бейнеленген. Әсіресе кино кейіпкері туралы қазақстандық ғалымдардың елжірете сөйлеген жүрекжарды лебіздері еріксіз көңіл толқытады.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»