Қазақстан • 19 Мамыр, 2017

Астанада әл-Фейсал көрмесі ашылды

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елордадағы Ұлттық музейде Сауд Арабиясының бұрынғы королі Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл-Саудтың өмірі мен қызметіне арналған «Әл-Фейсал: Әділдік және батылдық жолы» атты көрменің ашылу салтанатына қатысты. Король Фейсал атындағы Исламды зерттеу орталығының ұйымдастыруымен алғаш рет ашылып отырған көрмеде сирек кездесетін тарихи жәдігерлер мен король Фейсалдың жеке заттары: қару түрлері, наградалары, архивтік құжаттары мен суреттері және басқа да құнды дүниелері көрермен назарына ұсынылды.

Астанада әл-Фейсал көрмесі ашылды

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Әзиз әл-Саудтың ара­сын­да қалыптасқан шынайы дос­тық пен сыйластық қарым-қаты­настың арқасында бүгінде екі ел халықтарының барыс-келісі мен жан-жақты байланыстарының арта түсіп отырғанын атап көрсетті. 
«Бүгін елордамыздың төріндегі Ұлттық музейде Сауд Арабиясының аса көрнекті басшысы болған ұлы мәртебелі король Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл-Саудтың тұтынған жеке заттары мен кезінде оның бастамасымен өндірілген өнімдер көрмесінің ашылу салтанатын өткізіп отырмыз. Экспонаттар қатарында ұлы мәртебелінің түрлі қару-жарақтары мен наградалары, архивтік құжаттары мен фотосуреттері бар. Әр мемлекеттің тарихында сол елдің саяси-экономикалық және рухани айрықша із қалдырған үлкен тұлғалары болады. Достас Сауд Арабиясына 1964-1975 жылдар аралығында кемел басшылық жасаған, бірқатар саяси және экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырып, елдің әлеуетін арттыруда үлкен іс тындырған ұлы мәртебелі король Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл-Саудты біз сондай тұлға ретінде танимыз. Біз король Фейсал жүргізген ауқымды реформалар қоғамды жан-жақты дамытып, сапалық жаңа деңгейге көтергендігінен хабардармыз. Ұлы мәртебелінің бастамашылдығымен көптеген заң қабылданып, жоспарлау жүйесі енгізілген. Олар Сауд Арабиясының халқына күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді»,– деді Г.Әбдықалықова. 
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, король Фейсалдың күш-жігерінің арқасында Сауд Арабиясы әлемдік жетекші державалардың қатарына қосылғанын үлкен құрметпен атады. Осындай дарынды басшы, дара тұлғаның елі үшін тындырған әрбір ісі халықаралық деңгейде терең танып, білуге, зерттеп зерделеуге лайық екеніне назар аударды. «Ал ол тұтынған жәдігер бұйымдардың көзге ыстық, көңілге жақын болуы заңды. Мұның өзі қазақстандықтардың араб халқының мәдениеті мен қолөнер туындыларынан көбірек хабардар болуына септігін тигізетіндігі сөзсіз. Елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылар қарсаңда Астанада король Фейсал тұтынған бұйымдар көрмесінің жұмыс істей бастауы еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, бұл көрме елорда тұрғындары мен қала қонақтарының тарапынан үлкен қызығушылық тудырады деген үміттеміз. Мұндай шаралар дініміз бір, діліміз жақын, осыған байланысты тілімізде де ортақ сөздер жиі ұшырасатын Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қазақстан халықтары арасындағы өзара достық пен ынтымақтастық байланыстардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Мемлекеттік хатшы.  
Ай соңына дейін жалғасын табатын көрме экспозициясы Саудия қоғамының барлық саласына ықпал еткен ауқымды реформаларды бастап берген король Фейсал басқарған (1964-1975 жж.) Сауд Арабиясының өткен кезеңіне арналады. Сондықтан да Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз алған король Фейсал атындағы Исламды зерттеу орталығының басқарма төрағасы, ханзада Түрки әл-Фейсал әл-Сауд мұндай көрме ТМД бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
«Осындай ғажап ғимараттағы керемет көрменің ашылу салтанатына қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Сонымен қатар, король Фейсалға арналған көрме залының шет елде ең алғаш рет ашылып отырғанын да атап өткім келеді. Осыған қарап, екі ел халқын тек сауда, дипломатиялық қатынастар ғана байланыстырмайтынын байқауға болады. Халықтар арасында діни наным-сенім түсінігі ғана емес, мәдени, рухани байланыстар да өзара үндесіп жатқандығы айқын аңғарылады», – деді ол.
Айта кетейік, көрменің ресми ашылу салтанатына Президент Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков пен Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Сауд Арабиясы королінің кеңесшісі, Фейсал орталығының ауқымды делегациясы, Сауд Арабиясының Қазақстандағы Корольдігі елшілігінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, шара аясында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Әл-Фейсал: Әділдік және батылдық жолы» атты кітап оқырман қауым назарына ұсынылды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»