15 Қаңтар, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

2363 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ИСПАНИЯ ЕУРООДАҚҚА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕДІ Бұл да жаңа жылдың басты оқиғаларының бірі. Жаңа жылдың алғашқы күндері ресми түрде Еуропалық Одаққа төрағалық етуді Испанияға тапсырудың рәсімі өтті. Бұл ел оны Швециядан қабылдап алды. Атап айтатын бір жай, бұл рәсім жылдағыдан өзге­ше­леу болды. Өйт­кені, Еуроодақтың құрылымы да түбі­рі­нен өзгеріп отыр. Осынау аса зор эко­номикалық ұйым биылдан бас­тап Лиссабон шар­тына сай жұмыс істейді. Қазір Еуроодақтың өз президенті бар – бұл жоғары лауазымға Бель­гия­ның бұрынғы премьер-министрі Херман ван Ромпей сайланған. Одақтың ұйымдық жұмыстары­ның көпшілігі енді сол президент аппаратына жүктеледі. Ең алдымен бұрынғы дәстүр­дің жалғасындай, Одақ төраға­лығы жүктелген елдің мойнына артылатын жауапкершілік те аз емес. Одақтың мақсат-мүддесін айқындайтын бағыт-бағдар енді Испанияның басшылығымен жүргізіледі. Осынау қызметке кіріскен сәтте Испания премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапа­теро оған жан-жақты тоқтал­ды. “Экономикалық өмірді жан­дандыра түсуге күш саламыз, – деді ол. – Еуропаның экономи­касын өнімді ету, инновациялық сипатқа көшіріп, дағдарысқа қарсы тұратындай дәрежеге көтеру – басты мақсат”. Испанияға төрағалықты тап­сыру рәсіміне Еуропалық Кеңес­тің президенті Ромпеймен қатар, Еуроодақтың үкіметі саналатын Еурокомиссия төрағасы Баррозу да қатысты. Сірә, осы кездесу кезінде Еуроодақтың басшылығы өзара қызмет те бөліскен болар. Бұған дейін төрағалық етуші елге көп нәрсе жүктелетін. Енді біраз міндеттің басқа құрылымдарға ауысуына байланысты төраға елдің құзыры кеміді деуге де кел­мес. Қайта қыруар шаруа басқаға ауысқанда, үлкен де негізгі мәселеге басты назар аударылып, жұмыс нақтылана түскендей көрінеді. Қызмет бөлісу дегенде, Еуро­одақты реформалау өмірдің талабынан туғаны да белгілі. Жыл сайын барлық ұйымдық мәсе­лелерді төрағалық етуші елге тапсыру біршама қолайсыздық тудыратын. Бір жыл – қысқа мер­зім. Жұмысқа енді араласа бастаған­да, уақыт бітіп қа­лып, біраз шаруа­ның аяқталмай қалуы әбден мүм­кін. Сондықтан да жұмыста жүйелілік болуы үшін Еуро­па саммиті өздеріне президенттік жүйені енгізіп, негізгі ұйымдас­тырушылық жұмысты соның ап­па­ратына жүктеді. Енді Еуро­одақтың жоғары деңгейдегі бас­қосуларын президент аппараты ұйымдастырады. Сыртқы әлем­мен байланыс та соларға жүкте­леді. Тіпті Еуроодақ ішіндегі ел­дердің өзара қарым-қатынас­тарын реттеу де бір жылда бір елдің араға жүруімен шешіле салмайды, онымен де президент аппаратының айналысқаны тиімді. Жалпы, сыртқы саясат жиі өзгермейді, ол үлкен жүйелілікті талап етеді. Лиссабон шартында осы жай айрықша ескеріліп, президент жүйесі енгізілгенде, тікелей сыртқы саясатпен айна­лысатын ЕО-ның бұл мәселе жөніндегі жоғары өкілі белгі­ленді. Бұл қызметке ағылшын дипло­маты Катрин Эштон тағайын­далған. Ол басқаратын мекемеде 5 мыңдай қызметкер жұмыс істейді. Сөйтіп, бұрын төрағалық етуші елге жүктелетін шаруа арнайы құрылымға берілген. Еуроодақтың басқа халық­аралық ұйымдарға қарағанда “заңы” қаталдау. Оған өтініш біл­діргендер алына бермейді. Кіруге қатаң талап қойылады. Түркиядай қуатты да дәстүрлі ел қазірге дейін оған кіре алмай келеді. Қазір оған 27 ел ғана мүше. Кіргісі келетіндер көп. Ол қай елдің болса да экономикасының дамуына, жетекші дамыған елдермен кірігуіне жол ашады. Сондай беделді ұйымға төрағалық ету қай елге болсын үлкен абырой және үлкен жауапкершілік. Испания сондай үлкен абыройға ие болды десек, сонымен бірге, оған жүктелетін жауапкершілік те үлкен. ЛАҢКЕСТЕР ӘЛСІЗ ЕЛДЕРГЕ ОРНЫҒАДЫ Жаңа жылдың қарсаңында және оның алғашқы күндерінде Иемен туралы әңгіме көбірек айтыла бастады. Оған себеп – Амстердамнан Детройтқа ұшпақ болған ұшақты жаруға жасалған әрекеттің басында осы Иеменде орналасқан лаңкестік топтар тұрыпты. Мұны олардың өздері айтып отыр. Әрине, басқаларға үрей тудыру үшін. Ал лаңкестер­мен күрес – ортақ іс, оған бүкіл әлем мемлекеттері қатысуға тиіс. Бұл күрестің басында АҚШ жүреді және оған айтарлықтай қаржы да жұм­сай­ды. Осы жолы да АҚШ басшылығы мәлімдеме жасап, сол Иемендегі лаңкестерге қарсы күреске ай­тар­лықтай қомақты қаржы бөлетінін де жариялады. Оған Еуропаның біршама жетекші елдері қолдау  көрсетті. Лаңкестер неге Иеменді таң­даған? Ел үкіметі, әрине, сол жүгенсіздерді қолдамайды. Оларға ешқандай жағдай жасамайтыны да анық. Бірақ олардың бұл елді таңдауының басты себебі – бұл ел әлсіздеу, олармен күресуге ша­ма­сы келе бермейді. Ал лаңкестердің осындай елдерде әрекет етуі заң­дылық есепті. Бұрындары көбіне олар Ауғанстанда әрекет жасады. Онда талибандармен арпалысқан биліктің де, оған көмектесу­ші­лердің де лаңкестерге қарсы күресуге мұршасы келе бермейтін. Бір жағы Үндістанмен соғыс жағдайындағы Пәкстанда да лаңкестерге жағдай бар еді: мұнда билік пен оппозиция күресте ит­жы­ғыс түсіп, өздерімен өздері болып жататын. Ал лаңкестерге керегі – сол. Иемендегі жағдай да лаң­кес­терге қолайлы еді. Мұнда да үкі­мет билігі әлсіз. Басқаны былай қойғанда, ол ел ішіндегі сепара­тис­терді де ауыздықтай алмай отыр. Негізінен елдің солтүстік таулы аумағындағы өңірге бекін­ген сепаратистер оқтын-оқтын үкіметке қарсы күш көрсетіп қана қоймай, өткен жылы солтүстіктегі Сауд Арабиясының шекарасынан да өтіп, екі ел арасында шиеленіс тудырған. Ал үкімет сол сепа­ра­тистермен әуре болып, лаңкес­термен ісі жоқ. Мұндағы лаңкестердің жалпы санын дәл айту қиын. Олардың екі мыңнан он мыңға дейін жасағы бар деп болжам айтылады. Ашық айқасқа шықса, тым көп күш те емес шығар, ал олардың бір мү­ше­сінің әрекетінен үлкен апат бола­ты­нын ескергенде, бұл шын мәнінде алапат күшке ай­налады. Соны еске­ріп, ең алдымен АҚШ бастаған ел­дер шұғыл шара қолдануды ұсынып отыр. Оның алғашқы қадамы БҰҰ аясында өтетін халықаралық конференция шақыру болмақ. Бұл елде лаңкестер бүгін ғана пайда болған жоқ. “Әл-Каида” ұйымының “кресшілерге қарсы күреске” шығуға шақырғанына біраз уақыт болған. Тіпті батыс елдерінің елшіліктеріне қарсы әрекеттер жасап үлгерген. Содан қорқып, осыдан біраз бұрын АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Жапония өз елшіліктерін жапқан болатын. Уақыт мұндай қадам лаңкестердің белсенділігін күшейте түсетінін көрсетті. Жо­ға­рыда аталған елдер өз елші­лік­терін қайта жедел ашып, олар лаң­кестермен күрестің орталы­ғына айналуға тиіс болып отыр. Осылайша Иемен қысқа мерзімде әлем жұртшылығының назарына ілінді. Бұл біреулер айтатындай шағын ғана ел емес. Онда 20 миллионнан астам халық бар. Арабия түбегінің оңтүстігінде аса маңызды стратегиялық ай­мақ­қа орналасқан. Оны жағалап әлемдік мұнай керуені өтеді. Бұл елге әлемді бүлдіруді мақсат тұт­қан лаңкестер орныға алса, олардан қауіп көп. Сондықтан да жетекші елдер­дің лаңкестерге қарсы күш бірік­тірмек, айтарлықтай қаржы бөл­мек ниетін Иемен республи­ка­сының үкіметі қызу қолдап, тіпті белсенді әрекеттерді де бастап кетті. Өз елі “Әл-Каиданың” бір базасына айналмайтынын мәлім­деп, сол лаңкестер орныққан аймаққа әскери күштерін жіберіп те үлгерді. Мұндағы мақсат айқын – сол жетекші елдердің қарулы күш­терін, мол қаржысын пайдаланып, лаңкестермен бірге сепаратистерге де мықты соққы бергісі келеді. Мамадияр ЖАҚЫП.