13 Желтоқсан, 2016

Құттықтауларда – ізгі тілектер

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шет мемлекеттер басшыларынан құттықтаулар келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Мерекелік жеделхаттарда елдің өткен кезең­дегі табыстары және Қазақстан Президентінің егемен мемлекет қалыптастыру мен дамытудағы рөлі атап көрсетіледі. Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қа­зақстан басшысын біздің республика тари­хындағы айтулы күнмен шын жүректен құттықтайды. «Сіздің басшылығыңызбен осы жылдары күшті мемлекет, сондай-ақ жаңа серпінді экономика құрылды. Қоғамдық келісім мен жауапкершілікті сыртқы саяси бағыт елдің жоғары халықаралық беделін қамтамасыз етті. Беларусь-Қазақстан байланыстарын дос­тық және өзара түсіністік негізінде жан-жақты нығайту біздің елдеріміз халықтарының ұмтылыстарына толық көлемінде жауап беретініне сенімдімін», – деп атап өтіледі Беларусь Президентінің құттықтауында. Сингапур Республикасының Президенті Тони Тан Кенг Ям екі ел арасында қалыптасқан достық рәуіштегі қарым-қатынастар өзара іс-қимылдарды экономиканың түрлі салаларында дәйектілікпен дамытып келе жатқанын атап көрсетеді. «Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшы­лы­ғымен республика бұған дейін болып көрмеген нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылыққа қосып келе жатқан үлесінің арқасында халықаралық аренада маңызды рөл атқарады. Сингапур алдағы жылы өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуын тағатсыздана күтіп отыр және оған белсенді түрде қатысатын болады», – делінген Сингапур Президентінің хатында. Бельгия Королі Филипп өзінің құттық­тауын­да біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақ­тастықты әрі қарай нығайту нәтижесі екі ел халықтарының мүддесіне қызмет ететініне үміт білдіреді. Австралияның генерал-губернаторы Питер Косгроув қазақстандықтарды мерейтойлы датамен, сондай-ақ республиканың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтайды. «25 жыл ішінде Қазақстан мен Австра­лия түрлі салада айтарлықтай тиімді ынты­мақ­тастық қалыптастырды. Мен екіжақты қарым-қатынастарды әрі қарай да нығайту мақса­тында біздің барлық қажетті шараны қабыл­дайтынымызға сенемін», – деп атап өтіледі Австралия генерал-губернаторының хатында. Қазақстан халқына игілік пен өсіп-өркендеу тілеген мазмұндағы Тәуелсіздік күнімен құттықтаулар, сондай-ақ Нидерланд Королі Виллем-Александр мен Румыния Президенті Клаус Вернер Иоханистен де келді.