Сонда Елбасы «Қазақтың қай жері де қазақтікі. Мына тұрған бұрынғы Нарынқол ауданы шекараға таяу, көп жері босап қалды. Табиғаты ғажап. Солтүстіктің көп аудандарында тарихи отанына көшкен халықтардың есебінен адам саны азайды. Отанына оралғысы келген ағайындарды ең алдымен осы өңірлерге қоныстандыруға ықпал ету керек», деген болатын.
Расында, қазақтың қай өңірінің де алаш баласына бөтендігі жоқ. Өз жері, өлең төсегі. Ал оңтүстіктің көптеген аудандарында адам саны көбейіп, шағын болса да жер алып, кәсіпкерлікпен айналысу қиындап кетті. Сондықтан, жұмыссыздық мәселесі ушығып барады. Оңтүстіктің қазағын солтүстікке көшіру идеясын қолдаған азаматтардың бірі облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабай Ағабеков екі-үш жылдан бері осы мәселемен түбегейлі айналысып жүр. Өз қалтасынан қаржы шығарып, жүздеген отбасыны Солтүстік Қазақстан облысының аудандарына апарып қайтты. Ондағы билік басындағы азаматтармен кездесіп, жағдайды таразылап жүр.
Жақында екі автобуспен жолға шыққан көштің алғашқы тобын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаев пен облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр бастаған жергілікті билік өкілдері шығарып салды.
– Бұған дейін қоныс аударған азаматтардың 70 пайызы жұмыспен қамтылды. Олар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасумен қатар, ауыл шаруашылығы саласында мал, егін шаруашылығымен айналысуға 7 мың гектардан астам жер алып, бірнеше ауыл кооперативтерін құрып, жеке кәсіпкерлік ашып, істерін дөңгелетіп отыр. Сондықтан, сапарларыңыз сәтті болып, солтүстіктің еліне ел болып қосылуларыңызға тілектеспіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр шығарып салу рәсімінде.
Оңтүстік Қазақстан тұрғындарын еліміздің жұмыс көзі көп аймақтарына қоныс аудару шарасы аясында аталған отбасылар солтүстіктің Айыртау, Ақжар, Жұмабаев, Есіл және Уәлиханов аудандарына барып қоныстанбақ.
Биыл қоныс аударған отбасының әр мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 80 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Сонымен қатар, бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады.
Әрине, бұрын жылы жақта тұрған халықтың солтүстіктің қаталдау ауа райына бірден көндігіп кетуі қиындау соғады. Сондықтан, алғашқы кезеңде оларға сіңіcіп кету үшін жанашырлық, қолдау керек. Осы игі іске мұрындық болып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабай Ағабеков қоныс аударушылар бірден шаруашылықпен айналысуы үшін әр отбасына 130-150 мың теңге көлемінде көкөніс дақылдарының тұқымын алып беруге уәде етті. Бұл – сүйсінерлік, үлгі алатын жайт.
Сәуір айында оңтүстікке солтүстіктен арнайы келген жұмыс берушілер бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізген болатын. Әзірге, мыңға тарта отбасы қоныс аударуға ниеттерін білдірді.
Қазақ мұндайда «Көш көлікті болсын!» деген ақ тілек айтады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы