Қазақстан • 22 Мамыр, 2017

Мақсат – сенім үдесінен шығу

417 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова шығармашыл жастар өкілдерімен кездесті. Кездесуге Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, жас дарындар – жазушы Б.Сарыбай, ақын Қ.Омар, суретші К.Бекмұрзаева, мүсінші Л.Кочетов, театр және кино актерлері Ә.Ахметов, Ж.Мақажанова, Н.Ли, пианист Р.Әбдісағин, балет солисі Б.Адамжан, әнші И.Кайсиди және дирижер Қ.Омаров қатысты.

Мақсат – сенім үдесінен шығу

Кездесуде отандық мәдениеттің, әде­биеттің, өнердің өзекті мәселелері, сондай-ақ, еліміздегі рухани-мәдени саланың қазіргі жай-күйі мен келешегі талқыланды.

«Сіздер жастардың ішінде белгілі болып, өздеріңізді көрсетіп, елге қызмет істеп жүрсіздер. Әрқайсыңыздың мемле­кетіміздің рухани мәдени өмірінде алатын орындарыңыз бар. Сондықтан, сіздермен кездесіп, пікір алмасқымыз келіп отыр. Бүгінде жастарды қолдау бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында жас­тар мәселесіне айрықша назар аударды. Одан кейін «Интеллектуалды ұлт-2020» деген бағдарлама қабылданды. Қазіргі кезде «Жастар саясаты туралы» ауқымды тұжырымдама бар. Осының барлығы жастарға жол ашады, бағдар береді деп ойлаймын», – деді Г.Әбдіқалықова. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Ел­ба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ла­сында мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа бірге қадам басып, бұқаралық сананы өзгерту міндеті қойылғанын атап өтті. Оның ең басты талабы – мәдениетімізді, ұлттық кодты сақтау. Сонымен қатар, Гүлшара Наушақызы шығармашыл жас­тар өкілдері Елбасы айқындап берген міндеттерді іске асыруға белсене атсалысатынына сенім білдірді. 
Өз кезегінде кездесуге қатысушылар ұлттың жан-жақты жаңғыру үдерісінде Қазақстандағы жас ұрпақтың маңызды рөл атқаратынына тоқтала келе, қоғамның рухани дамуы мәселесі бойынша өз­дерінің идеяларымен, ой-пікірлерімен, ұсы­ныс­тарымен бөлісті. Мәселен, жазушы Бейбіт Сарыбай латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ойын ортаға салды. Ол: «Дәл қазіргі уақытта біздің қоғамда латын әліп­биіне көшу мәселесі жас баладан ақыл тоқтатқан ағаға дейінгі аралықта қызу талқыланып жатыр. Барлығы өздерінің ой-пікірлерін білдіруде. Көпшілік қауым латын әліпбиіне көшу жағында. Неге? Өйткені, бұл – уақыт талабы. Елбасымыз рухани тұрғыда жаңғыру керек деп жатыр. Ендеше, біз рухани жаңғыруды әліпбиді жаңарту мен жаңғыртудан бастауымыз керек», – деді. 
Б.Сарыбай, сондай-ақ, қоғамды алаң­датып отырған мәселелердің де жоқ емес екенін жеткізді. «Әсіресе, жазушы қауым­ды толғандыратындай бір мәселе бар. Ол – «біздің осыған дейінгі жарық көрген кітаптарымыз оқылмай қалады» деген алаңдаушылық. Жоқ. Олай деу­ге болмайды. Шындығында, латын әліпбиіне көшу аясында үлкен сүзгі болады. Біздің тұңғыш романымыз «Бақытсыз Жамал» болса, күні кешегі, қазірше соңғы деп айтатын болсақ, ол Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романы. Осы екі романның аралығындағы барлық жауһарларымыз латын әліпбиіне ауыс­тырылып, көшіріледі. Ал енді кеңестік кезеңнің сойылын соғып, саясатын жырлап, көркемдік биікке кө­те­ріле алмаған шығармалар болса, олар сол кириллицада қалып кетеді деп ойлай­мын. Сондықтан, егер терең мән бере қарай­тын болсаңыз, бұл – үлкен сүзгі. Бұл үр­діс­ке толық көш­кеннен кейін арада 25-30 жыл өткен кезде біздің әдебиетімізде тек жауһар дүниелер ғана болады», – деді жас жазушы. 

Т.Жүргенов атындағы қазақ-ұлттық өнер академиясының студенті, суретші Крис­тина Бекмұрзаева елімізде қолға алын­ған «Туған жер» бағдарламасы төңі­регінде сөз қозғады. «Туған жер» бағдарламасы бізге, яғни жастарға өз мем­ле­кетімізге тәжірибелік тұрғыда пайда, табыс әкелетіндей мүмкіндік береді деп ой­лаймын. Әрине, біздің әрқайсымыз өзіміз­дің туып-өскен өңірімізді, аймағымызды қастер тұтамыз. Бірақ, ол жеткілікті емес. Ол үшін шынайы түрде нәтиже беретіндей жұмыстар атқарып, үлес қосу керек. Елбасы бізді, міне, осыған үндеп отыр. Сондықтан, ел жастары бір мүдде жолында шоғырланып, мемлекеттің өркендеуі үшін еңбек етуі керек. Демек, әрқайсымыз өз ісі­міздің шебері, өз саламыздың майтал­маны болғанымыз жөн. Сол арқылы ғана біз еліміздің дамуына үлес қоса ала­мыз», – деді К.Бимурзаева. Бұл ретте, ол «Болашақ» бағдарламасының маңыз­ды­лығына да тоқталды. «Алайда, біз шет жерде жүріп, білім алған кезде өзіміздің қай­дан шыққанымызды ұмытпай, өз елі­мізге келіп, пайдамызды тигізуіміз қажет», – деді суретші. 

Театр және кино актері Әділ Ахметов жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның қалып­тасуы­на өнердің де қосар үлесі зор екенін атап өтті. «Таяуда ғана жарыққа шыққан Елба­сы­мыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мені ерекше толғандырған мәселелер бар. Солар­дың бірі – XXI ғасырдағы ұлттық сана­ның қалыптасуы. Демек, біз өзіміздің бойы­мыздағы ұлтымызға тән жақсы қасиеттерді сақтай отырып, керісінше, кейбір кереғар, кертартпа дүниелерден арылуымыз керек. «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар». Сондықтан, трайбализмнен арылуға мен барша қазақстандықты шақырамын. Себебі, «жүзге бөлінгеннің жүзі қара, руға бөлінгеннің өзі қара» деген де сөз бар. Ал мүддесі бір, бірлігі жарасқан елде мұндай дерттер болмауы керек», – деді актер. «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші балет солисі Бақ­тияр Адамжан да Мемлекет бас­шы­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласына қатысты өз ойын айтты. «Бұл – өте құнды мақала. Себе­бі, онда болашаққа жол көрсету бар. Ке­лешекте мемлекетіміздің дамыған ел­дер­дің қатарында тұруы үшін қандай қадам­дарға бару қажеттігі айқын көрініс тап­қан. Жастар үшін мұндай бағдарлар тек қана талпыныс, ізденіс пен шабыт бере­ді. Мен «Астана Опера» театрының әрті­сі болғандықтан, қазір өз еңбегімнің нәти­жесі мен жемісін көріп келемін. Қазақ өнерін, оның ішінде, балет өнерін тек қана Қазақстанда ғана емес, шет елде де танытуға, дәлелдеуге үлес қосуымыз керек», – деді Б.Адамжан.

Композитор және пианист Ринат-би Әбдісағин Президенттің мақаласы дер кезінде жарық көргенін тілге тиек етті. «Бұл біз үшін, әсіресе, жастар үшін шынымен де, маңызды да қажетті бағдар. Онда көтерілген дүниелердің ішінде менің жаныма, әсіресе, мәдениеттердің өзара, бір-бірімен бәсекеге қабілетті болуы мәселесі жақын. Біздің өз өмір сүру салтымыз, ойлау жүйеміз, Батыс әлеміне көрсетерліктей өз құндылығымыз бар. Рухани-мәдени кеңіс­тікте де жаңа заманға сай өнерлі жас­тар көбейіп келеді. Біз бәсекеге қабілет­ті­лігімізді, ешкімге ұқсамайтын ерекше­лігімізді заманауи озық дүниелерді бойы­мызға тереңнен сіңіру, сол арқылы өз этнос­тық кодымызды жаңғырту арқылы да жандандыра, дамыта аламыз. Осының негі­зінде өз салт-дәстүрлерімізді рухани тұр­ғыда байытуға мүмкіндік аламыз», – деді Р. Әбдісағин. Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы мәдениет және өнер қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, береке-бірлік пен шығар­машылық табыс тіледі.