Қазақстан • 24 Мамыр, 2017

Құстар жайлы қайырым

2525 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлы жаратылыстың адамнан кейінгі ғазиздерінің бірі құстар болып саналады. Құстар – еркіндік­тің белгісі, қазақ халқының болмы­сын айшықтап тұратын жұмбақ жара­тылыс. Күз келсе, бізге бей­мәлім өлкелерге сапар шегетін, туған жерімізде көктем орнаса, адам­дарға қайтадан үміт сыйлап ора­ла­тын құстардың адамның досы екеніне шүбә жоқ.

Құстар жайлы қайырым

Біздің қанатты дос­тары­мыздың өзіне тән тіршілігі, өзіне тән болмысы бар. Әрбір нәрсенің жік-жікке бөлінетіні сияқты, құстардың да түрлері жетерлік. Мәселен, құс төресі аққу қашанда сұлулықтың символы саналады. Қай заманда кімнің қалыптағаны белгісіз, көне жырлардан бастап бүгінгі күнгі ақындардың өлеңдеріне дейін аққу аты кездеседі. Сүйгенін аққуға теңе­меген ақынды табу қиын. Егер ол сұлулыққа сүйсінбесе, оның ақын­дығына күмәндануға да болатындай. Зерттеуші ғалымдардың пікірінше, қазақ жерін мекендейтін сыбырлақ және сұңқылдақ деген аққулар екен. Құс төресіне баланатын сол сыбыр­лақ аққулардың суретін батыс пен шығыстың анималист суретшілері де салды. Адам жанындағы шырақтың бәрін қозғап өтетін сұлулық сүйсін­дірмей қойсын ба?!

Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» деп әндеткеніне бар қазақ куә. Ұлы қазақ даласы те­рең­дігімен де, кемелдігімен де ғазиз құстарға пана болған. Енді бүгінде қанатты періштелердің ғайыпқа сіңіп, құсжолына із тастап бара жатқандығы ойлантарлық құбылыс болып тұр.

Қазақтың көрнекті шайыры Есенғали Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» дейтін кітабы бар. Сол кітапта ақын «Сұңқылдақ аққу жыл санап жоғалып барады. Бұрын Ыстықкөл мен Каспийден басқа Жамбыл облысындағы Билікөл, Батыс Қазақстан облысындағы Шалқар және Арқаның көлдеріне, Балқаш пен Аралға, Зайсан мен Ілеге қонып өтетін құс бүгіндері сирек кездеседі» деп жазады. Расымен, бүгінгі таңда аққу құсының азайып бара жатқаны туралы әңгіме жиі қозғалады. Жалғыз аққу емес, көпте­ген қанатты періштелердің бүгінгі жайы барлығын да толғандырады.

Білетіндер, аққудың басты дұшпаны бақсылар мен балгерлер екенін айтады. Олардың ойынша аққудың өті мың да бір кеселге ем көрінеді. Обал, әрине. Бұдан кейін талай адамның аққуға тұзақ құратыны белгілі. Ал көрші Қытай елі аққудың етінен түрлі тағамдар дайындайды екен. Бұдан кейін мейірімділік пен рақымдылық туралы сөз қозғау түгілі, ойлау­дың өзі бір түрлі. Ал атақты Мұқа­ғали Мақатаевтың «Аққулар ұйық­тағанда» шығармасындағы аққуды атқан адамның тағдыры оқырман жадын­да болар. Халқымыз да «аққу­ды атпа» дейді.

Адамзат үшін қастерлі құстар­дың тағы бірі – қарлығаш. Қазақ дала­сында барлық қазына бар. Таби­ғаттың көз ақы берерлік әсем­дігі біздің далаға берілген. Қазір­гі Шымкент қаласы мен Тараз шаһарының ортасындағы көркем тау Шақпақ асуы деп аталады. Сол Шақпақтың алпыс екі тамы­рыңды қуалап құбыладан ескен ерекше қоңыр желі туралы да жиі айтылады. «Тиеді Шақпақ желі тоқпақ болып» деген халық өлеңі де бар. Ал қарлығаштың адам бала­сына үйірсек келетін қасиеті екі­бас­тан. Кешегі Кеңес өкіметінің био­логтері де Шақпақтың мұндай шы­найылығына шынында таңдай қағы­сып өткен. Қыран құстан бас­тап, жұдырықтай торғайға дейін Шақпақ асуынан асарда төмен­дей ұшады екен. Ұзақ, қарға секіл­ді құстардың Шақпақ асуынан қаз­да­ңдай басып, жаяу асып бара жатқанын көрген ғалымдар бұл турасында жазған да кезінде. Ғалым­дар құстардың жолын тосып, оларды сақиналайтын бірден-бір орын ретінде Шақпақты ұйғарған. Сөйтіп, кезінде асудың аузына «Аран тор» да құрылған екен.

Әулиеата өңірінде орналасқан Шақпақ асуында бір кездері қарлы­ғаштар көп болған деседі. Қарлығаш құстың қасиеті бізге дейінгі талай аңыз-әпсаналарда, түрлі рауаят­тарда айтылып жүр. Мысалы, Қазақ­стан Ғылым Академиясының Зоо­логия институты 1978 жылы күз айында Шақпақ асуында күнделікті жұмыстарымен айналысып жатады. Әлгі «Аран торға» түскен бір қарлы­ғашты ғалымдар сақиналапты да, қайтадан қоя беріпті. Құдайдың құдіреті сонда, арада төрт күн өт­кен­нен кейін орыс орнитологтері сақи­наланған әлгі қарлығашты Хака­сиядан бір-ақ ұстайды. Зерт­теу­шілердің пайымдауынша, әлгі қар­лығаш тәулігіне сегіз жүз шақы­рымнан астам жол ұшқан екен. Енді дала еркесінің мұндай қасие­тіне таңданбауға болмайды.

Қарлығаш құс туралы қазақ аңыз-ертегілерінде де жиі айтыла­ды. Ортағасырлық көрнекті ғалым Рабғузидің «Қисса сүл Әнбия» кітабындағы «Нұх алейһис салам һикаяларында» жер бетін топан су басқанда пайғамбар кемесінде де қарлығаштың болғаны баяндалады. Демек, қарлығаш құсы ұлы дала­мызда ежелден бар деген сөз.

Тыраулаған тырналардың таби­ғаты бір бөлек. Ел арасындағы есеп­шілер мен жұлдызшылар ауа райын болжағанда, ақбас тырналардың келіп-кетуіне қараған дейді. Мы­салы, тырна тым төмен ұшса, онда күн суытады деп болжанған. Ал ор­нитолог ғалымдар дуадақ, деге­лек секілді құстарды Шымкент, Жам­был, Алматы облыстары­нан бол­маса, өзге жерлерден кез­дестірмегенін жазады. Бүгінде мұн­дай қанатты періштелер бұл жер­лер­ден де көрінбей кеткен сияқты.

Қақаған қаңтар, бозшолақты ақ­пан­нан соң наурыз айы келеді. Таби­ғаттың ең бір әсем мезгілі туа­ды. Көктеммен ілесіп қараторғай келеді. Бұл да бір адамзатқа беріл­ген ғажайып сый. Атақты Үкілі Ыбы­райдың «Көңілің тас та болса бір жібиді, сәріде қараторғай сай­ра­ғанда» деген өлеңі тегін айтыл­маса керек. Ақтүтек боранда да, ми қай­натар ыстықта да қарға ғана мекенін ауыстырмайды десе­ді. Қасиетті Құран кітабында да құс­­тар туралы нақты аяттар бар. Бәбісек құстың Сүлеймен пайғам­бар­дың қызметінде болғаны айты­лады. Ал ежелгі аңыздарда Сүлей­мен ғалейссаламды сөзден тосыл­­дырған тағы бір құстың бай­ғыз екені айтылады. Сондықтан, құс­тар да Жаратушының ерекше ғазиз жүректілерінің бірі. Кейбір дерек­терге қарағанда, 1860 жылдан бері жүргізілген есеп бойынша, құстың сексен түрі жер бетінен жойылып кеткен дейді. Шынында бүгінде де құстың түрлері азайып барады. Сушылқара, құрқылтай, әупілдек, қырғауыл, сарышымшық секілді құстар да қазақ даласында көп болған. Ал бұлбұл құстың әншілігі, керемет жаратылысы тіпті ғажап.

Құстар азайып барады. Табиғат­тың ең бір әсем, әдемі жараты­лы­сынан біз сәт сайын алыстап бара­мыз. Асыл текті құстардың азайғаны тағы бар. Көктем келіп, күн күлімдегенде тылсым табиғаттың көркін ашатын құстардың қасиеті қай кезде де қымбат.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»

ТАРАЗ