Иә, Кеңес Одағының құрамындағы қазақ қоғамы өткен ғасырдың басында адамзат бұрынғы өз тарихында кездестірмеген сұрапыл зұлматты басынан кешірді, қазақ халқының жартысына жуығы аштықта кырылды. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі қоғам қайраткері Алдан Смайылдың айтуынша, 1921 жылы аштықтан 1,5 миллион, ал 1932 жылғы аштықтан 2,5 миллион қазақ опат болған. Бұл деректер негізсіз емес, әрине. Мәселен, Мұстафа Шоқай ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі, большевик Сафаровтың айғақтарына сүйене отырып, Сырдария облысында 1920 жылы миллион қазақтың аштан өлгенін айтады. Сонда бір ғана Сырдарияда ашаршылықтан қаза тапқан қазақтар санының екінші дүниежүзілік соғыста өлген қазақтардың, АҚШ-тың Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына 1945 жылы тастаған атом бомбасынан жер құшқандардың санын екі орап алуын көз алдыңа әкелудің өзі сұмдық емес пе? Малы жоғалса іздеу салатын қазақтың ұрпағы бізге әлі де Қазақстанда ашаршылық және одан ке-
йінгі саяси репрессия кезіндегі мерт болғандар санын анықтай түсу қажет болады. Бізге тарихқа деген құнтсыздықты тоқтататын кез жетті.
Үздіксіз жүргізілген репрессиялық шаралар қазақ коғамының әлеуметтік құрылымын түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Зиянды қоғамдық «элементтер» ретінде тегеурінді зияткерлік қуаты бар қоғамның тұтастай буындары құртып жіберілді. Оның ішінде қазақтың саяси элитасының алғашқы толқыны, белгілі бір дәрежеде ұлттық мәдениеттің ұйытқысы бола алған, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дін уағыздаушылары (ишан, имам және молдалар), шығармашылық интеллигенцияның озық бөлігі, экономикалық белсенді, ат- төбеліндей ғана ауқаттылар (байлар), бүгінгі тілмен айтқанда, сол кездегі қазақ бизнесмендері биліктің күшімен жойылды. Ұлтты тамырынан, өткенінен, қазақ халқын тарихи санасынан, яғни төл өркениетінен айыру үшін екі рет қазақ әліпбиі күштеп өзгертілді. Бұл қазақ халқына қарсы жасалған мәдени геноцид актісі еді.
Қоғам мен жеке адам тұлғасына жасалынған қиянат ұлттың рухани болмысын терең күйзеліске ұрындырды. Осыған қолдан келгенше қарсыласып баққан, қазақ халқы үміт артқан революцияға дейінгі ұлттық элитаның, 1917 жылдың 13 желтоқсанында Алаш автономиясын жариялап, Алашорда үкіметін құрған Алаш зиялыларының, Алаш партиясының күшін әлсіретіп, ел ішіндегі ықпалын азайтты. Саяси элита тоталитарлық жүйеге саяси мүмкіндіктермен қарсы тұра алмай қалған шақта халық қолдарына қару алып, бас көтерді. Тарихи әдебиеттерден 1929-1930 жылдары Қазақстанда аяусыз басып жаншылған 370-тей халық көтерілістері (шаруалар көтерілісі деп те атайды) болғаны туралы мәліметтерді кездестіресіз. Мыңдаған адам сотталды, атылды. Коммунистік режімнің 1920-1930 жылдардағы экономикалық, оның ішінде ұжымдастыру саясатына қарсы қазақ халқының жаппай қарулы көтерілістері – бұл да өзінің жаңа тұрғыдағы тарихи бағасын алуын күтіп тұрған мәселе.
Арасындағы ашаршылықтарды қосып алғанда, сонау жиырмасыншы жылдарда басталып, біртіндеп күш алған саяси сүргін ақырында 1937 жылдың қанды террорына ұласты. Сөйтіп, кеңестік биліктің ұзақ жылдарға созылған геноцидтік саясатының салдарынан қазақ халқы басқарушы саяси тұлғаларынан, озық ойлы зиялыларынан айырылды. Тарихшылардың мәліметі бойынша, сталиндік репрессия жылдарында Қазақстанда кем дегенде 22 мың адам атылып кеткен. Тіпті, олардың артында қалған жарлары мен балалары да «халық жауының» отбасы болғаны үшін абақтыларға жабылды. Қазақ жері «Карлаг», «Степлаг», «Алжир» сияқты лагерьлерге толып, Қазақ елі каторгаға айналды. Ал мұның бәрі қазақ халқының тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығын үзіп, ұлттың өсіп келе жатқан жаңа ұрпағының санасын ұлттық құндылықтарға орын қалдырмайтын жаңа коммунистік догмаға бірыңғай аудару пиғылымен жасалған жоспарлы шаралар еді. Алаш қайраткерлері: Мұстафа Шоқайдың осы тарихи қаралы кезеңді қазақ ұлтын коммунистің балғасымен жаншып, орағымен орып тастау көзделген кезең деп бағалауы, Әлихан Бөкейханның өзінің бір мақаласында большевиктердің билікке келуін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезіндегі қасіретті кезеңмен салыстыруы тіпті де тегіннен-тегін емес еді.
Егер ұлт-азаттық қозғалыстарға әділ баға берілмейтін болса, тә-
уелсіздік жылдары туған ұрпақ егемендікті қазақ халқының ғасырларға жалғасқан күресінің нәтижесі
емес, өздігінен келген тарихтың тартуы деп қабылдауы әбден мүмкін. Тәуелсіздік алғаннан бері де ұлт өміріндегі бұл қайғылы кезең біздің Отанымыздың тарихында, тарих оқулықтарында тиісті дәрежеде ашылмай келеді. Ал халқымызға таңылған бұл қасіретті қажеттіліктен туған эксперименттік шара ретінде қарастырып, большевиктер билігінің жасаған қиянатын ақтауға тырысатын күштер әлі де бар. Қазақ халқына жасалған зорлық-зомбылықтың ұмытылмас деректерін көзге ілмеудің айқын мысалы ретінде тә-
уелсіздік жылдарының өзінде кеңестік сот пен прокуратураның 70 жылдықтарының мерекеленгенін атауға болады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, тағы басқа қазақ халқының таң-
даулы ұл-қыздарына ату жазасын берген кеңестік соттың мерейтойына арналған салтанатты жиналыс өткізу ақылға сыйымды ма еді? Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қуғындап, аяусыз жүргізілген сот процестері жадымыздан өшкен жоқ қой әлі.
Ресми деректер бойынша, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толғаннан кейін де, Қазақстанда 18 елді мекен, 449 көше мен 15 ұйым әлі Ленин есімімен аталуда. Сонда халықаралық беделді ұйым – ЮНЕСКО деңгейінде мойындалған, Алаштың ең белгілі, көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханның есімі Қазақстанда бірде-бір рет болмаған В.Лениннен 7,5 есе рет сирек кездесетін болып тұрғаны ғой. Н.Крупскаяның есімімен әлі күнге дейін 36 көше мен 7 ұйым; Ф.Дзержинскийдің есімімен 35 көше мен 3 ұйым аталған. Ал енді Қазақстанға Лениннің, Крупскаяның, Дзержинскийдің атымен аталған осыншама көшелердің керегі қанша? Бұл жерде әңгіме тек Ә.Бөкейхан туралы ғана емес. Қазақстанның әрбір өңірінде болған «Алаштың» ондаған, жүздеген басқа да қайраткер арыстары бар емес пе? Мүмкін, «Алаштың» 100 жылдығында тек 20-30 белгілі көшбасшыларды ғана айтпай, олардың жолымен жүрген майдандас серіктері да айтып, жергілікті жерлердегі ұмытылған есімдерді ашып, олардың аттарын көшелер мен нысандарға беру керек шығар?
Алашорда көшбасшыларының есімдерін көшелер мен түрлі нысандарға беру жөнінде жүргізіп жатқан жұмыстар жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Дегенмен, егер оның нәтижелерін кеңес дәуі-
рінің сақталып келе жатқан «мұрасымен» салыстыратын болсақ, жұмсартып айтқанда, ойланатын жайттар баршылық. Бұл деректер ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы (әсіресе, 1920-1940 ж.ж.) коммунистер бастаған биліктің қазақ халқына жасаған қанқұйлы қылмысына қатысты берік ұстанымның әлі де қалыптаспағанын, сол себепті де кеңестік жүйенің геноцидтік саясатын әшкерелеу жүйелі түрде жүргізілмей отырғандығын көрсетеді. Біздің елімізде ашаршылық, саяси репрессиялар тарихы бірімен бірі қабыстырыла қаралып, кең ауқымдағы кешенді ғылыми зерттеу нысанына айналуы тиіс. Мұның болашақ ұрпақ үшін аса маңызды екендігі анық.
Сәбит БАЙДАЛЫ,
журналист, алаштанушы