Медицина • 19 Мамыр, 2017

Жол қадірін жүрген білер

175 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Сол күндердегі мына бір жағдай есімде. Барлық газет-журналдар редакцияларының коммунистерін, әрине, ішінде «Социалистік Қазақстанның» партия мүшелері де бар, Фрунзе аудандық партия комитетіне шұғыл шақырды. Барсақ, аупартком алдындағы шағын алаң адамға толып тұр. Бір кезде біреулер келіп, жұртқа кесілген темір шыбықтар тарата бастады. Сөйтсек, коммунистерден «халық жасақшылары» құрылып жатыр екен. Әлгі темір шыбықтар біздің «ұлтшылдарға» қарсы қолданар қаруымыз болуы керек екен. Шошып кетіп, газет бас редакторының бірінші орынбасарымен бірге (мен редакциядағы бастауыш партия ұйымының хатшысы едім) аупарткомның бірінші хатшысы Нұртай Әбіқаевқа кіріп, мұның жөнсіздігін, қауіптілігін айттық. Ол кісі дереу ғимарат алдына шықты да қолына мегафон алып, ешкімнің де қаруланбайтынын, ешкім де ешкімді жазалауға аттанып бара жатпағанын, тек көшелерде қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау керектігін жеткізді. Кесілген темір шыбықтарды жұрттың қолынан сол арада жинаттырып алдырды».

Жол қадірін жүрген білер

Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев­тың 2015 жылы шыққан «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы­нан үзінді. Мұнда сұхбатта­су­шы 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғаларын еске ала отырып, әңгіме айтушыны сын са­ғаты соққан сәттегі халық өмірі­нің тауқымет-талайы  туралы толғам-толғаныстарға шақы­ра­ды. Иә, шын мәніндегі сын саға­ты. Барлығына бірдей. Әркім үшін. Әсіресе, биліктің міндет-парызы жүктелгендер үшін. 
Солардың бірі Фрунзе аудан­дық партия комитетінің сол кездегі бірінші  хатшысы Нұртай Әбіқаев болатын. Осы сыннан ол сүрінбей өте білді. Сонау алмағайып күндерде өзінің саяси ұстанымын ғана емес, тегінен дарыған  тарпаң өжеттігін де танытты. Себебі, Қазақстан Ком­партиясы Орталық Коми­тетінде үлкен аппараттық мектептен өткен тәжірибелі партия қызметкері ретінде оған халық жасақшыларын арматура кес­пелтектерімен қаруландыру идеясының алдын ала жоғары жақта келісілгені жақсы мәлім еді. Айтқандай, бұл батыл ше­шім табан астында, шұғыл қабыл­данды, оған газеттің бас редак­торының бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев екеуміз куә болдық. Өйткені, бірінші хатшы жиналғандардың алдына дереу бізбен бірге шығып, бірден өзіне мегафон беруді талап етті де, арматура кеспелтектерін жинап алуды бұйырды. Бұл жайындағы әңгіме қалаға тез тарап кетті. Көп ұзамай басқа аупарткомдар да оның үлгісіне ерді. Бұл жайт шиеленісіп тұрған жағдайды тұрақтандыруға әжептәуір күшті серпін беріп септесті. 
Саясаттанушылар мен кө­сем­сөзшілер Нұртай Әбіқаев­ты саясаттың ұзағынан сүйіндірер саңлақтары санатына баяғыда-ақ қосып қойған-ды. Мұндай абы­ройға әуелі адамның өзі талап­танып жетуі керектігі түсі­нікті. Ал содан кейін шын мәнін­де де мықты екеніңді күн­де­лікті іс-әрекетіңмен дәлел­деп айғақтап отыру әдет-дағдыға айналады. 
Егер адамға зияттылық, қабі­лет пен мінез-құлық сипат­тары тумыс-тегінен дарып, тәр­бие мен білім ата-анасы мен ұстаз­дар арқылы берілсе, ал саналы ересек өмірдегі оның барлық жетістіктері өзінің мақсатты еңбегіне байланысты болады. Заңғар Толстой: «Әрбір адам – өз әрекеттерінің перзенті» деп тегін айтпаған. 
...Соңғы жылдары биік мінбер­лер­ден де, халықтың қалың ортасында да неғұрлым еңбегі сіңген дарынды, лайық­ты­лардың билігі – меритократия қағидасы туралы жиі айтылуда. Көп адамдар басқарудағы жас кадрлардың өздеріне әзірленген орынтаққа бірден қонжиып отыра қалмай, мансап биігіне ең төменнен бастап сатылап көтерілуі пайдалы деп есептейді. Осы тұрғыдан келгенде, Нұртай Әбіқайұлының еңбек жолы қа­лай қалыптасқанына сол жол­дың басында тұрған әрбір сая­сат­­кер, әкімгер, мемлекеттік қыз­­­мет­кер қызығып, үлгі тұта алар еді. 
Нұртай Әбіқаев Алматы об­лы­сын­дағы Жамбыл ауданы­ның Жамбыл ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң ол білімін жалғастырып жоғары оқу орнына түсуге бел буады. Әлбетте, Сүйінбай мен Жам­был сынды ұлы жыршы-жырау­лардың поэзиясымен тыныс­таған тау мен дала ұланының гуманитарлық бағытқа бет бұр­ғаны табиғи қалыпқа сыйымды еді. Өйткені, бұл жер батырлар мен ақындардың мекені ғой. Бірақ ол техникалық саланы таңдап, 1965 жылы Свердловск қаласындағы С.М.Киров атын­дағы Орал политехникалық инс­титутына түседі. Нақ осы арада оның мұндай таңдау жасауы­на, басқа да жағдайлармен қа­тар, осы өңірдің өзге бір ту­масы – сол кездің өзінде қыран­дай самғауына жерлестері әб­ден қанық болып үлгерген Қа­зақ­стан Магниткасының озаты, жас металлург Нұрсұлтан На­зарбаев­­тың өскелең абырой-беделі де игі әсерін тигізгені анық. 
Кеңестік  заманда Свердловск делінген Екатеринбург қала­сы­ның Оралдың астанасы атануы тегін емес. Ерте кездерден бері осынау стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі алуан түрлі ресурстарға бай өңір өнертапқыштық пен техникалық прогрестің ошағына айналған-ды. Алыстағы ауылдан келген 17 жастағы өспірім бүкіл Одақ көлемінде аса беделді ЖОО-дағы қатаң бәсекеге төтеп беру үшін қандай өжет, ішкі сенімі қаншалықты тегеурінді  әрі төзімді болу керек еді десеңізші! Бірақ, кез келген ЖОО профессорларына мәлім бір нәрсе сол, көбіне-көп зерделі әрі табанды ауыл балалары 3-курста-ақ қалалық өрендерді қуып жетіп, ал оқудың соңына қарай оза шауып, көш бастайды. Сөйтіп, 1970 жылы Нұртай Әбіқаев Свердловск политехін сәтті бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шығады. 
Екі жыл әскерде танк взводының командирі болған ол 1972 жылы халық арасында АЗТМ аталып кеткен Алматы ауыр машина жасау зауытында аға инженер, инженер-конструктор қызметтерінде  жұмыс істей бастайды. Бұл арада мына жайтты атап көрсету керек: сол бір жылдарда инженерлік-техникалық кадр­лар мен индустриялық нысандар басшыларының арасында жергілікті ұлт өкілдері мүлдем аз болатын. Әлі отызға да толмаған инженер-конструктор Нұртай Әбіқаев өндірістік жоспарлар мен тапсырмалардың орында­луын қамтамасыз ету үшін, қазір айтып жүргеніміздей, әжептеуір бәсекеге қабілеттілікке ие болуы, сондай-ақ, жұмысшылармен де, зауыт элитасымен де оларға түсінікті тілде сөйлесе білуі тиіс еді. Осы арада меңгерген білім мен тәжірибе, жаңа жолдастық байланыстар келешекте оның алдынан талай рет жақсылық болып оралып  отырды. Айтқандай, ол өмір бойы өзін өзі шыңдаумен, қамшылаумен келеді. Көптеген жылдар бойы экономика тақы­ры­бында кандидаттық, доктор­лық диссертацияларын дай­ындап, Мәскеуде, Ресей Феде­ра­ция­сының Президенті жанын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясының ғылыми кеңесінде сәтті қорғап шықты.  
Болашағы зор әрі жас, сонымен бірге, жұмысшылар ортасында кеңінен белгілі әрі беделді инженер-коммунистің көзге ілікпеуі мүмкін емес-ті. Сөйтіп, 1976 жылы оны Компартияның Алматы қаласындағы Әуезов аудандық комитетінің нұсқау­шы­сы қызметіне шақырады, көп ұзамай ол онда бөлім меңгерушісі болды. Бұдан әрі мансап жолын­да тасы тек өрге домалады: 1980-1984 жылдары ол Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­те­тінің нұсқаушысы, 1984 жылы – Қазақстан Компартиясы ОК хат­шысының көмекшісі, 1984-1985 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының көмекшісі, 1985-1988 жылдары – Қазақстан Компартиясы Фрунзе аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1988-1989 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының көмекшісі, 1989-1990 жылдары – Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысының көмекшісі. 
Менің есімде әсіресе, оның Фрунзе аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы қыз­метіндегі жұмыс кезеңі жақсы сақталып қалды. Редакция парт­бюросының хатшысы ретінде әртүрлі жиналыстарға, пленум­­дарға, есеп беру-сайлау кон­фе­ренцияларына қатысуы­ма, пар­тиялық жарна туралы есептер жөнелтуіме, партия жина­лыстарының хаттамаларын ауда­руыма тура келетін... Ал бірде тіпті, аупартком бюросының отырысына қатысқаным бар. Мен онда жеке өміріндегі бір кілтипан үшін партия жиналысында өзіміз ауызша сөгіс жариялаған журналисті қорғап сөйледім. Оның алдында кіл партия ардагерлері кіретін партия комиссиясының мүшелері біздің шешімді жұмсақ  («коммунистің тәртіп бұзуына ымырашылдық таныту» деп бағалағаны әлі есімде) деп тауып,  бюроға оған КОКП мүшесінің есеп кәртішкесіне жазылған қатаң сөгіс жариялау туралы мәселе қарауды ұсынған еді. Бюро отырысында Нұртай Әбіқайұлы өзін ысылған басшы, жас та болса парасатты адам ретінде көрсетті. Қарап тұрсақ, сол кезде қырыққа да толмаған екен-ау. Жаңағы мәселені қорытындылай келе, ол былай түйіндеді: бастауыш партия ұйымының жиналысында коммуниске берілген жаза оның айыбына сай деп саналсын, ал партбюро хатшысының хабарламасы қаперге алынсын... Егер Нұртай Әбіқайұлы өмірдің қилы-қилы құбылыстарына байыптап терең бойламаса, бұл оқиға жаңағы азаматтың өмірінде алдынан шығуы  да әбден мүмкін еді. Өкінішке қарай, асығыс-үсігіс қабылданатын кейбір шешімдердің адамның сағын сындырып, тағдырын тәлкекке салатыны болатынын біз жақсы білеміз.  
Нұртай Әбіқаев президенттік институттың және оның бас штабы – Президент Әкімшілігінің қалыптасуында үлкен рөл атқарды. 1990 жылдың мамырында ол Қазақ КСР Президенті Кеңсесінің басшысы болып тағайындалды, 1990-1991 жылдары ол Қазақ КСР Президенті Аппаратының басшысы, 1991-1994 жылдары – Президент және Министрлер Кабинеті Аппаратының басшысы. Ал 1994-1995 жылдарда – Қазақстан Республикасы Президенті Аппа­ра­тының басшысы. Кейін 2002-2004 жылдарда ол тағы да ел Пре­зиденті Әкімшілігінің басшысы болып жұмыс істеді. 
Саясаттанушы һәм көсем­сөз­ші Махмұт Қасымбеков өзінің «Тұңғыш» деген кітабында бас­тапқыда Президент Кеңсесі деп аталған бөлімшенің бір кезде ең алғашқы президенттік құрылым және қазіргі Президент Әкімшілігінің ізашар түпқазығы болғаны жайында жазды. Кеңсе  қарқынды қалыптасып, оның төңірегінде дәйекті түрде бүкіл мемлекеттік билік жүйесі жа­сақталды. Әуелгі кездерде Кеңсе Орталық Комитет аппаратымен қатар-қапталдас өмір сүргендіктен Президент Әкімшілігінің барлық қызмет­кер­­леріне президенттік инсти­тут­тың айқын және құпия қарсы­лас­тарымен кәдімгідей текетірес, ескі мен жаңаның, кер­тартпа мен озықтың күресі жағ­дайында жұмыс істеуге тура келді. Қа­зақ­стан халқының дербес сая­си ұйымдасуға қабілеттілігі жай­ында ой түйіп, сөз етуді де қа­ламаған және президенттік билі­к­ті менсінбеген олар кейде: «Ей, президенттің жігіт­тері, әзірге еркелеп ойнай тұрың­дар, бірақ кезі келгенде біз сен­дер­дің әкелеріңді танытамыз!..» деп ашық айтатын. Оларға сал­қын­қандылықпен табанды тойтарыс бергендердің алғы шебінде Президент Аппаратының басшысы Нұртай Әбіқаев болды. Осын­дай пікір қайшылығынан ескі жол­дастық қатынастар үзілген, бір кездегі жақсы достар айыры­лысып тынған жағдайлар да ұшы­расты... Адамдар са­на­сын­дағы өзгеріс жолындағы осы­нау қиын күресте кімнің жеңіп шық­қаны айтпай-ақ түсі­нікті болар деп ойлаймын. 
Өзі ә дегеннен басында тұрған президенттік әкімшілік пионерлерінің бірі болғандықтан, мен Нұртай Әбіқайұлының зор ұйымдастырушылық таланты туралы құлақпен естіген емес, көзбен көрген әңгімені ғана айтамын. Бірнеше жыл қатарынан Президент Әкімшілігі Ішкі сая­сат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметін атқара жүріп, мен Нұртай Әбіқайұлының үлкен істерді асығып-аптықпай, жөнсіз әупірімдемей, кез келген мәселені тыңғылықты зерттей келе жеріне жеткізетініне қайран қалатынмын. Ол, әсіресе, басшы кадрларды іріктеу және орналас­тыру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға аса мұқият қарайтын. Басшы кадрларды ғана емес, ол аппараттың өзінің жұмысын  ұйымдастыруға да көп көңіл бөлетін. Тәуелсіздіктің таңсәрі жылдарында жас мемлекеттің алдында іс қағаздарын жүргізу мен құжат айналымының жаңа жүйесін құру мәселесі тұрды. Мемлекеттік қызметшілерді жаңа нұсқаулықтармен және әдістемелік ұсыныстармен, заманауи терминологиялық және лексикографиялық базамен жабдықтау қажет еді. Сонымен қатар, іс қағаздарын жүргізуге қазақ тілін енгізу қолға алынып, оның ресми іскерлік қатынастағы функциялары кеңейтіле бастады. Бұл қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нақты орнықтыруға бағытталды. Жылдар өткенде әріптестер мен өз қарауындағылар осынау барлық қар­балас істер мен пайдалы бастамаларда Нұртай Әбіқайұлының мемлекетшілдік ерік-жігер мен әдеп-парасат танытып, үнемі қолдап отырғанын алғыс сезімімен еске алады. 
«Елдестірмек – елшіден» деген  сөзді біздің бабаларымыз ерте кезден-ақ айтып кеткен. Дипломатиялық қызмет – Нұртай Әбіқайұлының азаматтық келбеті мен қайраткерлігінің тағы бір қыры. Әр жылдары ол Қа­зақ­стан Республикасының Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Сол­түс­тік Ирландиядағы (Швеция Король­дігінде, Норвегия Корольдігінде қоса атқарған) (1995-1996 жж.), Ресей Федерациясындағы (2007-2008 жж.) Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (2000-2002, 2008-2010 жж.) болды. Тәуелсіз Қа­зақстанның тарихына жетік әр адам Мемлекет басшысының  сол бағыттарда және сол жылдарда Қазақстанның сыртқы саясатының алдына қандай басым міндеттер қойғанын білетіні хақ. 
1998-1999 және 2010-2015 жыл­дары генерал-майор Н.Әбіқаев Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Ұлттық қауіпсіз­дік комитетін басқарды. Оның өмірбаянының осынау дерегінен біз сыртқы саясат пен ішкі қауіпсіздік егемен елдің ұлттық мүддесі деп аталатын біртұтас мән-мазмұнның қос қанаты екен­дігінің тағы бір айқын айғағын көреміз. 
2004-2007 жылдары Нұртай Әбіқаев депутат, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенаты­ның Төрағасы болды, ал 2015 жы­лы сенаторлық қызметке қай­та шақырылды. 
Н.Әбіқаевтың еңбегі жо­ғары мемлекеттік марапаттар­мен атап өтілді. Олардың ішінде «Парасат» (2001 ж.) және «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» (2007 ж.) ордендері бар. Осы орденнің атауы назар аудартады. Нұртай Әбіқаевтың Тұңғыш Президент – Елбасына алабөтен адалдығы, жанпидалық жанашырлығы Азаматқа,  Тұл­ғаға, Тәуелсіздікке қалт­қы­сыз қыз­мет етудің жарқын үлгісі болып табылатындығы күмәнсіз. 
Патриот әрі мемлекетшілдің, генерал әрі дипломаттың, ғалым әрі халық қалаулысының мерей­жасқа байланысты асығыстау сұлбаланған осынау портретіне оның өзім байқаған  жеке болмысын, адами қасиеттерін қоса келтіріп өтпесем, әлбетте, әлде­не жетпей тұрар еді. 
Нұртай Әбіқайұлының ада­ми сергектігіне мынадай мы­сал келтіре аламын. Ұлыбри­танияда елші болып жүрген Ерлан Ыдырысов 2007 жылы мені (ол кезде «Егемен Қазақстан» га­зетінің басшысымын) Лондонға, белгілі ағылшын жазушысының Қазақстан туралы кітабының тұсаукесеріне шақырды. Тұсау­кесер рәсімінен кейін Ерлан Әбілфайызұлынан, алдын ала телефон арқылы келіскендей, біздің басылым үшін сұхбат беруін өтіндім. Ол бұған, әрине, қарсы емес, тек сұхбат уақытын ертеңге ауыстыруды қалайды. Неге екені белгісіз, таңғы әңгіме тәуір болады деп нығарлайды... Мен де қояр емеспін. Лондонда шыққан жаңа кітап жайлы ақпа­ратты басқалардан бұрын жазып көрсеткіміз келеді-ақ. Әрі Лон­донның қақ төрінен. Осы кез­де елші өтінішінің шын себе­бі ашылды. Мен үшін күт­пеген жер­ден кабинетке Нұртай Әбіқай­ұлы кіріп келді. Ол кісі осында іссапарда жүр екен. Сірә, бір жаққа бірге баруға келіссе керек. Өзімнің Нұртай Әбіқайұлымен бұрыннан таныстығымды пайдаланып, мен енді оның көзінше елшінің сұхбатты бүгін, дәлірек айтқанда, тап қазір беруін өтіне бас­тадым. Сол арада Нұртай аға Ерланға: «Біздің күйіп бара жатқан шаруамыз жоқ. Мен күте тұрамын. Бетін қайтарма. Қане, сұхбатқа кірісіңдер», дегені. Сөйтіп, ағамыз біресе әлде­бір кі­таптарға үңіліп, біресе біздің әң­гімемізге зейін салып, елшінің кабинетінде бір сағат дерлік былқ етпей отырғаны бар. Ол сұх­батты мен жедел жасап, мате­риал­ды нөмірге салдырып үлгер­дім. Қай жағынан да қатып кетті.
Нұртай Әбіқайұлын көп жылдар бойы біле жүріп түйгенім, оның басты қасиеттері алғашқы көргенімде қандай болса, қазір де сол күйінде қалған. Әркез сергек, жинақы әрі шыныққан шымыр қалпында жүретіндігімен,  айтқандай, ол сонау кеңес заманынан бері Қазақстан волейбол федерациясының президенті болып келе жатыр, сөзге сараң ұстамдылығымен ол, тіпті, бір қарап қалғанның өзінде ойлы, өз жүрегіне үңіле толғанған зерделі адам екенін аңғартады. Бұл әдейі қатаң болып көрінуі емес, оның табиғи күйі, шынайы болмысы. Сірә, содан болар, Нұртай Әбіқайұлы жадырап күлімдеген кезде айналасына нұр шашып, шаттық  сыйлағандай әсер етеді. 
Қазақтың нақылы «Жол қадірін жүрген білер» дейді. Бірақ сол жолдың өзінің де өмір сапарындағы әр жолаушының қадір-қасиетін тергеп-тексеріп, әділ бағасын беріп отырары және бар. 
Осы жол ұзақ, жарқын да жасампаз болсын деп тілейік!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ