Осындай алқалы жиындардың бірі жуырда Қытайда «Белдеу және жол» тақырыбымен ұйымдастырылып, оған Елбасымыз қатысқаны мәлім. Мемлекет басшысы форумда сөз сөйлеп, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын жария етті. Сондай-ақ, форум аясында бірқатар жоғары деңгейлі кездесулер өткізді. Біз Елбасының осы сапарын қорытындылай отырып, «Белдеу және жол» форумының Қазақстан үшін мән-маңызына тоқталғанды жөн көрдік.
Бейжіңде өткен «Белдеу және жол» форумына 29 мемлекеттің басшысы және БҰҰ бастаған беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері шақырылды. Бұл өз кезегінде форумның халықаралық беделінің зор екенін анық аңғартты.
Жалпы, аталған форумда талқыланған мәселелер Қазақстан үшін аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы арада ерекше атап өтер жайт, Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асыруда Қытайдың Еуразия кеңістігіндегі сенімді әріптесі болып табылады.
Қытай билігі «Бір белдеу – бір жол» бастамасы ешқандай да жеке-дара жоба еместігін ашық айтуда. Қытай бұл бағдарлама арқылы Батысқа жол салуды көздейді. Сондай-ақ, бұл ел Орталық Азиямен ынтымақтастығын «Бір белдеу – бір жол» бастамаларымен байланыстырады. «Бір белдеу – бір жол» жобасының басты міндеттері қазіргі кезде ҚХР-дың Орталық Азияға арналған стратегиясында іске асырылып жатқаны белгілі. Қытай экспортына көптеген жолдар ашылып отырғанына қарамастан, Орталық Азия дәлізі жоспарлы түрде дами бермек. Бұл жайт Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері Қытай бастамасын жүзеге асырудың басым бағыты болып қала беретінін ұқтырады.
Қазақстанның бұл бағдарламаға қатысумен ғана шектелмей, Қытай мен Еуропа арасындағы заманауи көлік дәлізін жаңғырту ісінде басты ойыншыға айналып, негізгі белдеу болу ұстанымын жүзеге асыруға кірісуі маңызды. Қытай тарапы Қазақстанды қазіргі таңда «Жібек жолы» бастамасын жүзеге асыру барысында маңызды рөлге ие мемлекет деп есептейді. Өйткені, инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру ісінде Қытай Қазақстанға иек артуға мүдделі.
Қазақстан − Батыс пен Шығыс арасындағы өзара ықпалдастық байланыстарды біріктіретін маңызды көпір. Осы арқылы біздің еліміз өз мүддесін көздейтіні белгілі.
Жалпы, 29 мемлекеттің басшысы және БҰҰ бастаған беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысқан аталған саммит барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев сөз сөйлеп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін, оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд адам тұратын елдерге пайда әкелетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жиында «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыру бойынша бірқатар нақты ұсыныстарын мәлім етті. «Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция», деді Қазақстан Президенті.
Жалпы, форумда қозғалған мәселелер талай-талай талқылауларға арқау болатыны сөзсіз. Дегенмен, осы орайда айтулы жиынның мән-маңызы, оның еліміздің сауда-экономикалық байланыстарына тигізер әсері жөнінде отандық сарапшылардың ой-пікірлеріне де назар аударғанымыз жөн. Сондықтан, бүгін біз қазақстандық бірқатар сарапшылардың Бейжіңде өткен «Белдеу және жол» форумына қатысты пікірлерін ұсынып отырмыз.
Руслан ІЗІМОВ, саясаттанушы
Дамудың жаңаша бағдарын меңзеген қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысты болжам айтқан мамандар қателеспеген екен. Өйткені, Бейжің форумының алғашқы қорытындылары мен шара аясында қол қойылған кең көлемдегі миллиард долларлық келісімшарттар (нақтылай түскенде, осыншама қытай юаны) мен мыңдаған әріптестік уағдаластықтар сөзімізге дәлел.
Осы ретте, Еуропаға жол тартқан жобаға қатысушы елдер өз телімдерін іске қосуды ұсынуымен оның өзектілігін арттырды. Осы тұрғыдан алғанда, Қытайдың Қазақстан мен Өзбекстан, Қырғызстан арасындағы өзара әріптестік келісімшартына қол қоюы жіті назар аударуға тұрарлық.
Сонымен қатар, көп жағдайда Қытай тарапынан жобаға қатысушылар ішінен Қазақстан өздеріне маңызды серіктес екендігі жиі қайталанды. Мәселен, форумның бірінші күнінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Қытай көшбасшысы өз сөзінде «Нұрлы жол» бағдарламасының тиімділігін тілге тиек етіп, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) көтерген халықаралық бастамалардың өзектілігін де назардан тыс қалдырмады.
«Қазақстан инфрақұрылымдық құрылысты дамыту мен ынталандыру ісінде және трансшекаралық көлік-логистикалық жүйені қалыптастыру мәселесіне белсенді қатысып, оған мұқият көңіл бөліп келеді», – деді Қытай көшбасшысы. Ал өз кезегінде Президент Н.Назарбаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруға байланысты халықаралық форум қатысушыларына бес нақты қадамға негізделген ұсынысын білдірді.
Оның біріншісі – транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану үшін әрі тауар ағынын бәсеңдетпеу мақсатында ең алдымен Қазақстан осы күндері іске асырып жатқан әкімшілік кедергілерді жою мен жол бойындағы сервистік қызметті көтеру қажет.
Екіншісі – Жібек жолы бойындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытудың маңыздылығын арттыру.
Үшіншісі – инновация мен ғылыми-техникалық даму бағытында терең әріптестік орнату мүмкіндіктерін қалт жібермеу.
Төртіншісі – көлік тасымалының күретамыры болуы мүмкін құрлықішілік су ресурстарын басқару мен шекаралық өзендерді тиімді пайдалану маңыздылығы.
Бесіншісі – «Бір белдеу – бір жол» идеясын дамытудың басты шартының бірі – жобаға қатысушы тараптардың өзара сенімділігі мен жан-жақты әріптестікке тең құқықтық деңгейдегі дайындығының мәні зор. Осы жағдайлар басымдыққа алынған кезде ғана ұйымдастырылып жатқан бүгінгі форум келешекте өз жалғасын таппақ. Ал бұл процесте АӨСШК жақсы көмекші бола алуы мүмкіндігі мәлімделді.
Ерекше ескерте кетерлік тағы бір жайт, жиын соңында әлемнің әр шалғайынан келген мемлекеттер басшылары мен үкімет жетекшілері «Белдеу және жол» халықаралық экономикалық форумының алғашқы қорытынды коммюникесін (мәлімдеме) қабылдады. Бұл құжатта тең құқықтық кеңес беру мен өзара тиімділік, үйлесімділік пен төзімділік, нарықтық механизм мен теңестірілген тұрақтылық сынды бес құндылық нақты атап көрсетілді.
Коммюнике шартына сәйкес, форум мүшелері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қаһары мен оның принциптеріне құрметпен қарауға, ішкі заңнамалық талаптар нормасын сақтай отырып, серіктес-мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмеуге және консультация мен келіссөздер арқылы әріптестік аясындағы жоспарларды жүзеге асыруға міндеттеледі.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы
Қытай астанасы Бейжіңде ұйымдастырылған «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтастық форумы – соңғы жылдардағы аймақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі ірі ауқымды жобалардың бірі саналады.
Ол жоба «Жібек жолының экономикалық белдеуі» деп те аталып жүр. Оны алғаш рет 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин ұсынған болатын. Негізгі мақсаты – Қытайдан Еуразия арқылы Еуропаға шығатын инфрақұрылым салып, екі экономикалық ортаны бір-біріне қосу. Бұл бастама көтерілгеннен кейін соңғы 3-4 жылда осы жобаға көптеген мемлекеттер қызығушылық таныта бастады. Тіпті, Қытайда өткен осы басқосуға 29 мемлекеттің басшылары жиналған екен. Мұның өзі мемлекеттер қызығушылығының қаншалықты екенін көрсетеді. Екіншіден, Қытайдың уақыт өткен сайын артып келе жатқан экономикалық әлеуетін мойындау екенін көрсетеді. Осыдан-ақ бұл жобаның қаншалықты ауқымды, болашағы зор екендігін көруге болады.
Әлбетте, біздің ел үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Себебі, Қазақстанның әлеуеті оның тек мол табиғи байлықтарымен, кеніштерімен ғана шектеліп қалмайды. Біздің ұтымды тұсымыздың бірі – геосаяси жағдайымыз, Еуропа мен Азияның қақ ортасындағы географиялық орнымызда. Еуразияның қақ ортасында. Сондықтан бізге темір жол бола ма, тас жол бола ма, бастысы, транзиттік әлеуетті іске асыру қажет. Меніңше, Қазақстанның ғаламдық бәсекелестік тұрғысынан жақсы бір ұтымды тұсы да осында болмақ.
Әрине, аталған мақсаттағы бастамалар бұған дейін де Қазақстанның өз тарапынан Ұлы Жібек жолын жаңғырту тұрғысында көтерілген болатын. Еуропа мемлекеттері мұндай бастаманы ішінара көтерген еді. Өкініштісі, олардың көпшілігі іске аспастан, қағаз жүзінде қалды. Енді бұл мәселені Қытай өз қолына алып отырғанда мардымды нәтиже күтуге болатындай. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан экономикасы үшін бұл келісімнің маңызы, өзектілігі ешбір дау тудырмас.
Дегенмен, мұнда саяси да, экономикалық та ойланар тұстар жоқ емес. Бұл мәселеге Қытай алдағы уақытта қосымша тағы 250 млрд доллар бөлмекші. Бірақ қандай да бір экономикалық ықпалмен қатар, саяси ықпалдың да артатыны белгілі. Ең алдымен, Қазақстанға жол, белдеу аясында бөлінетін қаржылар қаншалықты тиімді пайдаланылады деген сұрақ туындайды. Ол қаржы тегін беріліп жатқан жоқ қой. Оларды ерте ме, кеш пе, қайтару керек. Бұл мәселе Қазақстанның мүддесіне қаншалықты сай келеді? Ертеңгі ұрпақ ол қаржыны қалай қайтарады? Құйылып отырған инвестицияны Қазақстан қаншалықты ұтымды пайдаланады дегенде менің меңзеп отырғаным, біздегі осындай көптеген экономикалық-инфрақұрылымдық жобалардың ақсап жатқандығы. Тіпті, жемқорлыққа қатысты атышулы Қорғас ісі сияқты былықтарды естен шығармасақ керек-ті. Сондай ішкі былықтарымыз бұл бастаманың соңын күрделендіріп жібермесе екен деген қорқыныш бар. Оны ұтымды пайдаланып, өз еліміздің мүддесіне сай нәтиже шығара білу біз үшін басты міндет болуы тиіс.
2009 жылдан бастап орын алған ғаламдық қаржы дағдарысы салдарынан Батыстың, Американың нарықтары тоқырап қалғандықтан, Қытай Қазақстанның, жалпы, тұтас Орталық Азия мемлекеттерінің негізгі қаржылық көзіне, негізгі инвесторына айналды. Бір жағынан, бұл Қазақстан қаржы секторы, банктері үшін керек-ақ нәрсе. Бірақ соңын сиырқұйымшақтандырып алмай, ұтымды пайда көре білу өзімізге байланысты...
Айналып өтуге болмайтын тағы бір мәселе, бізге саяси және экономикалық әріптестер санын көбейту қажет. Әрине, Қытаймен ынтымақтастық жүргізген дұрыс та, бірақ өзіміздің ұлттық мүдделерімізді сақтап қалатындай балама мүмкіндіктерді, яғни басқа мемлекеттерді жұмылдыру жағын да ойлау керек сияқты. Азия дегенде тек Қытайдың монополиясын күшейте бермей, Жапония, Оңтүстік Корея елдерімен де етене араласып, ынтымақтастық көздерін көбейтіп, сол елдердің технологияларын кеңірек пайдаланар болсақ, экономикамызға инвестиция тартуда жақсы бәсекелестік тудырар еді. Екіншіден, елімізге Қытай ықпалының күшейіп кетуін тежеуге мүмкіндік берер еді.
Сондықтан ара-тұра осындай геосаяси түйткілдерді, геосаяси тәуекелдерді естен шығарып алмауға тиіспіз.
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы
Еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бастап көпвекторлық саясат ұстанып, аймақтағы интеграциялық үдерістерді дамытуға, еркін сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға өз үлесін қосып келеді. Бұл бағытымыз біздің әлемнің бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елінің қатарына енеміз деген мақсатымыздың жүзеге асуына тікелей ықпал етеді.
Бүгінгі заманда интеграциясыз, оқшау даму мүмкін емес. Сол себепті, әлем елдерімен әсіресе, аймақ елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, экономикалық, саяси, мәдени байланыстарды кеңейту біз үшін аса маңызды.
Соңғы күндері ҚХР-да өткен «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтастық форумы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың жаңа деңгейі мен нұсқасы болуда. Бұл аймақтық деңгейдегі ынтымақтастық қана емес, сонымен қатар, басқа да құрлық елдерімен қарым-қатынасты дамытуға, «Жібек жолының» бағыты мен тармақтарын кеңейтуге арналған алаң. Бұл форумға дүние жүзінің 45% халқын қамтитын 60-қа жуық елдің басшылары мен ірі трансұлттық компаниялардың өкілдері қатысты. Форумға қатысқан Елбасы Н.Ә.Назарбаев аймақтағы жетекші әрі белсенді елдің басшысы ретінде халықаралық ынтымақтасудың бес маңызды мәселесі бойынша бастама көтеріп, ұсыныстар жасады.
Еліміздің еуразиялық кеңістіктің ортасында орналасуы оның транзиттік әлеуетінің артуына зор мүмкіндіктер беріп отыр. Жүк тасымалдау мен сауда-саттықтың қарқыны жылдан-жылға артуда. Біз ашық теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдердің қатарына жатамыз, сол себепті осы мүмкіндігімізді ел экономикасының дамуына ұтымды пайдаланумыз қажет. Ол үшін түрлі кедергілерді азайтып, қызмет сапасын арттырып, жаңа технологиялар мен құралдар арқылы тауарлар мен жүк тасымалының еркін жүруіне мүмкіндіктер жасауымыз қажет.
Қазақстан соңғы жылдары осы бағытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда. Бұл өз кезегінде елдің экономикасын дамытуға, тауарларымызды сыртқы нарыққа шығаруға және инвестицияларды тартуға мүмкіндік берері сөзсіз. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытып, Жібек жолы бойын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етудің де маңыздылығы артуда. Бұл еліміздегі ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге, өнімдердің түрі мен санын арттырып, бәсекеге қабілетті өнімдерді әлемдік нарыққа еркін шығаруға жол ашады.
Ғылым мен технологиялар дамыған заманда ғалымдардың ынтымақтастығын арттырып, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды нығайту аса маңыздылыққа ие болуда. Ортақ инновациялық және ғылыми-техникалық жобаларды бірлесіп қаржыландырып, іске асырып, бірлескен ғылыми-техникалық орталықтар мен венчурлық қорлар құрып, елдер арасында жаңа технологияларды тасымалдау елдер арасындағы байланыстардың нығайып, ортақ табыстардың артуына әкелетін болады. Қазақстан ғалымдарының Жібек жолы халықаралық ғылым академиясын құру бастамасы елдер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, ғылымды жаңа сатыға көтеріп, көптеген ғылыми жаңалықтардың ашылуына септігін тигізері анық. Бүгінде біздің бұл бастамамызды ҚХР мен 16 елдің ғалымдары қолдауда.
Біз мемлекеттер арасындағы түрлі бағыттағы ынтымақтастықты дамытуда қоршаған ортаны қорғауға, оны таза қалпында сақтауға басты назар аударуымыз қажет. Сол себептен де форум барысында Елбасы осы мәселеге ерекше мән беріп, ішкі құрлықтың су қорлары мен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдаланып, оларды сол қалпында келесі ұрпаққа қалдырудың маңыздылығын атап өтті.
Еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толығымен қолдай отырып, оның әрі қарай тұрақты дамып, нәтижелерге қол жеткізуі үшін кезінде Қазақстанның бастамасымен құрылып, бүгінде Азия аймағындағы қауіпсіздік саласындағы жетекші халықаралық ұйым деңгейіне көтерілген АӨСШК-тің қызметі мен тәжірибесін кеңінен пайдалануды ұсынуда. Кеңесте жинақталған тәжірибе, мемлекеттер арасында жан-жақты, тепе-теңдік жағдайында ынтымақтастықты дамытуға және форумның жұмысын жүйелі түрде жүргізіп отыруға мүмкіндік беретін болады.
«Белдеу және жол» саммиті – аймақтық кооперацияның жаңа форматы. «Бірлесіп даму арқылы – тұрақтылық» бастамасы – қатысушы елдердің экономикалық мүдделерін толықтай ескеретін халықаралық ынтымақтастықтың жаңа түрі. Сондықтан біз Қытайдағы кеңестің мүмкіндіктерін өз еліміз үшін кеңінен пайдаланып, мемлекетіміздің тұрақты экономикалық, саяси және мәдени дамуына жағдай жасауымыз қажет.