Мемлекет басшысының шешімімен 2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жарияланды. Бұл еліміз Конституциясының 16 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан бүгінде мемлекеттіліктің барлық белгілері бар егемен ел ретінде орнықты, халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы әрі беделді мүшесіне, әрбір азаматының киелі Отанына айналды. Осы орайда, мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңдеріне, аталған үдерістің заңдылығын қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь РОГОВҚА жолығып, әңгімелескен едік.
– Игорь Иванович, еліміздің мемлекеттік егемендігін конституциялық рәсімдеу қалай жүзеге асырылды?
– 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бері Қазақстанның жаңа тарихы басталып, оның 20 жылдығын биыл тойлағалы отырмыз. Бұдан былайғы тағдырымызды шешкен осы күні қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы Конституциялық заңда республиканың Жоғарғы Кеңесі, халықтың еркін білдіре отырып, салтанатты түрде еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Әділдігін айту керек, Қазақстан тәуелсіздігінің құқықтық негізі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда қаланып, республика Конституциясы мен заңдарының, КСР Одағына өз еркімен берген мәселелерді қоспағанда, Қазақ КСР-і аумағында басым болатындығы туралы алғаш рет осы Декларацияда хабарлады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында осы көрсетілген актілер, былайша айтқанда, «уақытша Конституцияның» рөлін атқарды. Олардың құқықтық реттеу нысандары: қолданыстағы құқық, азаматтық, адамның және азаматтың құқықтық мәртебесі, мемлекеттік билік органдары, ішкі және сыртқы саясаттың принциптері, мемлекеттік рәміздер, аумақ, қарулы күштер, астана және т.б. осыған дәлел.
Жоғарыда аталған Конституциялық заңның 18-бабында, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациямен қатар, ол республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады деп айтылған еді. Кейін олардың ережелерінің көбі еліміздің 1993 жылғы алғашқы Конституциясына, содан соң Қазақстан мемлекеттілігін заң тілімен түпкілікті рәсімдеп, елдегі жаппай қайта өзгертулерге бастау болған қолданыстағы Конституцияға арқау етіп алынды.
– Халықаралық тәжірибе бойынша, тәуелсіздікті жариялау – бұл өз алдына дербес мемлекеттіліктің бастапқы кезеңі, оны нығайту үшін келешекте көп күш жұмсау қажет. Өзін халықаралық құқықтың барлық субъектілері толыққанды тануына қолы жетпей жүрген мемлекеттер әлемде әлі де бар. Қалай ойлайсыз, Қазақстан осындай сынақтан ойдағыдай өте алды ма?
– Мемлекеттіліктің заңдылығын қамтамасыз ету – күрделі міндет, әсіресе енді пайда болған мемлекеттік құрылым үшін егемендіктің алғашқы кездерінде жүйелі түрдегі бейберекетсіздік пен өмірдің барлық саласындағы тәртіпсіздік тән болатынын ескерсек, одан да күрделене түседі. Ал екінші жағынан, дәуірдің алмасуы елді нығайту мен дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, оның стратегиясын дұрыс айқындау, алға жылжу мен өсіп-өркендеудің бірден-бір шарты болып табылады.
– Сіз мемлекеттің заңдылығы мәселелеріне тоқталдыңыз. Ал мемлекет соған қандай жолмен немесе қандай құралдың көмегімен қол жеткізеді?
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жаңа мемлекеттің халықаралық деңгейде және сол мемлекеттің өз ішінде танылуы елдің Ата Заңы қабылдануымен байланыстырылады. Әдебиетте тіпті мемлекет заңдылығының арнайы түрін – рационалды түрде белгіленген заңдар мен ережелерден бастау алатын жария (рационалды) заңдылықты бөліп көрсетеді. Демократиялық елдерде бұл конституцияларға және солардың негізінде қабылданған ағымдағы заңнамаға сүйенетін заңдылықтың негізгі түрі болып табылады. Шетелдік тәжірибеден бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы 1776 жылы 4 шілдеде қабылданған болатын. Ол колониялардың Англиядан бөлінгенін және өз алдына дербес жаңа мемлекет – Америка Құрама Штаттары құрылғанын жария етті. Кейін, 1787 жылы 17 қыркүйекте АҚШ-тың қазіргі қолданыстағы конституциясы қабылданды. Францияда Ұлы француз революциясының маңызды құжаты – Адам және азамат құқықтарының декларациясы Ұлттық құрылтай жиналысы тарапынан 1789 жылы 26 тамызда, ал Францияның алғашқы конституциясы 1791 жылы қабылданды. КСРО тарағаннан кейін посткеңестік кеңістікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттер де бірінші кезекте өздерінің конституцияларын қабылдады: Өзбекстан – 1991 жылы, Түркіменстан – 1992 жылы, Қырғызстан және Ресей Федерациясы – 1993, Беларусь, Молдова және Тәжікстан – 1994, Әзербайжан, Армения және Грузия – 1995 жылы, ал Украина – 1996 жылы.
Бұл елдердің бәрінде де өздерінің құрылуына себеп болған оқиғалар нәтижесінде таңдап алынған мемлекеттік және қоғамдық құрылысты баршаға жария етіп, заңдастыруда конституция шешуші маңызға ие болды. Бұл жөнінде белгілі америкалық саясаткер Томас Пейн былай жазған болатын: «Конституция – мемлекеттен бұрын болатын зат, ал мемлекет – бар болғаны конституцияның төлі ғана».
–
Конституцияларды әзірлеу және қабылдау рәсімдері әр елде әртүрлі болатыны белгілі. Кей елдерде негізгі заң бүкілхалықтық референдумда, кейбірінде – ең жоғары өкілді органдар тарапынан қабылданды, ал үшінші біреулерінде – мемлекет басшысы халыққа тарту етеді. Басқа да әдістері кездеседі. Ендеше, конституцияларды қабылдау тәсілі мемлекеттің заңдылығына ықпалын тигізе ме?
– Әлем картасында пайда болған жас мемлекет үшін өз конституциясының демократиялық тәсілмен қабылдануы оның егемендігі мен тәуелсіздігін заңдастырудың негізгі жолдарының бірі болып табылады. Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы ең демократиялық жолмен – республикалық референдумда қабылданды, демек оны халықтың қолынан шыққан өнім деуге болады. Конституцияның жобасы референдумға дейін бүкіл халықтың талқысына салу үшін екі рет баспасөзде жарияланды. 1995 жылдың 30 маусымынан 30 шілдесіне дейін 33 мыңға жуық ұжымдық талқылаулар өтіп, 30 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Олардың бәрін талдау нәтижесінде жобаға 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді. 1995 жылғы 28 шілдеде Президенттің «1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлығы қабылданды. Бұл Жарлықта халыққа тиесілі мемлекет өмірінің ең маңызды мәселелерін тікелей шешу құқығын жүзеге асыру мақсатында 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізілсін делінген болатын. Жарлық талаптарына сай 1995 жылғы 1 тамызда Конституцияның бүкілхалықтық талқылауды ескере отырып толықтырылған және өзгертілген жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланды.
– Демек, бүкілхалықтық референдумда қабылданған конституция мемлекеттіліктің қалыптасуына кепіл болады, өйткені, халықтың мүддесіне жауап береді дейсіз ғой?
– Мемлекеттің заңдастырылуы конституцияны дайындау мен қабылдау тәсілдеріне ғана емес, оның сипаты мен мазмұнына да байланысты болып келеді. Ата заң халықтың барлық топтарының мүддесін ескере отырып, мемлекеттік билікті ұйымдастыру мен басқарудың демократиялық принциптеріне, құқықтың үстемдігіне, жалпыға ортақ танылған халықаралық стандарттарға және т.б. негізделуге тиіс. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы бұл талаптарға толығымен жауап береді. Ол елдің егемендігін баянды еткен ең жоғары құқықтық акт болып табылады. Негізгі Заңның 1-бабына сай Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Конституция идеологиялық және саяси сан алуандылықты, ел аумағының тұтастығын, халық билігі принципін, мемлекеттік рәміздерді, жеке меншікке қол сұғылмауын, Негізгі Заң нормаларының ең жоғары заңдық күшін және тікелей қолданылуын, адамның және азаматтың халықаралық деңгейде танылған құқықтары мен бостандықтарын, президенттік басқару нысанын, мемлекеттік биліктің жаңа жүйесін бекітті. Біздің Конституциямызға ел ішінде ғана емес, шет жерлерде де жоғары баға берілуде.
– Шетелдердің кейбірінде болып жатқан үдерістерді байқай отырып, сізден мынаны сұрасам: олардың да конституциясы «жаман болмаған», біршама демократиялық жолмен қабылданған ғой. Ал мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісі оларда неліктен қиыншылықпен өтуде?
– Мемлекеттілік толық заңдастырылуына қол жеткізу үшін «жақсы» конституцияны, мейлі ең демократиялық жолмен болсын, қабылдау жеткіліксіз. Қағазда негізгі заңның кез келген мәтіні болуы мүмкін, ал оның мазмұны саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық шындыққа сай болмаса, конституция бос декларацияға айналады.
20 жыл ішінде Қазақстан былайша айтқанда «заң жүзіндегі» және «іс жүзіндегі» конституцияларды ұштастыра білді, яғни конституциялық ережелерді іске асырды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен-ақ Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал конституциялық саясат арқасында Қазақстан мемлекеттілігі әлемге жарияланып, 1995 жылғы Конституцияда бекітіліп қана қойған жоқ, әлемдік қоғамдастық тарапынан да мойындалды. Бұған Мемлекет басшысының Конституцияның әлеуеті өмірдің барлық саласында да мейлінше жүзеге асырылуын қамтамасыз ету туралы қатаң талабы септігін тигізді және алда да тигізе бермек. Республика Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген Құқықтық саясат тұжырымдамасында, Конституцияның құқықтық идеялары Қазақстанда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет институттарын орнықтыруға бағытталған заң шығарушылық, ұйымдастырушылық және өзге де шараларда көрініс табуға тиіс деп атап өтілді. Мемлекет басшысы 2009 жылғы тамызда бекітіп, қазір қолданыстағы 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бұл бағыт сақталып, Конституцияның құқықтық құндылықтарын, принциптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қызметінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны тікелей қолданумен қатар ағымдағы заңнама және құқық қолдану арқылы оның әлеуетін қамтамасыз ету конституциялық құқықтың негізгі міндеті ретінде белгіленді.
– Сіз бүгінгі Қазақстанның жетістіктеріне Конституцияны бұлжытпай орындау арқылы қол жеткіздік демекшісіз ғой?
– Мемлекет басшысының
жоғарыда айтылған талабынан кейін, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең басты бағыты болып табылатын конституциялық құндылықтар жүйесіндегі үлкен өзгерістерге жол ашылды. Қазіргі Қазақстан қоғамы әрбір тұлғаның қастерлі құндылық екенін ұғыну, оның абыройын тану және қорғау, адамның ешкім айыра алмайтын құқықтары мен бостандықтары идеяларын орнықтыру бағытында дамып келеді.
Негізгі Заңға сәйкес, мемлекеттік билік органдарының біртұтас мемлекеттік биліктің тежемелік әрі тепе-теңдік тетігін пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасайтын тармақтарға бөлінуіне негізделген жаңа жүйесін қалыптастыру жөніндегі кең ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінде қос палаталы Парламент, Үкімет бастаған атқарушы билік органдары тиімді қызмет атқаруда, тәуелсіз сот жүйесі дамып, үнемі жетілдіріліп келеді. Конституциялық Кеңестің, прокуратура органдарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, адвокатураның, нотариаттың және өзге де институттардың қызметі адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Еліміздің егемендігін ұлттық қауіпсіздік органдары қамтамасыз етеді.
Республиканың Президенті адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету жүйесінің біріктіруші элементі, Конституцияның мызғымастығының, халық пен мемлекеттік билік біртұтастығының, мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуінің және олардың халық алдындағы жауапкершілігінің нышаны әрі кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасының азаматтығы адамның мемлекетпен саяси-құқықтық байланысын ғана білдіріп қоймай, өзінің өмір сүруге қолайлы Отаны барлығына, оның жетістіктеріне мақтану сезімін, оның гүлденуі үшін аянбай еңбек ету ұғымын да білдіре бастады.
Адамның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиіспеуі туралы ережелердің, әркімнің өз ана тілі мен төл мәдениетін пайдалану, қарым-қатынас, тәрбие, білім алу және шығармашылықпен айналысу тілін еркін таңдау құқығының Конституцияда бекітіліп, азаматтарды қандай да болсын себептерге қарамай кемсітуге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік және рулық астамшылықты насихаттауға және т.б. қатаң тыйым салынуы, еліміздің бүгінде әлемді таңдандырып жүрген ең басты конституциялық құндылықтарының бірін – ұлтаралық және конфессияаралық татулықты қамтамасыз етудің кепілі болды. Елімізде жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бейбіт әрі тату өмір сүруде, қырықтан астам конфессиялар еңбек етіп, олардың мүдделері ең жоғары деңгейлерде білдіріледі (Қазақстан халқы Ассамблеясы, Парламенттегі депутаттық мандаттарға квоталар және т.б.).
Бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамудың конституциялық принципі (Негізгі Заңның 1-бабының 2-тармағы) елімізде зейнетақы, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау және өмір сүру үшін маңызды басқа да салаларды қамтитын, әлеуметтік бағытталған нарықтық экономиканың принциптерін қалыптастыруға қуатты серпін берді. Бәсекелестікке мейлінше қабілетті мемлекеттер қатарына кіру және қолдағы бар жетістіктерді еселей түсу үшін ұзақ мерзімді бағдарламалық құжаттар – Қазақстан-2030, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасы, жоғарыда аталып кеткен 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы және т.б. жүзеге асырылуда.
Конституцияның 8-бабында баянды етілген түбегейлі принциптерге сай республиканың сыртқы саяси қызметі іске асырылуда. Халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтеу, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі жұмыстарына араласпау саясатын жүргізу, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу Қазақстанның бейбітсүйгіш әрі тұрақты мемлекет, сенімді серіктес, әлем қауымдастығының беделді мүшесі ретінде халықаралық деңгейде әділетті баға алуына септігін тигізді. Бүгінде Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және т.б. беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі болып табылады. Еліміздің халықаралық бастамалары ең жоғары деңгейлерде іске асырылуда. Мәселен, 2009 жылғы желтоқсанда Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы (64/35-қарар) Семей ядролық полигонының жабылған күнін – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Бұл жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың теңдессіз батыл шешім қабылдағанына 20 жыл толды. Соның арқасында бүгінде әлем халқы Қазақстанды ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет деп біледі. Өткен жылы Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өзінің мәртебелі де жауапты миссиясын абыроймен атқарып шықты. 2010 жылғы 3 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары қабылдаған Декларацияда адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтай отырып, бейбітшілікті қолдау туралы біздің Конституциямызға үндес ережелер бекітілді. Қазақстан ағымдағы жылы халқының саны 1,5 миллиардқа жуық 57 елдің басын қосатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (Астанада аты өзгертілді) Төрағасының міндетін атқаруға кірісті. Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты өзінің Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, ИЫҰ төрағалық ету Республиканың сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуге тиіс. Қазіргі кезде бұл міндет те дәйектілікпен шешімін табуда деген ойдамын.
Конституция прогрессивті заң шығармашылығы үшін мықты іргетас қалады. Осы жылдар ішінде елімізде мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында тұрақты заңнамалық база құрылып, ол еліміздің ұлттық құқықтық жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етті.
– Мемлекеттің заңдылығын қамтамасыз ету процесінде Конституциялық Кеңестің рөлі қандай?
– Еліміздің
бүкіл аумағында Негізгі Заңның ұлықтығын қамтамасыз ететін мамандандырылған конституциялық бақылау органы ретінде Конституциялық Кеңес республиканың мемлекеттік егемендігін қамтамасыз етуге өзінің маңызды үлесін қосты. Өзі құрылған күннен бастап Конституциялық Кеңес мемлекеттің тәуелсіздігі және егемен құқығы туралы; мемлекеттіліктің конституциялық негіздері туралы; аумақтық тұтастығы туралы; шекарасына қол сұғылмауы және аумағының бөлінбестігі туралы; мемлекеттің біртұтастығы және президенттік басқару нысаны туралы; халық пен мемлекеттік биліктің біртұтастығы туралы; азаматтық туралы; мемлекеттік тіл және басқа да көптеген конституциялық нормаларға түсіндірме берді. Оның құқықтық ұстанымдары нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде негізге алынды.
– 30 тамыз күні Астанада, міне, қатарынан ү
шінші жыл Әскери шеру өткізіліп келеді. Неліктен ол Отан қорғаушылар немесе Жеңіс күні емес, дәл осы күні өткізілуде?
– Мемлекеттік мереке
–
Конституция күнін
тойлауды қоғамдық-саяси, патриоттық және тәрбиелік маңызы бар жаңа мазмұнмен толтыратын
әскери шеру өткізу дәстүрге айналды. Әскери шерудің бірінші кезекте Жеңіс күнімен байланыстырылуы, әрине, заңды құбылыс, өйткені кеңес уақытында және ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында әскери шеру, әдет бойынша, нақ осы күні өтетін. Алайда И.Сталин басқарған кездері әскери шеру үнемі 9 мамырда өткізілмейтін. Ұзақ уақыт бойы Жеңіс күні жұмыс күні болып келді. 60-жылдардың орта тұсынан барып Кеңес Одағында Жеңіс күні кең тойлана бастады, соның ішінде әскери шеру өткізілетін болды. Ал қазіргі кезде 9 мамыр Ұлы Отан соғысы қатысушыларын еске алу күні болып табылады.
Шетелдерде әскери шерулер мемлекеттілікпен, құрылтайшылық маңызы бар оқиғалармен байланысты түрлі мерекелерге, мәселен тәуелсіздік күніне, армия мен флоттың құрылған күніне, республика жариялануына, сондай негізгі заң – конституция қабылдануына орай өткізіледі. Мәселен, жақында Грузияда ел тәуелсіздігі құрметіне арналған әскери шеру өтті. Францияда Елисей алаңында дәстүр бойынша әскери шеру Бастилияны алу күніне орайластырып өткізіледі. Конституция күнін әскери шерумен тек бізде, Қазақстанда ғана емес, мәселен, Үндістанда да атап өтеді. Конституцияны қабылдау күні Үндістанда ресми мереке болып табылады және жыл сайын 26 қаңтар күні Республика күні ретінде тойланады. Бұл күні Федерацияның астанасында және әрбір штатта әскери шерулер, халық билері мен күйлерінің фестивальдері, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Мұндай мысалдар аз емес.
Қазақстанда Конституция күніне арнап әскери шеру өткізілуі халқымыздың Ата Заңға деген ерекше ықыласын білдіреді. Мемлекет басшысы –Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Конституция басты құндылықтарымызды – Тәуелсіздікті, Бейбітшілік пен Тұрақтылықты мәңгілікке бекітті. Қарулы күштеріміз осы құндылықтарды қорғаушылардың алдыңғы қатарында тұр. Сондықтан Конституция күні әскери шеру өткізу әбден заңды.
– Негізгі Заңның ел тәуелсіздігі қалыптасуында атқарған рөлін қалай сипаттаған болар едіңіз?
– Негізгі Заң Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің конституциялық заңдылығына іргетас болып табылады. Мемлекеттік билік органдарының, қоғамдық институттар мен азаматтардың қызметі, еліміздің қол жеткізген жетістіктері, бейбіт өмір сүруіміз, ертеңгі күнге деген сеніміміз, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артуы Конституцияда айқындалған құқықтық негіздерге сүйенеді. Демек, бұл жетістіктер Негізгі Заңның авторы ретінде Қазақстан халқының қалауын білдіреді. Біздің қарыштап алға басуымыздың сыры қарапайым. Біз Конституцияда мемлекеттіліктің базалық элементтерін жариялап қана қойған жоқпыз, оларды нақты мазмұнмен толтыру үшін де тынбай еңбек еттік. Соның нәтижесінде, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Конституциясы мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының берік негізіне, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалу кепіліне айналды, еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуеті бүкіл халықтың игілігі үшін серпінді дамуын қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, біздің бұдан кейінгі барлық күш-жігеріміз Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, оның әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталуы тиіс. Ал бұл өз кезегінде қалыптасқан Қазақстан мемлекеттілігін одан әрі нығайтуды білдіретін болады.
– Сіздің оқырмандарға тілегіңіз...
– Мүмкіндікті пайдалана отырып, газет оқырмандарын мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын. Баршамызға мықты денсаулық, отбасымызға бақ-береке тілеймін, бастаған ісімізге сәттілік болсын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.