Сондай сабақтардың бірінде VIII ғасырда тасқа түскен Орхон-Енисей жазулары туралы айтылып, оның түркі халықтарының тілінде екенін швед ғалымы Томпсон 1893 жылы дәлелдегенін, ал қазір сол тастарды моңғол әскерлері өздерінің дайындықтарында нысана қылып атып жүргенін сол елге барған ақын Олжас Сүлейменовтің көргені, Моңғол өкіметіне қорғау керектігін айтқанда, олардың тарапынан түсіністік таппағаны туралы әңгіме болды. Жалпы, түркілер, соның ішінде олардың қарашаңырағы болып саналатын біз – қазақтар үшін баға жетпес мәдени мұралардың бұлай аяқасты болғанын естіп отырған жұрттың бәрі наразылық білдіріп, шулап қоя берді. Соның ішінде қазіргі академик Сейіт Қасқабасов ағамыздың мұны ЮНЕСКО-ға жеткізу керек деген сөзі есімде қалыпты. (Артынан бәрі де шешіліп, бұл тастардағы жазудың көшірмелері елімізге жеткізілді ғой)...
Кейіннен біраз уақыт ЮНЕСКО деген не, қандай ұйым екен деп ойланып жүргеніміз де рас. Барлық мәдени мұраларды қорғай алатын болса, бұл бір керемет жер болды ғой. Бірақ халықаралық ұйым ретінде ол біздің сөзге құлақ аса қоймайтын шығар, өйткені, олар тек КСРО-ны ғана біледі, оған арыз-шағым айту тек Мәскеудің құзырында ғой деп ойлағанбыз.
Енді сол атынан ат үркетін ұйымға да тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан дербес мүше болып, оған бүгін тура 25 жыл толып отыр. Еліміз 1992 жылғы 22 мамырда осы ұйымға мүше болып еніп, қазір оның белді қатысушысының біріне айналды. Сонымен бірге, Қазақстан бұл ұйымға өз тәуелсіздігін алған бұрынғы КСРО-ның (Балтық бойы елдерін есептемегенде) басқа республикалары арасынан бірінші болып енді.
ЮНЕСКО дегеннің өзі ағылшынның United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization − деген сөздерінің бас әріптерінен құралған. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі арнаулы мекемесі деген ұғымды береді. Ұйымның басты мақсаты – мемлекеттер мен халықтардың білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын дамыту арқылы әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту. Сонымен қатар, ұйым нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне қарамай, барлық халықтарға БҰҰ Жарғысында жарияланған әділеттілікті қамтамасыз етіп, адамның құқығы мен бостандығын қорғайды.
ЮНЕСКО ғылыми жобаларды, зерттеулер мен ізденістерді қаржыландырмайды, тек проблеманы шешетін әдістер мен жолдарды табуға ықпал етеді. Сондықтан, бұл ұйымды қаржылық тұрғыдан бай ұйым деп айтуға әсте болмас. Ұйымның бюджеті әрбір екі жылға Бас конференцияда бекітіледі. ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің мүшелік жарнасы ішкі жалпы өнімнің көлеміне байланысты анықталады. Кейбір бай елдер мен халықаралық қорлар ұйымға өз еркімен қайырымдылық жәрдемдер де жасап тұрады. Олардың көлемі кей жылдары тұрақты жарналық түсімдерден де асып кетіп жатады. Осындай қаражаттардың көбі АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Франция және т.б. елдерден түседі.
ЮНЕСКО қаржылық көмектерге тәуелді емес, өзінің позициясын нық ұстанатын әділетті ұйым екендігін 2011 жылы бір көрсетті. Сол жылы оның Палестина автономиясын мүшелікке қабылдайтындығына наразы болып, АҚШ өзі төлеуге тиісті 130 млн долларды беруден бас тартты. Оның бұл қадамын қолдап, Канада, Израиль, Австралия және Польша секілді елдер де мүшелік жарна төлеуді доғарды. Соның салдарынан 2012 қаржы жылын ұйым 150 млн долларлық бюджет тапшылығымен аяқтаған еді. Бірақ, сонда да ол өзінің позициясынан бас тартқан емес.
Ұйымның қазіргі Бас директоры Болгария өкілі Ирина Бокова, Атқарушы кеңестің төрағасы Мысыр өкілі Мұхаммед Самех Әмір. ЮНЕСКО-ның ресми тілі алтау, олар: ағылшын, француз, испан, араб, қытай және орыс.
Ұйым аясындағы ұтымды істер
Елімізде 1992 жылғы қазан айында Алматыда Азиядағы БАҚ тәуелсіздігі мен алуан түрлілігін қолдау жөніндегі халықаралық семинар өткізіліп, оған 20 ел мен 6 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Бұл Қазақстанды әлемге танытқан алғашқы ірі халықаралық шаралардың бірі болды. Ал 1993 жылы елімізде ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия құрылып, ол өзге шаруалармен қатар, ұйымның мерейтойлық даталарының күнтізбесіне Абайдың 150 жылдығын атап өту керектігі жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс сол жылдың қараша айында болған Бас конференцияның 27-ші сессиясында қаралып, бірауыздан мақұлданды. Бұл Қазақстанның ұйым шеңберіндегі алғашқы жеңісі еді. Оның ұлы Абайдың есімімен басталуының да үлкен символикалық мәні бар. 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту шаралары ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде маусым айында басталып, Бас директор Федерико Майордың қатысуымен тамыз айында Қазақстанда жалғасты.
Сол жылдың күзінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ЮНЕСКО деңгейінде қорғалатын ғаламдық мәдени мұралар тізбесіне енгізу жұмыстары қолға алынды. Ал 15 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО Бас конференциясының 28-ші сессиясына қатысып, сөз сөйледі және осы жерде Бас директор Ф.Майорға Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін Президенттің 1995 жылғы «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығын тапсырды.
1997 жылғы 2-6 маусым күндері ЮНЕСКО мен Францияда 100 жылдық мерейтойына байланысты қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің күндері өтті. Оған қазақ өнері мен мәдениетінің А.Мұсақожаева, Д.Қасейінов, О.Рымжанов және т.б. майталмандары қатысты. Өзінің сөзінде делегация басшысы, Премьер-Министрдің орынбасары И.Тасмағамбетов М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО шеңберінде аталып отырғандығы қазақ жазушысының шығармалары әлемдік әдебиет жәдігерлерінің қатарына қосылғандығының айғағы екенін атап өтті.
Сол жылы болған ұйымның 29-шы сессиясында құрылымның Атқарушы кеңесі Қазақстандағы Түркістан қаласының 1500 жылдығын 1998 жылы, М.Дулатидің 500 жылдығы мен Қ.Сәтбаевтың 100 жылдығын 1999 жылы атап өту туралы ұсыныс жасап, олар бірауыздан мақұлданды. Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның арасындағы тығыз ынтымақтастық жылдар бойы дамып келеді. Ұйым Арал мен Каспий теңізі проблемаларының шешілуіне де атсалысып, коллоквиумдар өткізді. 1999 жылы Париждегі штаб-пәтерінде «Осы заманғы қоғамдағы интеллектуалдың рөлі, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен жаңа дәуір» атты коллоквиумға арнайы шақырылған қазақ ақыны Олжас Сүлейменов баяндама жасады. Осы шараның шеңберінде ақын Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» кітабының тұсаукесері жасалды. Ұйым Семей ядролық сынақ полигоны жабылуына арналған шараларға, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне және т.б. Қазақстанда болып тұратын халықаралық шараларға белсене атсалысып, өкілдерін жіберіп тұрады.
2001 жылдан бастап ақын Олжас Сүлейменов Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі болып тағайындалды. Осы жылдарда Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығы жаңа сападағы биік деңгейге көтерілді. Қазақстанның ұсынысымен ұйым «Мәдениеттердің 2013 − 2022 жылдарға арналған халықаралық онжылдығы» атты жоспарды қабылдады.
Қазақстанда ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіштердің қатарына Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа, Таңбалы археологиялық ландшафындағы петроглифтер, «Жібек жолы», Сарыарқа және Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері енгізілді. Нақты атасақ, «Жібек жолының» қазақстандық бөлігі бойынша Алматы, Жамбыл облыстарының аумақтарындағы Қойлық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек секілді ортағасырлық сегіз нысан енгізілді. Сарыарқа даласы мен Солтүстік Қазақстанның көлдері жалпы атауының ішінде Қорғалжын және Науырзым қорықтары да тізімге енді. Ал материалдық емес құндылықтар тізіміне домбырамен тартылған күйлер, қазақ пен қырғыздың киіз үйлерін тігу шеберліктері қосылды.
Әлемдік ауқымдағы тарихи құндылықтарға Олжас Сүлейменовтің ұсынысымен «Халықтардың алғашқы ұлы көшкіні» конференциялар тізімі енгізіліп, ол адамдардың ғаламшардағы қазіргі қоныстану ерек-
шеліктеріне дейінгі кезеңді қамтитын болды.
Қазақстанда ЮНЕСКО-ның қорғалуына алынған материалдық емес құндылықтардың қатарына «Қазақ күресі» спорты, «Наурыз» мерекесі, «Сұңқармен аң аулау» секілді саятшылық өнері және т.б. енгізілген. ЮНЕСКО-ның қазіргі Бас директоры Ирина Бокова үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Қазақстанға ресми сапармен келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатыспақшы. Онда ЮНЕСКО-ның «Ислам мәдениетінің әр түрлі аспектілері» деген тақырыптағы басылымдар коллекциясының тұсаукесері жасалады деп жоспарланған.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»