12 Қаңтар, 2010

ЖАҚСЫДАН ЖАҚСЫ ТУАР ЖАРҚЫЛДАҒАН

3667 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
2006 жылдан бастап еліміздегі “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыруға үлкен үлес қоса отырып, Хорланның бас редакторлығымен дүниежүзілік психологиялық ақыл-ой қазынасының 10 томдығы мемлекеттік тілде жарық көрді. Хорланның жарық көрген 100-ден астам ғылыми еңбектерінің ішінде 6 монографиялық, 12 оқу құралдары бар. Хорлан Тоқтамысқызы әсем қала Алматыда дүние­ге келген. Адамның көңіл-күйінің, мінез-құлқының, пейілінің, жан дүниесінің, жалпы бүкіл болмысының қалыптасуына отбасымен қоса оның туған өлкесінің, өзін қоршаған табиғаттың тигізетін әсерінің зор екенін ескерсек, Хорланның жайдары мі­не­зі, ашық дарқан көңілі, бауырмалдығы мен се­зімталдығы, жарқылдаған күлкісі осы гүлденген табиғаттың оған тартқан сыйы сынды. Тоқтамыс Беделбаев сияқты әкесі қоғам және мемлекет қай­раткері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Үнемі басшы қызметтер атқарып, қазақ халқының өркендеуіне еңбегі сіңген азамат. Хорланның анасы – Болат Сүлейменова Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы халықаралық университеті жанындағы Азия, Африка елдері институтының түлегі, түрік тілдері мамандығын тәмамдаған білімді, парасатты қазақ қызы. Міне, тумысынан үлгілі ортадан, ұлағатты отбасынан, тәрбие алған, атақты ғылым орталық­тарынан сусынданған адамның Хорландай болмай, басқаша болуы мүмкін бе? Ол 1972-77 жылдары Мәскеудегі КСРО педагогика ғылымдары акедемиясы ғылыми-зерттеу институ­тының мектепке дейінгі бөлімінде “Психология” мамандығы бойынша ізденушілік жұмыс атқарды. 1978 жылы өзінің мамандығы бойынша сол институтта кандидаттық, ал 1999 жылы Ресей білім академия­сында докторлық диссертациясын қорғап, психология ғылымдарының докторы дәрежесіне жетті. 1977-1980 жылдар аралығында Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің психология кафедрасының оқытушысы, ал 1980 жылдан қазіргі кезге дейін Қазақтың мемлекеттік қыздар педаго­гикалық университетінде қызмет атқарып келеді. Алғашында оқытушылық қызметке келген Хорлан біртіндеп қажырлы еңбегінің, ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде аға оқытушы, доцент, профессорлық жұмыстарды атқарса, 1988 жылдан бастап, аталмыш институттың алғашында жалпы психология, ал осы таңда теориялық және практи­калық психология кафедрасының меңгерушісі. Хорланның психологияның әр саласынан үлкен шабытты сезіммен, ғылыми ұстаныммен, педагогтық шеберлікпен, жаңа технологияларды қолдана отырып оқитын нәрлі дәрісін студенттер, магистранттар, мектеп мұғалімдері, ата-аналар сүйсіне тыңдайды. Өзі сабақ беретін ғылымның негізін, оның әдістемесін жете меңгергенмен, дәрісті шебер дарындылықпен, қызу жүрекпен, тартымды тілмен, қызықты деректерді қабыстыра отырып оқу кез келген педагогтың қолынан келе бермейді. Бұл нағыз психологтардың бойына біткен ерекше қасиет қой деп ойлаймын. Педагогикалық психология саласынан Хорлан Тоқтамысқызы жақын және алыс шетелдерге танымал ғалым. Психологиялық мәселелердің ішінде оның ғылыми бағыты: психологияның теориялық-мето­дологиялық негіздері; балалар және педагогикалық психология; білім беру және дамыту психологиясы. Бұл салалардың бәрі қазіргі таңдағы жаңа қоғам жағдайында адам баласының өсуі мен дамуына, оның тұлға ретінде қалыптасуына негіз болатыны белгілі. Хорлан Тоқтамысқызы тұлғаның қалыптасуы туралы келелі мәселелерді зерттеу үстінде. Ғалымның басшылығымен фундаменталды ғылыми тақырыптарға жататын “Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруді ұйымдастырудың ғылыми негізі”, “Дене және ақыл-есінің кемістігі бар балаларға коррекциялық-педагогикалық, әлеуметтік қамқорлық көрсетудің ғылыми-әдістемелік негізі” және т.б. мәселелер бойынша түбегейлі зерттеулер жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінің назарын аударып отырған “Адамдардың денсаулығы мен психологиялық дамуына экологияның әсері” мәселесімен де ғалым өзінің шәкірттерін қасына ала отырып зерттеу жүргізуде. Оның нәтижелері адамзатқа қажетті табиғи ортаны үнемді пайдалану мәселесінде іс жүзіне асып отыр. Бұл зерттеулердің нәтижелері Мәскеудегі Ломоносов атындағы, әл-Фараби атындағы және Абай атындағы Қазақтың ұлттық университеттерінің педагог, психолог ғалымдары мен мамандары тарапынан өте жоғары бағасын алды. Сондай-ақ, ғалым “Бөбек” ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе “Өзін өзі тану” инновациялық білім бағдарламасын жасауға да белсене қатысты. Осыған байланысты Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті бұл бағдарламаны жүзеге асырудың республикалық орталығына айналып отыр. 2006 жылдан бастап еліміздегі “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыруға үлкен үлес қоса отырып, Хорланның бас редакторлығымен дүниежүзілік психологиялық ақыл-ой қазынасының 10 томдығы мемлекеттік тілде жарық көрді. Хорланның жарық көрген 100-ден астам ғылыми еңбектерінің ішінде 6 монографиялық, 12 оқу құралдары бар. Осы уақытқа дейін оның жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаты дайындалды. Х.Шериязданова “Ерен еңбегі үшін” медальнің иегері, “Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы” номинациясының жеңімпазы, жақында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Әйел затының жарқырап алға шығуы, бойындағы білімі мен ілімін, бүкіл қабілетін жая көрсетуі отба­сын­да үнемі қасынан табылатын, қолдап, қорғап отыратын құдай қосқан жарының жақсылығына тікелей бай­ланысты екенін өмір мектебі алдымызға талай тартты. Осы тұрғыдан алғанда, мінезімен де, ақыл-парасатымен де, ғылыми дәрежесімен де терезесі өзімен тең түсетін, сырбаз мінез Ғалым Бекенұлы сияқты жарының болуы да Хорланның Алла берген бақыты деп білеміз. Осындай үлкен ғалым, адал дос, парасатты жанның Қыздар педагогикалық университетінде тәлім беруі жастардың өнеге алуына, өмірде алға талпынуына, биікке құлаш ұруына, себін тигізетіні айқын. Ұлттың бүкіл болмысы мен болашағына жауапты қыз балалардың жан дүниесін қозғайтын әсерлер көп. Соның ең күштісі көзге бірден шалынатыны педагог өнегесі. Сондай өнегені Хорлан Шериязданқызы сияқты жандардан алуға болады Қазына АЙТМАҒАМБЕТҚЫЗЫ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.