Сол жылы Беларусьтің Мозырь қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан батырдың денесі Мозырь қаласындағы бауырластар зиратына жерленеді. Батыр есімін есте сақтау мақсатында Маңғыстау облысында Ж.Қалдықараев атына мектеп, көше аттары беріліп, Бейнеу кентінде ескерткіш орнатылған.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласы аясында биыл батыр ұрпақтары мен туыстары ер рухына тағзым ету үшін үлкен іске білек сыбана кіріскен болатын. 4 мамыр күні 25 адам отырған 2 шағын автобус 10 мың шақырым жол жүріп, Ресей, Беларусьтің қалаларын аралап, майданда қаза тапқандар рухына зиярат етті.
Маңғыстаулық экспедиция мүшелері өздерін ризашылықпен қарсы алған және зиратта жерленген 80 шамалы қазақ жауынгерлеріне деген шексіз құрметі үшін Беларусь елінің азаматтарына риза болып оралды. Туған жерінің топырағын апарып батыр зиратына қойған ұрпақтары, батырдың зиратынан әкелінген топырақты Ақтау қаласындағы Даңқ аллеясындағы батырға арналған стелаға қойды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Ақтау қаласының әкімі С.Тұрымов, батыр ұрпақтары мен қала тұрғындары қатысты.
«Бабалардың тәуелсіздік үшін төккен қаны мен ерлігін қай кезеңде айтсақ та артық болмайды. Себебі, ол кісілердің еңбегін ұмытуға хақымыз жоқ. Жұмағали бабамыздың рухы шалқып жатқан болар, ата әруағы алдында үлкен іс тындырған батыр ұрпақтарына алғысым шексіз», деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ