Аймақтар • 19 Мамыр, 2017

Қырдағы қарбалас

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінің диқандары көктемгі дала жұмыстарына жаппай кірісіп кетті. Басты міндет – жауапты науқанды агротехникалық талаптарға сай ұйымшылдықпен өткізе отырып, 3,9 миллион гектар алқапқа дәнді уақтылы сіңіру.

Қырдағы қарбалас

Оның ішінде дәнді дақылдар 2,9 миллион гектар алқапты құраса, майлы дақылдар көлемі – 712,2 мың гектар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы­ның мамандары берген мәлімет­терг­е қарағанда, астық өндірісін әртараптандыруға баса маңыз беріліп, майлы дақылдар 200 мың, бұршақ тұқымдас дақылдар 53 мың гектарға көбейген. Биыл қант қызылшасы да өсіріледі. Қажетті 65 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз етілген.
Астық танаптарын аралап шыққан облыс басшысы Құмар Ақсақалов жауапты науқанды өз деңгейінде атқаруға барлық жағдайдың жасалғанын, су тасқыны ешқандай кедергі келтір­мейтінін атап көрсетті. «Көкөніс­терді көбірек өсіруге баса көңіл бөліп отырмыз. Оңтүстік жақтардан тасымалдамай, өз мүмкіндігімізді тиімді пайдалануымыз керек. Азық-түліктің жеткілікті қорын қалыптастыру айрықша бақылауда тұр. Ол үшін агроөнеркәсіп саласын дамытудың тұжырымдамасын жасау­ға тапсырма берілді. Рен­та­бель­ді дақылдар өсірумен шұ­ғыл­­дануға бетбұрыс жасайтын боламыз»,– деді Құмар Іргебайұлы. 
Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарына 30 мыңға жуық ауыл шаруашылық техникалары жұмылдырылып, қырдағы қарбалас кең өріс алған. Шал­ғай­дағы Уәлиханов ауданы мемле­кеттік қолдаудың арқасында жылда бітік астық өсіріп келеді. Биылғы құлшыныстары тіпті жоғары. Алқаптарда ылғал сақ­тау, топырақты өңдеу шаралары тыңғылықты жүргізіліп, енді 265 мың гектар жерге дән сіңіруге қызу кірісіп кеткен. Сол сияқты, Қызылжар ауданының аграршылары заманауи технологияларды өндіріске енгізу, техникаларды жаңарту есебінен мол өнім негізін қалап жүр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, майлы дақылдар көлемі жөнінен төртінші орынға табан тіресе, биыл алға біртабан жылжығаны байқалады. Ал майлы дақылдар ішінде рапс, зығыр, күнбағысқа едәуір басымдық берілген.
– Үстіміздегі жылы 198 мың гектар алқапқа жаздық дақыл­дар орналастыру жоспарланған. Май­лы дақылдар үш мың гектар­ға ұлғай­тылды. «Зенченко және К» коман­диттік серіктестігі алғаш рет қазақстандық жаңа элиталы сорттар өсіру тәжірибесін ен­гіз­бекші. «Есіл» несиелік серіктестігі құрамына енетін шаруа­­шылықтарға минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер, жанар-жағармай материалдарын сатып алуға жеңілдіктер қарастырылған. 32 қатысушыға 519 миллион теңге несие берілді, – деді сөйлескенімізде Қызылжар аудан­дық ауыл шаруашылығы бөлі­мі­нің басшысы Өмірбай Омаров.
Синоптиктердің болжауынша, көктемнің соңғы айы құбылмалы болатын түрі бар. Осыны ескерген солтүстікқазақстандық аграр­шылардың бар күш-жігері мен жинақталған мол тәжіри­бесі алқаптарға дән сіңіру жұмыс­тарын өз мерзімінде аяқтап шығуға бағытталған.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы