Театр • 24 Мамыр, 2017

Қостанайда «Ақ сайтанның әлегі» атты спектакльдің премьерасы өтті

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрына жаңа лек келіп қосылды. Жас режиссер Жәнібек Кәрбозов Ерсайын Төлеубайдың халық аңызы негізінде жазылған «Ақ сайтанның әлегі» атты пьесасын көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» тілшісі.

Қостанайда «Ақ сайтанның әлегі» атты спектакльдің премьерасы өтті

      Сахнада Адам ата мен Хауа ананың жалғызы – Адам қорылдап ұйықтап жатыр. Оны Ит, Есек, Маймыл келіп жұлқылап кетеді, оянбайды. Ал Жәбірейл періштенің жалғыз ұлы Ақ сайтан келіп оятып: «Неге жатсың? Тұр, Тәңірімізден жас сұрап алайық, сен енді өлесің ғой?!» дейді. Адам бармайды. Ақ сайтан Тәңірімен сөйлесе алатын Құзғынмен тілдесіп, Тәңіріміз 50 жас берген Иттің, Есектің, Маймылдың  жарты жасын адамға беруіне көндіреді. Драматург пен режиссер осы шығарма арқылы адамның ең жақсы өмірі жастық шақ та, одан кейін өмірдің, уақыттың, қарттықтың салмағы түсе береді. Өмір адамды ит те, есек те, маймыл да етеді деген ойға жетелейді.

         «Жәнібек академияда Сатыбалды Нарымбетовтей өте тәжірибелі киногерден тәлім алды. Бірақ Шәкен Айманов та классикалық фильмдер қалдырғанымен,  өнердегі жолын алғашқыда театрдан бастаған. Бұл Жәнібектің  өнер өріне жүзуінің бастамасы», деді театрдың бас режиссері,  Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай. Спектакльде негізінен театрға соңғы уақытта келгіп қосылған жас актерлер өнер көрсетті. Жас режиссер мен жас актерлердің сахналауындағы қойылымға көрермен ұзақ қол соқты.

         Жәнібек Кәрбозов академия қабығасында жүріп-ақ қысқа метражды үш кино түсіріп үлгерді. Оның дипломдық жұмысына алған «Оң қол» қысқаметражды  фильмі көрерменнен де,  повесть  авторы Төлен Әбдіковтен де жылы бағасын алған еді.

Нәзира Жәрімбетова,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ