Фото: Қорғаныс министрлігі
Министрлік мәліметінше, мерзімді әскери қызметшілер арасында жанжал болып, салдарынан сарбаз Ербол Қапардың жағы сынған. Бүгінде зардап шеккен сарбаз ауруханаға жатқызылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жауынгердің денсаулық жағдайын әскери дәрігерлер бақылап отыр.
Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатов жауынгердің жағдайы жақсарғанын жеткізді.
«Госпитальге жеткізілген сәтте оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды. Сарбаз тиянақты емдеу курсынан өтіп жатыр. Қазір халі жақсарғаны байқалады. Психологиялық жағдайы да тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары да жақсарып келеді. Жақында бекітуші шиналары алынады. Әскери қызметші физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру сабақтарынан өтіп жатыр. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді», деді Владислав Мусатов.
Дәрігердің айтуынша, сарбаз бір ай ішінде ауруханадан шығарылады. Толық сауығуы үшін оған сырқатына байланысты демалыс беріледі. Жазылған соң өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.
27 қаңтар күні аталған дерек бойынша Гвардейск гарнизонының әскери полициясы тарапынан қылмыстық іс қозғалған.
«Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Барлық қатысы бар адамдардың, оған қоса оқиғаның жай-жапсарын жоғары қолбасшылыққа уақтылы баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылық жіберген әскери бөлімнің лауазымды адамдарының әрекеттеріне жан-жақты құқықтық баға беріледі. Тергеу шаралары кезеңінде бірқатар лауазымды адамдар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», делінген министрлік мәлімдемесінде.
Сондай-ақ оқиғаның тергелу барысы Қарулы күштер басшылығының жіті бақылауына алынған. Ведомство тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлап отыр.