Медицина • 19 Мамыр, 2017

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

1526 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» ма­қаласы көп мәселені тереңнен қоз­ғаған, халыққа ой салатын, ой­лан­дыратын, болашаққа сенімін ны­ғайтатын келелі, бағдарламалық мән­ді туынды болып жазылған. 

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Халық жеке адамнан құралады десек, оның рухани жаңғыруында жеке адамның орны, үлес салмағы ерекше болмақ. Сондықтан да бұл ма­қаланы Қазақстанның әрбір аза­ма­ты жеке оқып, санасына сіңіріп зер­делеуі және соған сәйкес өз мақ­сат-міндетін айқындауы, ел ал­дын­да­ғы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс деп білемін. Әсіресе, мемлекет құ­рушы және ұлан-байтақ жерімізде өз­ге ұлт өкілдерінің жарасымды өмір сүруіне, дамуына кепілдік жасап отырған қазақ халқының мойнында үлкен жауапкершілік жүгі бары анық.
Елбасы айтқандай, «Әлемде ба­ғыты әлі бұлыңғыр, жаңа тари­хи кезең басталды». Және бұл өзге­ріс көз алдымызда, өте жылдам шап­шаң­дықпен жүзеге асуда. Әр алуан тех­нологияның қарыштап дамып ба­ра жатқаны сондай, бүгінгі бар нәр­се ертең көнеге айналып, орнына жаңа үлгі пайда болады. Онымен іле­сіп, жаңарып отыру оңай емес. Бі­рақ қажет, уақыт сондай, әлемдік ор­та, талап солай. Бәсекелестікке тө­теп бере алмасаң, ұтылып қана қо­й­­майсың, қатардан шығып қа­ла­­сың. Жаһандану иіріміне жұ­ты­лып кетуің де ықтимал. Қазіргі уа­қыттың қатал талабы, қатері солай болып отырған соң да ел, ұлт, халық өзін сақтап қалуы үшін алды-артын әрід­ен ойлап, өз-өзіне сын көзімен қа­рап, жақсы қасиеттерін дамытып, жа­манынан арылуы және уақыт тала­бына бейімделуі аса керек.
Елбасының ма­қа­ла­сында осы жай жан-жақ­ты пай­ымдалған, тек пайым­д­алып қана қоймай, ха­­лықтың, оның жеке тұл­­ғаларының, билік ба­сындағыларының ат­қа­ратын міндеттері мен қызметтері, жау­ап­кер­ш­і­лік жүгі көр­се­тіл­ген. Бұ­дан бүгінгі кәрі де, жас та сырт қалмауы қа­жет. Өз-өзімізге сын көзімен қарап, өз­генің емес, өзімнің міндетім, аза­мат­тық борышым деп ұғатын кез келді.
Мақалада ұлттың рухани жаң­ғы­руында екі мәселеге айрықша кө­ңіл бөлінеді. Бірінші – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтыны айтылады. Екінші – алға басу үшін ұлт­тың дамуына кедергі болатын өт­кеннің кертартпа тұстарынан бас тар­ту қажеттігіне назар аудары­ла­ды. 
Елбасы мақалада ұлттық код деген мәселеге жақсы анықтама берген. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық ко­дың­ды сақтай білу. Онсыз жаңғыру де­геніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
Бірақ, ұлттық кодымды сақ­тай­мын деп бойыңдағы жақ­сы мен жаманның бәрін, яғни бо­ла­шаққа с­енімді нығайтып, алға бастайтын қа­сиеттерді де, кежегесі кері тартып тұ­ратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәс­түр­лерге шекеден қарамауға ти­іс.
Керісінше, замана сынынан сү­рін­бей өткен озық дәстүрлерді та­­бысты жаңғырудың маңызды ал­ғы­шарттарына айналдыра білу қа­жет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-ру­хани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деп жазады Ел­басы. 
Бұл ойда терең мән-мағына бар. Ұлт­тық кодтың басында, біздіңше, ең алдымен тіл мәселесі тұрады. Өй­т­кені, тіл – ұлттың жаны. Тіл за­ман талабына сай жаңғыруы, дамуы тиіс. Ал ол өздігінше жүзеге аспайды. Бұл халықтың өз жауапкершілігіндегі аса үлкен мақсат. Тіл отбасынан басталып, азаматтың, халықтың бүкіл ғұмыр бойында дамуы, қанатын жаюы қа­жет деп білеміз. Әр ма­ман өз саласында мем­ле­кеттік тілге – қазақ ті­ліне зор құрметпен, па­триоттық сезіммен қарауы қажет. Сон­д­а ғана ол мемлекеттік қарым-қа­тынас құралына, ғылым мен техни­ка, мамандық тіліне айналады. Олай болмаса, ұлттық кодымыздың бірінші шарты мемлекеттік тіл әлі де тасада қалуы, бұл «бағыты әлі бұлыңғыр жаңа тарихи кезеңде» үлкен қатер-сын болуы ықтимал. Әрине, біз мұндай жағдай болмасын деп тілейміз.
Сондай-ақ, Елбасы «озық дәст­үр­лерді табысты жаңғырудың ма­ңы­з­ды алғышарты» деп біледі. Дәс­­­түр-салтымыздың озығы да, то­зығы да бар екені бүгінде айқын та­нылып отыр. Ерлік, батырлық дәс­түрі, қоршаған ортаны қорғау, ұл­тымызға тән имандылық пен толып жатқан басқа да жақсы қастерлі қас­иеттеріміз – бұл ұлтымыздың еш­кім­ге ұқсамайтын өзіндік келбеті. Біз осы қалпымызбен қазақ болып қа­ламыз және қазақпыз деп мақтана ала­мыз.
Дегенмен де рухани жаңғырудың бірнеше бағытын талдап-таратып айтып өткен Елбасы «Прагматизм» де­ген екінші бағытта қарапайым ха­лықтың жадында болуы, ойлануы тиіс уақыттың өзі алға тартып отыр­ған қасиеттерді алға тартады. 
«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, со­ған сәйкес болашағыңды жос­пар­­лай алу, ысырапшылдық пен ас­­там­шылдыққа, даңғойлық пен кер­­деңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мә­де­ниеттің белгісі – орынсыз сән-сал­танат емес. Керісінше, ұстам­ды­лық, қанағатшылдық пен қарапай­ым­дылық, үнемшілдік пен орынды пай­далану көргенділікті көрсетеді» деп жазады.
Осы жолдардағы толғамды ойлар түйсіне білген адамға көп жайды меңзейді. Қазіргі қазақ бұрынғы қазақ емес. Бүгінгі уақыт, шындап келгенде, қазақтың дарақылығын, астамшылдығын, тойшылдығын кө­термейді. Ал, өкінішке қарай, біз­де әлі де дарақылық пен ысыра­п­-
шылдық та, қызыққұмарлық та мол. Әрине, өмір бұлай жалғаса бермейді. Уақыт көп нәрсені әлі-ақ жөнге салары сөзсіз. Дегенмен, бұ­рынғы психологиямен, бұрынғы өмір ағымымен біразымыздың әлі де «сүрлеулетіп» жүріп келе жат­қа­нымыз шындық. Ойланатын уа­қыт жеткенін, енді дүниеге басқаша көз­бен қарау керектігін Елбасы орынды ескертіп отыр.
«Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұста­нуға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басым­дық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мі­нез-құлықтың прагматизмі деген осы» дейді Елбасы. 
Бұл – бүгінгі заманның қағи­да­сы. Жасыратын несі бар, көптеген көк диплом қазір кәдеге жарамай сандық түбінде жатыр. Ал оған кезінде ата-ананың қаншама қара­жа­ты кетті. Бұл Елбасы айтқандай, бәсе­кеге қабілетсіздік. Өмірдің осын­дай және өзге де жайларынан са­бақ алып, алғы күнге сын көзбен, қа­таң талаппен қарауымыз керек тәрізді.
Қазір, ең қуаныштысы, кәсіп­кер­лікке кең жол ашылды. Халық та осы бағытқа бет бұрып отырған сияқ­ты. Бұл өте жақсы нышан. Де­генмен мұнда да «Болашаққа бағ­­дар: ру­хани жаңғыру» ма­қа­ла­сында айтыл­ған көптеген сын­дар­лы ойлар­ды зерделеп, іштей та­­разыға са­лып, күнделікті шаруамыз­да бас­шы­лыққа, межеге алуымыз қажет.
Елбасының бұл мақаласы көп ойларға жетелейді. Біз тек соның бір парасын ғана ортаға салып отырмыз.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры