Мүсекең қазақтың атын шығарған ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Ол – ең әуелі әдебиетші-ғалым, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының екі дүркін директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет және Сыртқы істер министрі деңгейіне дейін көтерілген ұлтжанды азамат, «тар жол тайғақ кешуден» өткен қайраткер.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби-рухани салада Мүсілім Базарбаевтың есімі ерекше құрметпен аталуы заңды құбылыс. Бірақ солай бола тұрса да, Мүсілім Базарбаев адамдардың бойындағы қызғаныш пен көреалмаушылық сынды қатерлерді бастан өткерді. Бірақ сынбады, Толағайдай өрге шықты, артына өшпес мұра қалдырды.
«Заманың тым қатыгез еді, сондықтан шығар, сен де қатал принциптің адамы болдың. Тұғыр-тұрғыңнан тайған жерің жоқ. Пендеге бас имейтін, көлгірсуді білмейтін ар едің, ер едің. Қара қылды қақ жарған әділ едің...
...Өмірдегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді сүйдің... Халқыңа, халқыңның ғылымына, әдебиетіне, мәдениетіне қызмет еттің... Халқың сені ұмыта қоймас».
Бұл сөздерді Мүсілімнің жан досы, академик Зейнолла Қабдолов жаны жылап соңғы сапарға шығарып салып тұрғанда айтып еді.
Мүсілім Базарбаев ежелден Сыр сүлейлері мектебі қалыптасқан, қамысына дейін ән салып, терме айтатын қасиетті Қызылорда өңірінің Сырдария мекенінде дүниеге келді. Бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих-филология факультетінің журналистика бөлімін бітірді. Осылай әдебиет деген сиқырлы әлемнің есігін ашты. Ашты да төрінен бір-ақ шықты. Бірақ ол жол білімділік пен біліктіліктің, парасаттылық пен пайымдылықтың арқасында ғана Мүсілім сынды жас ғалымның бағын ашты. Қос тілде бірдей сөйлеп, бірдей жазатын Мүсілім Базарбаев ең әуелі қазақтың біртуар ұлдары, академиктер Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов және Асқар Қонаевтың көзіне түсті. Академик Әбдуәли Хайдаров ағамыз Мүсілім Базарбаевтың 8 қыры туралы тамаша жазған ғой:
1. Тән сұлулығы; 2. Жан сұлулығы; 3. Ақыл-парасаты; 4. Мінез байлығы; 5. Ғұлама ғалымдығы; 6. Ұлағатты ұстаздық;
7. Ел басқару қабілеті; 8. Мемлекет қайраткерлігі.
Құдайым-ау, осыншама қасиетті бір адамның бойына бере салған тәңірге рахмет! Ал мұндай қадір-қасиет қайдан келді?! Оның түп-тамыры қайда?!
21 жасында университетті бітіріп, әдебиетті зерттеу ісіне араласқан кезде бұл бір толқын болып келген жас ғалымдар шоғыры еді. Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Нығмет Ғабдуллин, Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Айқын Нұрқатов, Қалжан Нұрмаханов, Баламер Сахариев, Медеу Сәрсекеев, Әнуар Дербісалин, Мырзабек Дүйсенов, Сейділдә Ордалиев, Әбділхамит Нарымбетов сынды жас ғалымдар өртеңге шыққан гүлдей жарқ етіп көрінді. Және олар қазақ әдебиеті тарихында әрқайсысының бөлек орны бар тұлғаларға айналды. Өмірден өткен, бүгінде қасымызда жүрген Серағаң мен Шерияздан аға әдебиет майданына жарыса келіп, әрқайсысы өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды.
Бұл топ бірін-бірі қайрады, бірін-бірі жетілдірді. Жарыса жазу, ұлттық мәселелерді көтеру олардың ортақ мұраттарына айналды.
Мүсілім Базарбаев Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, 1955 жылы ғылым кандидаты болып оралды. Бұл жас ғалымның бағын ашты. 1956-1961 жылдары Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, Тіл білімі жеке институт болып шыққаннан кейін 1961-1970 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет етті. Бұл жылдар Мүсілім Базарбаевтың есімін халыққа кеңінен танытты. Ол ұлы Абай, ғасыр Гомері Жамбыл, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғысы» келген Сұлтанмахмұт туралы ойлы мақалаларын жариялады. Қандай ғылым болмасын өз заманының сөзін сөйлеуге тиіс болды. Сондықтан да, Мүсілім Базарбаевтың «Қазақ совет поэзиясындағы еңбек тақырыбы» атты кандидаттық диссертациясы дәуір талабына сәйкес жазылды. КПСС Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясы қабырғасында қорғалған диссертация болған соң ол бір жағынан кеңестік жүйенің идеологиялық сұранысына жауап беруге тиіс болатын. Мүсекең Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Асқар Тоқмағанбетов, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Әбділдә Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев сынды алыптардың шығармашылығын терең зерттеп, образдар жүйесін саралап, олардың көркемдік қуатына теориялық тұрғыда баға берді.
Осы кезеңде Мүсілім Базарбаев үдере жазды. Бірінің артынан бірі жалғасып «Образ человека труда в казахской поэзии» (1961), «Живые традиции» (1962), «Әдебиет және дәуір» (1966), «Қаһарлы күндер әдебиеті» (1968), «Национальные традиции и новаторство» (1973), «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1973), «Эстетическое богатство нашей литературы» (1976), «Советтік Шығыс халықтары әдебиетінің шетелдік «сарапшыларына» сын» (1984), «Ерлік пен еңбек дастаны» (Ә.Нарымбетовпен бірге, 1984). «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994), «Казахская поэзия: художественные искания (к традициям Абая)» (1995), «Замана тудырған әдебиет» (1997) атты зерттеулер өзінің өзектілігін әлі де жойған жоқ. Осыншама, қыруар еңбек жазғанымен Мүсілім Базарбаев өзі тікелей ғылыми мекемені басқарып жүрсе де докторлық диссертациясын 16 жылдан кейін қорғауының сыры неде? Докторлық диссертациясын да Мүсекең Алматыда емес, Мәскеуде Шығыстану институтында «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» деген тақырыпта қорғады.
Мүсілім Базарбаев тұсында іргелі зерттеулер галереясы жасалды. Олар «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктері» (1950-1960), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1960-1970), Мәскеуден шыққан «Очерки истории казахской литературы» (1960) мен «История многонациональной советской литературы» болатын. Мүсілім Базарбаевтың редакторлығымен және алғы сөзімен С.Сейфуллиннің шығармалар жинағы, М.Әуезовтің 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
1962-1966 жылдар аралығында «Ақындар айтысы», «Қыз Жібек» жырының қазақ, орыс тіліндегі ғылыми басылымы, «Батырлар жырының» үш томдық ғылыми басылымы, «Айтыс» жинағының 1-3 томдары, «Көрұғлы», «Біржан – Сара» айтысы, «Сәбит Дөнентаевтың шығармашылық жолы», «Халық ақыны С.Жанғабыловтың бір томдық таңдамалы шығармалары», «Қазақтың 100 шешендік сөзі» тұңғыш рет оқырманға жол тартты. Сонымен бірге, КСРО және Қазақ КСР Орталық ғылыми кітапханаларынан, сондай-ақ Москва, Ленинград, Қазан қалалары мұрағаттарынан қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты 95 сирек кітап пен 40-қа жуық түрлі қолжазбалар алынды. Осылайша кейін 100 томдық «Бабалар сөзі» болып шыққан үлкен жобаның бастауы жасалды.
Әрі Мүсекең 1954 жылдан бастап замандас достарымен бірге 10-класқа арналған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы авторларының бірі болды. Толықтырылып, түзетілген осы оқулық 1989 жылы 11-класқа арналып қайта жазылды да, 1994 жылдан бері бірнеше рет басылды.
Академик Серік Қирабаевтың жазуына қарағанда, Мүсекең 300-ден астам мақала мен жиырмадан астам монография жариялапты.
Кесек тұлғалы, терең білімді Мүсілім Базарбаев қоғам және мемлекет қайраткері ретінде де өз халқының ұлтжанды азаматы ретінде есте қалды. Ол 1970-1976 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі болып қызмет атқарды, Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Осындай сындарлы жылдарда қазақ мәдениетінің өркендеуіне, осы саланың дамуына ерекше үлес қосты. Үкімет мүшесі ретінде іргелі мәдениет ошақтарының бой көтеруіне ықпал етіп қана қоймай, оны дер кезінде пайдаланып қадағалады. Айтуға оңай болғанымен, бүгінгі күнде де ұлттық мақтанышымызға айналып отырған Алматыдағы Ұлттық кітапхана ғимараты, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, актерлер үйі, сурет галереясы, театр институтының консерваториядан бөлініп жеке отау тігуі қазақтың мәдени руханиятындағы құбылыс болды. Осы кезеңде қазақ драматургиясы ерекше дамыды. Министрлік жанындағы театр бөлімі, репертуарлық коллегия жұмысы жолға қойылды. Қазақтың белгілі театр сыншысы Мүсілім Базарбаев тұсында, 27 жасында театр бөлімін басқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әшірбек Сығай естелігінің бір парасын жеткізгім келіп тұр.
1974 жылы суреткер, дәуір қайраткері Оралхан Бөкейдің академиялық драма театрында «Құлыным менің» спектаклі қойылды. Бірақ өндіріске жіберу алдында үлкен талас жүреді. Сол саланың мамандары мұндай шығарманың қоғамға жат екендігі және оның сахналануы жастардың ой еркіндігіне әсер етуі мүмкін деген «сәуегейлік» жасады. Мәселенің ушыққаны сондай, ол Қазақстан Компартиялы Орталық Комитетіне дейін жетеді. Идеология хатшысы алдында пьеса талқыға түседі.
...«Сол екіталай күндерде, Мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев пен Орталық Партия Комитетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Есенәлиев театр ұжымы жағына шығып жас творчество иелерін қорғай, қолпаштай отырып, қаймықпай, кібіртіктемей өздерінің кесекті сөздерін тұжырымды шешімдерін батыл білдірді. Сол-ақ екен, у-шу сап тыйылды», – деп жазыпты марқұм Әшірбек Сығай. Ал Мүсекеңнің қоластында, репертуарлық коллегияда төрт жыл қызмет істеген, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин айтқан мына бір пікір М.Базарбаевтың табиғи тұлғасын таныта түседі ғой деп ойлаймын.
«...Репертуарлық коллегия айтыс-тартыс, дау-дамай, өкпе-реніш Мүсекеңнің сөзімен айтқанда, драматургия маңы «драмалар» жиі болатын жер еді. Пьесалары өтпей жатқан ағайындар Орталық Комитетке, министрге ара-тұра арыз айтып, шағым түсіп жататын... Мүсекеңнің пьеса қабылдау ісіне орынсыз араласып, тізе батырған бірде-бір сәтін көрген емеспін. ...Қара қылды қақ жарған төрелігін репертуарлық коллегия мен коллегия жанындағы репертуарлық кеңес құзырына тапсырып отыратын. Ақшалы жердің «айқайын» Мүсекең осылай басушы еді».
1976-1981 жылдары Мүсілім Базарбаев Қазақ ССР Сыртқы істер министрі болып қызмет атқарды. Әрине, тоталитарлық жүйе тұсында Қазақстан өз елінің сыртқы саясатын жеке дара жүргізе алмағанымен шетелде қазақ әдебиеті мен өнерін танытуға біршама талпыныстар жасалды. Мүсілім Базарбаев Швеция, ФРГ, Индонезия, Чехия, Дания және Конго сияқты елдерде Кеңестер Одағының атынан сөз сөйледі, қазақ елінің дипломатиялық мектебін қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірді.
Он жылдай таза әдеби-зерттеу жұмыстарынан шеттен қалған Мүсілім Базарбаев 1981-1986 жылдар аралығында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қайта директорлық қызмет атқарды. Және бұл кезең ұлттың өрлеу кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол іргелі ғылыми жобалармен айналысты.
Әрине, Мүсілім Базарбаевтың еркін көсіле жазған тұсы билік-мансапты тапсырып, бөлімді басқарған 1986 жылдан басталды. Бұл кезең Тәуелсіздіктің алдындағы ұлттық жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келді. Үлкен саясаттың ішкі архитектурасын жетік білетін Мүсілім Базарбаев ұлтжанды азамат ретінде тәуелсіздік алған тұста көрегендік пен саяси ұстаным жасады.
Баяғы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «Біз қандай мұрадан бас тартамыз» деген ұран тасталғаны сияқты, тәуелсіздік тұсында да кейбір әдеби-ғылыми топ Кеңес Одағы тұсында жазылған зерттеулер мен шығармалардан бас тарту туралы қоғамдық пікір туғызды. Академик Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Мүсілім Базарбаев, Тұрсынбек Кәкішев бір саяси өлшемді ұсынды, ол кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің табыстары мен кемшіліктерін қайта сараптаудан өткізіп, ұлт кәдесіне жарату концепциясы еді. «Әдебиетті қайта оқу» концепциясын Серік Қирабаев, ал Мүсілім Базарбаев жеке туындылар мен авторларды жаңа дәуір тұрғысынан бағамдау принципін ұстанды. Осылай ұраншылдықты, ұқыптылық пен ұлтжандылыққа ауыстырды.
«...Ол дәуірге жиіркене қарамау керек... Дәуір туғызған қалып үшін көркем сөз адамын кінәлау мүмкін емес. Тек сол кездің көркемдік туындыларын ыждағатпен зерттеп тиісті бағасын беру керек», – деп жазды сол тұста Мүсілім Базарбаев. Осылай Мүсілім Базарбаев жетекшілігімен «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» және «40-50 және 60-жылдардағы қазақ әдебиеті» атты зерттеу кітаптары жарық көрді. Ол Алаш әдебиетшілерінің жазықсыз құрбан болған арыстарының шығармашылығын ақтау ғана емес, жариялау мен зерттеу тұрғысынан да жалғасты. Әлихан Бөкейхановтың, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын ақтау тұрғысында уақытпен санаспай еңбек етті. Әлихан Бөкейханов пен Мағжан Жұмабаев сынды Алаш қайраткерлерінің шығармалар жинағын шығаруға басшылық жасап, кітаптарына зерделі де пайымды кіріспе сөз жазды.
Жас ізденуші Сұлтан-хан Аққұлұлына ғылыми жетекші болып, Әлихан Бөкейханұлының шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғатты. «Құдіретті өлең әлемі» атты монография жазып, Мағжанның ақындығын эстетикалық талғам мен сөз өрнегі тұрғысынан зерттеп, ақынға шынайы баға берді. Сондай-ақ, «Шәкәрім ақын» атты монографиясы академик Серік Қирабаевтың сөзімен айтсақ, «Көлемі мен мазмұны, талдау тереңдігі жағынан монографиялық зерттеудің үлгісі болып табылады».
Филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлт қайраткері Мүсілім Базарбаев өмірі – өнегелі өмір. Ол Әуезовтің ерекше сүйіспеншілігіне бөленген шәкірті, аяулы інісі. Соған қарамастан ұлы Мұхтар Әуезов Мүсекеңді дос деп құрметтейді.
«Қымбатты дос Мүсілім! Сенің хатыңды алып, өте риза болдым. Жылы сөздерің, жақсы тілектерің үшін саған көп-көп рахмет.
...Бұл хат Қазақстанның үлкен тойын тойлап жатқанда барар, сенің коллективіңнің үлкен-кішісіне дос-жарандарға достық құшағымды жайып, сәлемімді жолдаймын. Жаңалықтар күтемін».
Мұхтар Әуезов,
17 маусым, 1961 жыл.
Москва-Кунцево
Ал осының алдында 7 маусым күні Мүсілім Базарбаев ұлы Мұхтардан хат алып еді.
«Қымбатты Мүсілім! Кешеден бері Москваның сыртында Кунцеводағы Кремль ауруханасындамын. Бүгін екі дәрігер қарады. Ең тәуір мамандарды шақырып, жақсы консультация жасаймыз дейді. ...Қалай болғанда да еліміздің ең жақсы ауруханасындамын ғой, олар қандай ұсыныс жасаса да, мен келісімімді беремін».
Мұхтар,
7 маусым, 1961 ж. Москва
Мұндай жан сырын Мұхтар Әуезов шәкірті, інісі, жас болса да досқа айналған 34 жасар Мүсілім Базарбаевқа жазып отыр. Ал ондай құрметке Мүсілім Базарбаев ғылымдағы, өмірдегі тазалығы мен парасаттылығы арқылы ие болғаны белгілі. Сол ауруханадан өмірі үзілген Мұхтар Әуезов қабірі басында Мүсекең:
«...Мұқаңның орнын әлі көп жоқтармыз, ол жөнінде талай сөз айтылар. Бірақ бүгіннің өзінде оның орасан алыптығы, зәулім биіктігі бірден көрініп отыр. Оның білімі, сезімі, жеке басының мәдениеті, жоғары парасаттылығы, өресі биіктігі жаңа бір ерен адамның тұлғасын байқатушы еді. Сол сом тұлға тарих белесінде өткен мен болашаққа бірдей көрінетін мұнарадай биіктеп еді. Қазір қымбатты Мұхаңнан айырылған шақта сол мұнара одан әрі биіктей түспесе, аласармайды. Қазақ халқының өзі өз болып бір салған көз тартар күмбезі есебінде барша жанды бас идіреді, сүйсіндірді, өйткені оның аты – Ұлы Мұқаң», – деп тебіренді. Міне, ұлы ұстазбен қоштасу сәті осылай болып еді.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері