Қазақстан • 19 Мамыр, 2017

Қазақ ұлттық университетінде Наурыз мерекесі өтті

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, халықаралық қатынастар факультетінің “Шығыс жұлдызы” үйірмесі аясында халықаралық қатынастар мамандығының 3 курс ХҚ51 қазақ тобының ұйымдастыруымен қазақтың төл мерекесі Наурыз мейрамына байланысты арнайы іс-шара өтті.

Қазақ ұлттық университетінде Наурыз мерекесі өтті

Әз-Наурыз тойлау барысында қазақтың салт-дәстүрі дәріптеліп көрсетілуінің нәтижесінде  студенттердің қазақтың дәстүрге деген құрметі одан әрі арта түсті десек, артық айтпас едік. Әрине,  шараға  қолдау көрсетуші әрі  ұйытқы болушы  университет ректоры  Ғалымқайыр Мұтанов екені даусыз.

Мерекелік шара, студенттердің ән шашуынан басталып, халқымыздың салт дәстүрінен ауқымды мәлімет беретін көріністер көрсетілді. Киелі домбырадан төгілген күмбірлеген күй мен қыздардың мың бұралған “Қамажай” биі көпшілікті  өнерлерімен тәнті етті. Ұлттық ойын “асық ату” ойыны туралы ақпарат беріліп, студенттердің қатысуымен сахнада асық ойыны ойнатылды, көрермендерге қызығушылық тудырғаны оқытушы-профессорлар мен студенттер арасында асық ойнаудан жарыс болды. Жігіттер асық ойнау барысында біз  күтпеген шебер тәсілдерді ерекше көрсете алды. Ойыннан кейін бір сергіп алып, концерт жалғасын тауып кезек дәстүрлі әндерге берілді, сәл кейінрек Дәулеткерейдің күйі “Көроғлы” орындалды. Әдемі кеште қазақтың әндері мен күйлерінен кейін,  шараға қатысушы факультет ұжымы мен студенттер барлығы бірге ұлтымыздың болмысын танытатын “Қаражорға” биін билеп, көтеріңкі көңілмен Наурыз дастарханына шақырылды.

Қазақтың ұлттық  киімін киіп, шаштарын әсем етіп өрген қыздарымыз, өз қолдарымен дайындаған дастархан жанында күтіп тұрған еді. Ал мерекелік көже дайындау барысында жігіттер жеті түрлі керекті заттарын алып келіп, Наурыз көже дайындауға қыздарға өз жәрдемдерін көрсетті. Қыздарымыздың халқымыздың берекелі дастарханын дәмді тағамдармен толтыруы, оның ішінде сүрі етпен жасалған Наурыз көже ерекше дәмді болды, қатысушылар мен бірге факультет ұжымы алғыс айтты.

Әз-Наурыздың кереметтілігі ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді еске алып, қадір тұтуға үйрететіндей.

Бинұр Балаубаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің доценті