Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру және ғылым саласын мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде белгілеп, университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету керек деген міндеттемені үнемі алға қойып келеді.
Қазір инновациялық саясат ең бірінші адами ресурстардың ғылыми-техникалық әлеуетін ғылым дамуының басым бағыттарына жұмылдыруды тездетіп, ғылым нәтижелерін осы заманғы өндірісте тиімді пайдалануды талап етуде. Қазақстанның экономикалық көрсеткіші және ішкі нарығының динамикалық өсуі экономикамызға жаңа инвесторларды тартуға негіз болуда. Біраз жыл бұрын мұнай және газ, шикізат өнімі маңызды болса, бұл күнде қайта өңдейтін өндіріс орындары, телекоммуникация, ақпараттық технология, мұнай химиясы, тағы басқа да өндірістің дамуына жол ашылып отыр.
Білім беру мен өндірістің ұзақ жылдар бойына өзара байланысы үзілгендіктен, мамандарды дайындау сапасы да төмендеді. Бүгінде заман талабына лайық мамандарды, әсіресе, жаңа білімді қабылдай білетін мемлекет элитасын университет қабырғасындағы білім мен өндірістің, жаңа технологиялардың тығыз байланысы негізінде ғана дайындауға болатынына көз жетіп отыр. Осыған орай, жоғары технология мен ғылымның соңғы жетістіктерін білім берудің мемлекеттік стандарттарына міндетті оқу пәндері ретінде енгізу қажеттігі туындап отыр. Бұл жұмыс бізде оқытушылардың таңдауына берілген. Ал олар өздерінің ескі лекцияларын оқудан жалығар емес. Бұған енді төзуге болмайды. Пәндер тізбесін жасау, оны жаңа заңға сәйкес оқу-әдістемелік және кадр мәселелерін шешудің нақты жолдарына ыңғайластырып, Республикалық жоғары ғылыми-техникалық комиссияға ұсыну керек. Жаңадан енгізілетін пәндердің мемлекеттік стандартқа кредит мөлшері бойынша сағат бойынша сыймау проблемасын жаңа үлгідегі стандарттар арқылы шешуге болады. Атап айтқанда, пәнаралық байланысты жетілдіре отырып, ғылыммен ұштастыра енгізу қажеттілігін бірінші ескеру керек. Білім беру мазмұнын осылайша модульге бөлу (модуляризация образовательных программ) жаңа үлгідегі стандарт желісінде артықшылығы зор.
Аймақтық университеттердің білім беру қызметінің негізгі міндеттері – жастарға үздіксіз сапалы білім беру, қоғамның, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету болғанымен, білім мен ғылым деңгейін көтеру оңай болмай отыр. Оның себебі, біріншіден, аймақтық жоғары оқу орындарына дайындығы орташа жергілікті жастар түседі, үздік түлектер астаналық жоғары оқу орындары мен шетелге оқуға кетеді. Ал, аймақтық жоғары оқу орындарын үздік немесе жақсы бағамен бітірушілер жоғары оқу орнының ғылыми-педагогикалық қызметінде қалып, жұмыс істегісі келмейді. Өйткені, педагогикалық қызметтің жалақысы аз болғандықтан «мәртебелі» мамандыққа санамай, өндіріс орындары немесе кәсіптік құрылымдарға кетуге ұмтылады. Нәтижесінде ғылыми-педагогикалық жұмысқа білімі орташа немесе төмен студенттер тартылады. Бұл жағдай жалғаса беретін болса, жоо-ның сапасының төмендеуі мен жоғары білім жүйесінің деградациясына алып келетіні анық.
Екіншіден, жыл сайын елімізде әр сала бойынша жоғары білімді мамандар қажеттілігіне талдау жүргізіледі. Сол талдау бойынша педагогикалық білімі бар мамандарға қажеттілік өсіп отыр. Мәселен, Алматы облысында педагог кадрлардың тапшылығы әлі де орын алуда. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл мәселенің күрмеуі шешілмей келеді. Мұның бірінші себебі, 90-жылдары педагогикалық мамандықтарға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Екінші себебі, «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» бағдарламаларының жүзеге асырылып, мектептердің, мектепке дейінгі мекемелердің көптеп ашылуына қатысты болса, үшіншіден, демографиялық жағдайдың жақсаруы, яғни, оқушылар санының артуына байланысты деп айтар едім.
Үшіншіден, статистикалық мәліметтер бойынша «Білім беру» бағытындағы мамандарды даярлау 14 пайызды құрайды және «Техникалық ғылым және технологиядан» (24%) кейін екінші орынды алады.
Отанымызда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында педагогтерге қойылатын талаптарды күшейту шаралары қарастырылған. 2015 жылдан бастап педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің педагогикалық қызметке икемділігін анықтауға арналған шығармашылық емтихан енгізілмек. Егер шығармашылық емтихан тек педагогикалық мамандықтарға енгізілсе, онда педагогикалық мамандыққа келетін талапкерлер саны күрт азаятыны ақиқат. Сондықтан әр талапкердің мамандыққа икемділігін анықтауға арналған шығармашылық емтиханын барлық мамандықтарға енгізген дұрыс. Тағы бір ойланатын жәйт, бүгінгі күні мұғалімдердің 83 пайызы әйел қауымы. Ал келешек жас ұрпаққа білім беруде ер мұғалімнің алар орны айрықша. Сондықтан мұғалімдердің беделін көтеру, оларды әлеуметтік жағынан қолдау, қорғау кезек күттірмейтін мәселе ретінде қарастырылса оң нәтижеге қол жеткізілер еді.
Енді осы мәселелерді шешу жолын қарастырсақ, 12 жылдық білім беруге көшкенде профильдік мектепте жаратылыстану-математикалық және қоғамдық гуманитарлық бағыттармен бірге педагогикалық бағытты да енгізу қажет. Педагогикалық бағыт бойынша 10-11 сынып оқушылары арасында аудандық, қалалық, облыстық, республикалық пәндік олимпиада өткізу тиімді.
Педагогтардың статусын жоғарылату мәселесінің шешуші механизмі ретінде жоғары оқу орындарының жергілікті билікпен облыстық және қалалық әкімшілікпен байланыс орнатып өзара ынтымақтастықта болуын айтар едім. Ал, педагогикалық мамандықтарға қабылдау жүйесін жетілдіруде Білім және ғылым министрлігі жанынан жұмыс тобын құруы керек. Оның құрамына жоғары оқу орындары өкілдерін және облыстық білім департаментінің қызметкерлерін енгізу қажет. Құрылған топтың мақсаты аймақ бойынша педагогикалық кадрлардың қажеттілігін анықтап, «Білім беру» бағыты бойынша мемлекеттік тапсырыстың негізгі бағыттарын анықтар еді. Жоғары білікті педагог мамандар даярлаудың тағы бір тетігі, оқу орындарының мектептермен тиімді байланыс жасауы. Бұл жерде біліктілікті өзара жоғарылатудың жолын қарау керек. Жоғары оқу орнының оқытушысы мектепте, ал мектеп мұғалімі жоғары оқу орнында кәсіби біліктілігін арттырса құба-құп болады.
Мысал ретінде, аталған мәселелерді шешу мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің атқарған жұмыстарынан бірер дерек келтірейін. Университет педагогикалық мамандықтарға білімгерлерді оқыту мақсатында облыстық әкімшілікпен тығыз байланыс орнатқан. Қазіргі таңда облыс әкімінің грантымен 164 студент білім алуда. Оның ішінде педагогикалық мамандық бойынша 85 студент оқиды. Сондай-ақ университет меморандум негізінде түлектерді қызметке орналастыру мақсатында облыстық білім департаментімен бірлесе жұмыс істеуде. Кәсіби педагогтарды үздіксіз даярлау мақсатында жоғары оқу орындары, колледж, орта мектептерде білім беруді интеграциялау қажет. Бұл бағытта біздің университет қаламыздағы № 5,10 және 20 мектептермен бірлескен «Жоо-колледж-мектеп (12 жылдық білім беру) үздіксіз білім беру жағдайында кредиттік оқыту технологиясы негізінде оқу-тәрбие үрдісінің тәжірибелік моделін құру» жобасын іске асыруда. Нәтижесінде орта мектептерге оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім алушылардың ағымдағы, ішкі, және қорытынды жетістіктерін бағалау, оқушы рөлінің, оқуды ұйымдастырудың принциптеріне өзгертулер енгізілетін болады.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы облысы.