Әркімнің алар биігі әр қиядан көз тартып тұрады. Оны біреу ерте, біреу кеш бағындырады. Біреулері өмір бойы бағындыра алмай кетуі де мүмкін. Бақ жұлдызы жанған адамды көргенде ел-жұрттың қызығып, таңырқап жататыны содан болса керек. Біздің кейіпкеріміз Әбілхан Қастеев секілді дарабоз суретшіні өмірге келтірген Жетісу өлкесінің шағын ғана Шежін ауылында туған, ал бүгін атақты ғалымға айналған медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медициналық-техникалық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ертай Сәрсебеков жұлдызы жарқырай жанған жандардың қатарынан.
Әркімге өзінің туған жері ыстық және қымбат. Ертай Қожахметұлына да сондай. Осы шағын ғана Шежін ауылының ғажайып табиғатын кезінде қазақтың маңдайалды суретшісі Әбілхан Қастеев сурет етіп салған. Одан бертініректе Шежінге барған атақты суретші Гүлфайруз Исмайылова апай: «Бұл жер қазақтың бейнелеу өнерінің Меккесі», деп бас игенін көпшілік біледі. Міне, ол сонау түкпірдегі аядай ауылдың қасиеті болса керек. Оның аядай болатын себебі де бар. Ол жерде түтін саны 50-60-тан асып көрмеген екен. «Солай бола тұрса да, Жоңғар Алатауының етегіне орналасқан біздің ауылдан ел-жұрт танып, қадірлейтін кісілер көп шықты, – дейді Ертай Сәрсебеков әңгіме арасында. Мысалы, қазақтың тұңғыш халық суретшісі Әбілхан Қастеев, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Ахмет Сүлейменов, Қазақстанның халық мұғалімі Зағира Нүсіпбекова, Қазақстан өнеріне еңбек сінірген қайраткер Әбілтай Қастеев, атақты мүсінші Самат Нұрсапаев Шежінде туып-өскен жандар. Олардан басқа да адамдар бар. Бұлардың тамаша қабілетке ие болуына жеріміздің әсем табиғаты әсер еткен болу керек деп ойлаймын. Ауылымыздың ерекшелігі де осында. Мен өзім жетінші сыныпта оқып жүргенде қазақтың көптеген жақсы киносында қолтаңбасы бар режиссер, марқұм Абдолла Қарсақбаев біздің ауылға келіп, Тоқаш Бокин туралы «Қилы кезең» атты фильм түсіргені есімде. Ауылда қонақүй жоқ. Содан режиссер отбасымен бірге біздің үйде тұрды. Абдолла ағаны кішіпейілділігі, адам баласын жатсынбайтыны оны біздің үйге ғана емес, ауыл адамдарына түгел етене жақын етті. Бізге ол кезде әртістердің жүріс-тұрыстары, елден ерекше киімдері қызық көрінетін, Әлгі кинодағы эпизодтық көріністерде қылаң беріп қалатыным да соның әсерінен шығар.
Алматы облысы, Панфилов ауданында орта мектепті үздік бітірген соң, Ертай Сәрсебеков Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны 1974 жылы ойдағыдай аяқтады. Ал жұмыс жолын Гурьев (Атырау) облыстық онкология диспансерінде ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі болып бастады. Диспансер 1978 жылы ғылыми-практикалық жұмыстар нәтижесінде Бүкілодақтық жүлдеге ие болды, лауреаттар қатарында Ертай да бар еді.
– Сол кездегі Гурьев облыстық онкология диспансерінің ұйымдастыру-методикалық бөлімінің меңгерушісі қызметіне кіріскенімде жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас жігіт едім. Менің жетекшілігіммен және тікелей қатысуыммен өңірде қылтамақ ауруын жан-жақты зерттеу жұмыстары басталды, – дейді ол сол бір шақты еске алып. – Осы зерттеудің нәтижесінде, кәдімгі қара шайдың құрамынан өңеш рагын тудыратын әртүрлі компоненттер таптым. Біз мұны ұзақ уақыт зерттедік. Қара шай мен көк шайды салыстыру арқылы қара шайдың зиянының көбірек екеніне көз жеткіздік. Өйткені, көк шай негізінен табиғи жағдайда дайындалса, қара шайды әзірлеу үшін жапырақтар қуырылып, өзгеріске түседі. Зерттеу барысында әлем елдерін де шайды дайындаудың және пайдаланудың 120-дан аса әдісі бар екенін анықтадым.
Ізденгіш, тындырымды ғалымының өңеш рагы туралы бұл жаңалығы Одақтың медицина саласындағы ең беделді «Вопросы питания» журналында бірнеше рет жарияланды. Содан кейін ол зерттеу жұмысын КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Н.Н.Петров атындағы Ленинград онкология ғылыми-зерттеу институтында жалғастырып, 1983 жылы «Өңеш рак ауруының пайда болуындағы әртүрлі тұрмыстық және кәсіптік факторлардың әсері» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны үздік қорғап шықты. Осылайша ол өзі жұмыс істеп жүрген мекемесінде ғылым мен тәжірибені ұштастыра білді.
Ертай Сәрсебеков 1980 – 1990 жылдары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында қызмет істеді. Осында ол КСРОда алғашқы болып Қазақстанда өндірілетін ауыр мұнай мен мұнайбитумдық тектестіктер және олардың әртүрлі өнімдерінің бластомогендік және нефротоксикалық қасиеттерін жан-жақты зерттеу жұмыстарымен айналысты. Күрделі химиялық және сезімтал спектральдық сараптау негізінде аталған заттарда ол 30-дан аса әртүрлі токсикалық және канцерогендік қосылымдар тауып, ал лабораториялық хайуанаттардың әр түрінде және әрқилы әсер ету жағдайларында олардың жоғары деңгейдегі бластомогендік және нефротоксикалық қасиеттерін алғашқы рет дәлелдеді. Оның осы еңбегі КСРО-ның жетекші эксперимент-патолог ғалымдарының жоғары бағасына ие болып, олар «Ауыр мұнай мен мұнайбитумдық тектестіктер және олардың өнімдерінің бластомогендік және нефротоксикалық қасиеттерін жан-жақты бағалау» атты Е. Сәрсебековтің докторлық диссертациясын 1992 жылы Н.Н.Петров атындағы Санкт-Петербургтің онкология ғылыми-зерттеу институтында бірауыздан қорғаттырып шықты.
Ертай Қожахметұлы 1991 жылдан Урология ғылыми-зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкер, ғылыми-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 1991- 2006 жылдары оның жетекшілігімен республикада алғаш рет зәр-жыныс мүшелері ауруларын емдеу-диагностикалық шаралары көлемінің медициналық-экономикалық стандарттары және мамандандырылған урологиялық көмектің сапасын бақылау мен тиімділігін бағалаудың жүйесі ғылыми негізде жасалды. Осы және басқа да зерттеулер Е. Сәрсебековтің ғылыми жетекшілігімен қорғалған 2 докторлық және 15 кандидаттық диссертацияларға негіз болды. Ол терең білімді және кең көлемді ғалым ретінде осы жылдарда 5 кандидаттық және 3 докторлық диссертацияға ресми оппонент болып, ғылыми дәрежеге жол ашты. Оның жоғары білімді ғалым екендігі ескеріліп, 1999 – 2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комиссиясы (ВАК) эксперттік комитетінің мүшесі болды және жүздеген кандидаттық, докторлық диссертацияларға сараптама жасап, ғылыми тұрғыдан баға берді.
Е.Қожахметұлы белгілі ғалым ретінде көпжылдық зерттеулерінің негізінде 300-ге жуық ғылыми еңбектер жариялады. Ол 12 монографияның, 8 методикалық әдістемелердің, 5 ғылыми өнертабыстық және 3 интеллектуалдық меншіктік нысандар куәліктерінің иесі. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды жүзеге асыру бағытында оның редакторлығымен қазақ тілінде «Урология» оқулығы, орыс-қазақ тілінде «Урология терминдерінің сөздігі», қазақ-орыс, ағылшын тілінде «Қазақстандық урология» ғылыми-көпшілік кітабы жарық көрді және ол Урология ғылыми орталығы шығарған 8 ғылыми еңбектер жинақтарына редактор болды.
Денсаулық сақтау істерін ұйымдастырудағы ғылыми және практикалық жұмыстары ескеріліп, Ертай Сәрсебеков 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына жұмысқа шақырылып, оның Медициналық орталығы бастығының орынбасары болып тағайындалды және оның тікелей қатысуымен осы саланың көптеген маңызды құжаттары дайындалды әрі іске асырылды. Олардың барлығы медициналық көмек алатын контингенттің денсаулығын жақсартуға, көрсетілетін медициналық жәрдемнің көлемін ұлғайту мен сапасын көтеруге, мамандардың кәсіби деңгейін жетілдіруге бағытталып, өз нәтижелерін заманауи тұрғыда көрсетті. Осы жұмыстар бірнеше дүркін ұйымдастырылып, өткізілген халықаралық деңгейдегі конференцияларда оң бағасын алды.
Ертай Қожахметұлы өткен жылдың көктемінен бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханасына ауысып, осында ғылым бөлімі негізінде Ғылыми-инновациялық орталық ұйымдастырды. Оның басшылығымен мұнда ғылым, инновация және халықаралық қатынастар секторлары құрылып, жаңа қарқынмен жұмыс істеуде. Ауруханада атқарылып жатқан істер және көрсетілетін медициналық көмек халықаралық стандарттарға көшіріліп, ғылыми тұрғыда талдануда. Олардың алғашқы нәтижелері осында өткізілген «Метаболизм синдромы: күрделі мәселелері мен оларды шешу жолдары» атты ұйымдастырылып, өткізілген халықаралық конференцияның негізгі тақырыбы болды әрі оң бағасын алды.
Әңгімелесу кезінде біз Ертай Сәрсебековтен дәрігерлік мамандықты таңдауына не себеп болғанын сұраған едік. «Аты мәшһүр дәрігерлердің бірін үлгі тұттым немесе біздің ауылда осындай бір дәрігер кісіні танушы едім десем, өтірік айтқан болар едім, – деді ол ағынан жарылып. Мені бұл салаға алып келген жеке өмірімдегі оқиғалар. Мектеп оқушысы кезімде біздің әулеттен бірнеше адам, яғни, атам, әжем, әкем, әкемнің ағасы, әкемнің екі жеңгесі, өзімнің жалғыз қарындасым, бір інім қайтыс болды. Осы оқиғаның бәрі үш- төрт жыл ішінде өтті де, біз есеңгіреп қалдық. Бала қиялда: «Мен дәрігер болсам, мұндай оқиға орын алмас еді ғой», деген пікір қалыптасып, қатты жабықтым. Адам баласының кедір-бұдырлы өмір соқпағын кім болжап, өліміне кім араша болады дейсіз? Біздің де қолымыздан ештеңе келген жоқ. Әйтсе де, сол оқиғалар мені қатты есейтіп жіберді. Ажалға араша тұра алмасам да, адам баласының өмірін ұзартуға сәл де болса ықпалым тисе екен деген арманмен жетілдім. Сол үміт мені медицина институтына жетелеп әкелді».
– Адамның кіндігі туған жерімен байлаулы болады дегенге өз басым сенемін, – деді ол сәл тыныстап алып. – Ауылдан алыстап кеткеніме қаншама жылдар өтсе де, сол жаққа қарағыштап тұрамын. Шежін ауылында бұрын да, осыған дейін де не мешіт, не клуб, не бір дүкен жоқтығы жаныма батып жүрді. Содан ойлана келе сол ауылда туып-өскен кәсіпкер інілеріммен ақылдасып, мешіт салу туралы идея айтқан едім. Ол имандылық үйі 2008 жылы ашылды. Құрылысқа қажетті біраз ақшаны өзім шығардым. Қалғанын жігіттер жинады. Сонымен, ғимарат 2008 жылы 31 тамызда, яғни Ораза алдында пайдалануға берілді. Қазір халыққа қызмет етуде. Қарияларымыз қасиетті, ұрпағымыз иманды болсын деген ниетпен бой көтерген мешіттің ел-жұртқа сәулесі түсіп жатса, мен үшін сол қуаныш.
Ертай Сәрсебековтің халық денсаулығын қорғау ісіндегі ерен еңбегі әр жылдары бағаланып отырылды. Ол 2005 жылы ғылым саласы бойынша республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Ал 2008 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметі атағы берілді. Көп жылғы әрі маңызды ғылыми еңбектері ескеріліп, Ертай Қожахметұлы 2007 жылы Ресей медициналық-техникалық ғылым академиясының академигі болып сайланды және осы академияның Чижевский атындағы алтын медалімен марапатталды. Ол сондай-ақ Алматы облысы, Панфилов ауданының құрметті азаматы.
Ертай Қожахметұлы – үлкен қайырымдылық шаралар көрсетіп жүрген азамат. Оның тікелей ұйытқы болуымен және қаржылық жәрдемі арқасында Шежін ауылында мешіт салғанын жоғарыда айттық. Ол 2007 жылы Шежін мектебінің үздік оқушыларына шәкіртақы тағайындаған болатын. Бүгінде оны өз қаражатынан уақтылы беріп келеді. Сол стипендиаттардың алды мектепті үздік бітіріп, осы күні институтта білім алуда. Халық арасында жүргізген әлеуметтік және қайырымдылық жұмыстары ескеріліп, ол 2010 жылы республикалық «Алтын жүрек» қоғамдық қорының алғыс хатымен марапатталды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Алматы.