Аймақтар • 20 Мамыр, 2017

Қостанай облысында 14 балалар демалыс лагері жұмыс істейтін болады

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы балалардың  13 демалыс лагері жұмыс істеген еді. Биыл оның саны 14-ке жетті.

Қостанай облысында 14 балалар демалыс лагері жұмыс істейтін болады

«Лагерьлердің жазғы демалыс маусымына дайындығын көру үшін облыстық білім беру басқармасының мамандары 14 лагерьдің барлығында болып, олардың жұмысын көзімен көріп келді. Лагерьлердің барлығында жөндеу, төңіректі санитарлық тазалау жұмыстары жүріп жатыр.Тек ауыз су мәселесі ғана жарым-жартылай шешімін таппай тұр. Он төрт лагерьдің бесеуінде ауыз су тасып жеткізілетін болады», деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Бәтима Дауымова.

Жаз маусымында осы 14 лагерьде 11 000 бала табиғат аясында демалатын болады. Алтынсарин ауданындағы «Мерей» және Арқалық қаласына қарасты «Строитель» балалар жеке меншік демалыс лагерьлері жоғары дәрежеде жабдықталған. «Мерей» бір ауысымда 650 бала қабылдап, жаз бойы 4500 баланы сауықтырады. Лагерьде тыныс алу органдары ауыратын балалардың ем қабылдауына барлық жағдай жасалған.

Батима Дауымованың айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық станса мен төтенше жағдайлар департаментінің рұқсат қағазынсыз бірде бір лагерь жұмысын бастамайды. Сонымен қатар, облыста каникул кезінде 113 демалыс алаңы және 250 палаткалық лагері жұмыс істейді. Балалар тек демалып ғана қоймай, спортпен шұғылданады, тіл үйренеді, экологиялық білім алады. Осылай болса да, облыста жыл сайын балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда айқын өзгерістер жоқ. Мектеп оқушыларының тек 10-11 пайызы ғана табиғат аясында демалуға мүмкіндік алады.

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»