Аймақтар • 19 Мамыр, 2017

Біліктілікке талап күшейіп келеді

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптар айтарлықтай күшейтіліп, соған сәйкес олардың біліктілігін арттыру мәселесі де жолға қойылып келеді. Осыған орай, Ақмола облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мемлекеттік қызметкерлерді оқытудың мән-жайы кеңінен сөз етілді.

Біліктілікке талап күшейіп келеді

Қазіргі таңда облыста 5538 мемлекеттік қызметкер болса, соның 7-еуі саяси, ал 19-ы «А» корпусының және 5512-сі әкім­ші­ліктік қызметкерлері екен. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы 39,2 жас екендігін тілге тиек ете келіп, олардың қатарында 29 этнос өкілі мен 3486 әйелдің бар екенін алға тартты. Шамамен 4900 мемқызмет жоғары білімді болса, орташа жұмыс өтілі 10,1 жылды құрайтындығын да айта кету керек. Мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттау  мәселесі бойынша сөз еткен департамент басшысы Біртұтас облыстық аттестаттаудан комиссиясынан 864 қызметкердің сүрінбей өткенін, соның 77-сі өз қызметтеріне лайық, тіпті лауа­зымын көтеру туралы ұсыныс енгізілгендігін жеткізді. Керісінше, 9 қызметкер өз лауазымына сәйкес емес деп табылып, олардың лауазымдарын төмендету туралы ұсыныс жасалыпты. 
Сондай-ақ, брифингте сөз алған «Ақмола облысы әкім­дігі жанындағы Мемлекеттік қызмет­шілерді қайта дайындау және біліктілігін жетілдіру аймақ­тық орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының директоры, Ақмола облыстық мәслихатының депу­таты Әлібек Баймағамбетов  орта­лық ашылған 2005 жылдан бері 13599 мемлекеттік қызметші өз біліктіліктерін арттырғандығын айтты. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, тек 2016 жылдың өзінде 914 мемлекеттік қызметшінің орнына аталған орталықта 1356 адам оқытылған көрінеді. Ал үстіміздегі жылдың І тоқсанында  303 мемлекеттік қызметші өз біліктілігін жетілдіріпті.  
Жалпы, мемлекеттік қызмет­тегілерге қойылатын талаптар да жыл сайын жетіл­діріліп, жақсы дамып келе жатқандығы да ерекше аталды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы