16 Мамыр, 2017

Пәтер проблемасын кім шешеді?..

448 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қалалық тұрғындар күнделікті өмір­де мынадай жағдайды бастан өт­керіп жүр: ыстық судың шүмегін бұрасаңыз, ал­дымен бір-екі литр салқын су, содан соң барып ыстық су ағады... Босқа аққан есіл тіршілік нәрінің құнын ыстық су­дың бағасы бойынша шытырлатып тұ­рып қалтаңыздан төлейсіз. Күніне бір пәтердің өзінен жүздеген литр су осы­лайша рәсуа болып жатқан жоқ па? Обал-ай.

Пәтер проблемасын кім шешеді?..

Осы жағдайды айтып пәтер ие­­лері кооперативіне хабарлассаңыз, су басқармасына немесе жылу-электр ор­­талықтарына сілтейді. Дәрменсіз. Бұл мәселені шешуге шама-шарқы жоқ. Онсыз да жұқарған жүйкеңді тозды­рып, амал жоқ, телефон тұтқасын алып ти­іс­­ті орындарға бір емес, бірнеше рет қо­­­ңырау соғуыңа тура келеді. Одан нә­ти­­же шықса жақсы-ау, шаршап-шал­ды­­ғып, күдеріңді үзіп, қолыңды бір-ақ сіл­тейтін сәттер де болады.

Жасырып керегі не, күнделікті өмірде көріп жүрміз, көп қабатты үйлердің тұрғындары балалары есіктен енгенше байыз таппай, алаңдап-елеңдеп отырады. Алаңдауға негіз бар. Өйткені, көп үйлерде лифт ескі. Кез келген сәтте істен шығып, жарты жолда тоқтап қалуы мүмкін. Лифтінің ішінде екі-үш сағаттап қамалып қалғандар да бар. Тіпті, лифтердің дұрыс жұ­мыс істемеуі салдарынан тұрғындар ме­рт болған жағдайлар да кездесті. Мұның бә­рі адамның жүйке жүйесіне әсер ететіні анық. Ата-аналар да балаларының жазым бо­лып қалмағанын ойлайды. Есік-терезеден қай­та-қайта қарап, алаңдап, елеңдеп отыра­тыны сол. Бұл – Қазақстанның көптеген қа­ла­ларындағы көп қабатты үйлердің тұр­ғындары күн сайын бастан өткеріп отырған жағдай. Осыны айтып пәтер иелері кооперативіне хабарлассаңыз, өздеріне шаң жуытпайды, лифт шаруашылығына ха­барласуға «кеңес береді». 

Біздің ойымызша, көп қабатты тұр­­ғын үйлердің осындай сансыз мә­се­ле­ле­рімен ПИК айналысуы тиіс. Өйт­ке­ні, тұр­ғындардың көбі жұмысбасты. Тау­сыл­­майтын коммуналдық мәселе­лер­мен шұғылдануға уақыты жоқ. Бұл пә­тер иелері кооперативтерінің күн сайын ти­я­­нақты жүргізетін әрі қадағалайтын жұ­мы­сы болуы керек деп ойлаймыз. Әлде олар тұрғындар тарапынан жиналатын қар­жыны ғана қадағалап, шөп басын сындыр­май отыра беруі керек пе? 

Осы тақырыпты журналистік зерттеу барысында мынадай бір жағдайға тап болдым. Бірнеше жұмыс беруші агенттіктердің сайттарын бір емес, бірнеше мәрте қара­дым, ешқайсысынан «ПИК төрағасы керек» дегенді кездестірмедім. «Басқарушы директор керек», «Коммерциялық директор қажет»... Мұнан басқа да лауазымды қызметтерге мамандарды шақырғанын байқадым, ал ПИК төрағасы қызметіне шақырып жатқан ешкім жоқ. Неге? Себебі, ПИК төрағасы деген ең бір жанға жай­лы жұмыс болып шықты. Өзі би, өзі қо­жа. Барлық ПИК төрағалары осындай де­геннен аулақпын, әрине. Бірақ, көбі кооперативтің жұмысын өз қалауынша жүр­гізеді. Олардан кооперативтің есеп-қи­сабы, кіріс-шығысы туралы ақпарат алу мүмкін емес. Керек десеңіз, көптеген кооперативте төраға мен бас бухгалтердің қанша айлық алатынының өзі құпия. Аз айлық алмайтыны аян. Айлығы шайлығына жетпей отырса, орнын оп-оңай босатып бере салар еді-ау. Бір ғана мысал. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің сайтына ПИК жұмысына қатысты түскен арыз-шағымдардың 70 пайызы пәтер иелері кооперативтерінде қаржылық ашықтықтың жоқтығына байланысты болған. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек.

Жұмысты жүргізе алмай отырған төрағаларды орнын ысыру үшін ақ тер, көк тер болуға тура келетініне сенімдімін. Өйткені, олардың «өліспей-беріспейтіні» анық. Төрағалық орын майшелпек болғ­ан­­дықтан босатқысы келмейді. Оны ор­ны­нан алу үшін тұрғындарды жинап, жаңа сайлау өткізу керек. Бұл да әуре-сарсаңы көп жұмыс. Тіпті, тұрғындар жа­ңа төраға сайлаған күннің өзінде «ескі» тө­рағалардың орнын босатпай, сотқа жү­гініп, дау-дамайға ұласып жатқан жағ­дай­­лар кейбір қалаларда кездесіп отыр. 

Жалпы, қай қалада болсын пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жақсарту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екені анық. Негізі ПИК-тердің жұ­мы­сын реттейтін тиісті заңнамалық құ­жа­т­тар бар. Соған сәйкес, жергілікті ат­қарушы би­­ліктің «құлашын кең сермеу­ге» мүм­кін­­дігі жоқ. Заңнама бойынша қор­да­ла­н­ған мәселелерді шешу – тұр­ғын­дар­дың өз­дерінің құзырында. Бірақ, соған қа­ра­мас­тан, Астана қаласының әкімдігі ПИК-тер­дің жұмысын жақсартуды мықтап қолға алып отыр. Қазірдің өзінде Астана қаласында 419 ПИК тіркелген екен. Бұл кооперативтер 2,5 мыңға жуық көп қабатты үйлердің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта ПИК қатары тағы да артатыны анық. Өйткені, жаңадан салынып жат­қан тұрғын үйлер көп. Сондықтан, Астанада коммуналдық мәселелер көбей­ме­се азаймайтыны сөзсіз. Осыны ескерген болуы керек, Астана қаласының әкім­ді­гі елорданы дамытудың 2020 жылға дей­ін­гі дамыту бағдарламасы аясында «Элек­трон­ды пәтер иелері кооперативін» қолға алып отыр. Мұның артықшылығы неде? Біріншіден, ПИК-тердің жұмысына байланысты барлық ақпарат қолжетімді болады. ПИК пен тұрғындар арасында тікелей байланыс портал арқылы жүзеге асады. Тіпті керек десеңіз, тұрғын үй және коммуналдық мәселелерге, ПИК-тердің жұ­мысына байланысты қанша арыз-шағым түс­ті, оның орындалуы қалай, осының бә­рін әкімдіктің тиісті құрылымдары қа­да­ғалап, сараптама жасай алады.

Ғалым Омархан,
«Егемен Қазақстан»