Жиынға Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева және еліміздің ғылыми-шығармашылық интеллигенциясының өкілдері, Жоғарғы Сот органы аппаратының басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ Сот төрелігі академиясының профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттары қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында айтылған мемлекет пен қоғамның алдына қойып отырған мақсаттары мен міндеттерінің маңызы орасан екенін, соның ішінде жастар болашағына бағыт-бағдар берудің мәні зор екенін атап өтті.
«Мақаладағы кемел ойларды баршаңызбен бөлісу үшін дөңгелек үстелге жиналып отырмыз. Бағдарламада қоғамдық сананы жаңғыртудың бірнеше бағыты айқын айтылған. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Тұтас ұлт болып ұйысып отырған қазақстандықтардың берекесі мен бірлігінің негізі қазақ ұлтының болмыс-бітімінде жатыр. Соның ішінде халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрінің орны ерекше. Өздеріңізге мәлім, еліміздің сот жүйесі Майқы би бабамыз негізін қалаған билер сотынан бастау алады. Елбасы айтқандай, жаһандану дәуірінде біз жат идеологиялардың ықпалына өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Сондықтан да билерден қалған әділ төрелік ету дәстүрін кеңінен насихаттауымыз керек. Осы орайда, алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе, үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей» деген сөзін бүгінгі болашақ заңгерлер білгені жөн», деді Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми.
Қазақстан Республикасының Сот билігінде 35 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Бағлан Демесінұлы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай өз ұсынысын айтты:
«Бүгінде еліміз экономикалық дамудың шырқау биігіне көтерілді. Қазақстан өзінің халықаралық даму бағытында үлкен дәрежелерге ие болды. Мақалада атап көрсетілгендей, біздің болашағымыз – қоғам жетістіктерін әрі қарай жалғастыратын, реформалық үдерістерді игеретін жастарымыз. Республиканың саяси билігіндегі сот жүйесінің орны ерекше. Қоғам тепе-теңдігін сақтау мен еліміздің әлеуметтік, экономикалық даму барысында сот жүйесінің рөлі басым», деген Бағлан Демесінұлы қазақ өміріндегі бітімгершілік тұрғысынан маңызды рөл атқарған дәстүрлі билер соты институтын кеңінен насихаттауды ұсынды.
«Біздің қазақ ұлтында әлемде теңдесі жоқ билер соты, құқықтық институт бар екенін бәрі біледі. Билер институтының тәжірибесін бүгінгі жаңа заманға сай қолданудың маңызы зор. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасынан құқықтану саласына ерекше орын тиюі тиіс. Өйткені, сот жүйесінің дамуына еңбегі сіңген судьялар мен сот қызметкерлері жеткілікті ғой деп ойлаймын», деді Жоғарғы Сот судьясы.
Жиын барысында Президент Н.Назарбаевтың мақаласындағы негізгі аспектілерді ортаға салып, талқылауда Түркі әлемі ақсақалдар кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Зайлағи Кенжалиев, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабек, «Назарбаев Университет» мәдени бағдарламалар орталығының басшысы Гүлтас Құрманбай қатысты.
«Мәңгілік Елдің өркениеттік мұраттары» тақырыбында көлемді баяндама жасаған профессор Әділ Ахметов прагматизм, бәсекелік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, эволюциялық даму, сананың ашықтығы сияқты іргелі бағыттар бойынша елімізде кешенді іс-шараларды жүзеге асыру керектігін атап өтті.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылы халыққа Жолдауы – XXI ғасырдың бірінші жартысының соңына дейінгі кезеңді қамтитын алып жобалардың бірегейі. Енді, міне, сол стратегиялық, саяси-экономикалық және әлеуметтік мәні зор ұзақ мерзімді жоспардың аясында қыруар шаруа толассыз іске асырылып жатыр. Олардың ішінде үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасы мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін айтуға болады. Дамудың тұрақты жолын қамтыған біздің мемлекетіміз геосаяси, геоэкономикалық, геотехнологиялық мега өзгерістер ағынынан тыс қалып отырған жоқ. Қазақстанның эволюциялық жолмен дамуды таңдауының да өз сыры бар, өйткені революциялық жолды таңдаған алыс-жақын елдердің мұратқа жеткені жоқ. Президент көтеріп отырған латын әліпбиіне көшу мәселесі – елімізді рухани егемендікке апаратын тура жол. Өйткені, бұл әлем өркениетінің басым көпшілігінің әліпбиі», деп түйіндеді ол сөзін.
Іс-шара соңында қатысушылардың тұжырымды ойлары мен ұсыныстарының негізінде қарар қабылданып, сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстарын жүргізу, Сот төрелігі академиясының оқу бағдарламасына «Қазақ билерінің шешендік өнері» атты арнайы курс енгізу, сот аудармашыларының біліктілігін арттыру мақсатында «Үздік сот аудармашысы» республикалық конкурсын өткізу, Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы тапсырмасы бойынша дайындық жұмыстарын пысықтау жұмыстарына қатысты бірқатар ұсыныс дайындалды. Қарарда топтастырылған ұсыныстар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияға іс-шаралардың жүзеге асуын үйлестіру ұсынылатын болады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»