Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Қазақстанға тұңғыш сапары қарсаңында сол елдегі Төтенше және өкілетті елші Дулат ҚУАНЫШЕВПЕН кездесіп, әңгімелескен едік.
– Дулат Оразбекұлы, сізбен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында кездесіп отырмыз. Сол ширек ғасыр уақыт ішінде Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыстарда қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
– Алдағы жылдың көктем айында Қазақстан мен Израиль арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 25 жыл болады. Сол уақыттан бері біздің елдеріміз арасындағы саяси диалог пен кездесулер, пікір алмасулар жоғары деңгейде өтіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Израильге екі рет ресми сапармен барды. 2009 жылы Израиль президенті марқұм Шимон Перес ресми сапармен Қазақстанға келді.
Әрине, бұдан өзге де түрлі кездесулер болды. Бірақ Израиль Премьер-министрі бұрын-соңды біздің елге келген емес. Бұл – Израильдің осындай жоғары лауазым иесінің Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапары.
Ал Б.Нетаньяхудың осы сапары мемлекетаралық байланыстарға тың серпін беруі тиіс деп ойлаймын. Себебі, бұл жолы күн тәртібінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен халықаралық құрылымдар шеңберінде екі жаққа да тиімді мәселелер талқыланады деп күтілуде. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы, медицина, туризм сияқты салаларға қатысты мәселелер сөз болуы ықтимал.
Б.Нетаньяхудың Астанаға сапары кезінде екі ел іскер топ өкілдерінің бизнес-форумы өтеді. Онда Израиль Премьер-министрінің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде қол қойылған келісімшарттарға байланысты екі елдің бизнес капитандары өздерінің түйінді сөздерін айтатын болады. Сондай-ақ, елдеріміз арасында алдағы жылдарда қол қойылуы ықтимал келісімшарттардың тақырыптары талқыланады.
Израиль – еліміздің Таяу Шығыстағы маңызды әріптесі. Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамаларына әркез қолдау көрсетіп келеді. Израильмен мемлекетаралық байланыстарды әртараптандыру біз үшін маңызды. Себебі, бұл ел қазіргі заманғы агротехнология, жоғары технология және киберқауіпсіздік секілді салаларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген.
– Қазақстан мен Израиль арасында визасыз жүйе мәселесі бірнеше жылдан бері мемлекеттік деңгейде талқыланып келеді. Біздің ел Израиль азаматтары үшін визасыз жүйе енгізді. Сіз елші болып жүрген елдің осы мәселедегі ұстанымы қандай?
– Қазақстандықтар үшін Израильге визасыз жүйе енгізу – біздің дипломатиялық корпустың басым бағыт беретін негізгі мақсаттарының бірі. Осы мәселе Нетаньяхудың Қазақстанға сапары кезінде тағы да бір пысықталады деп ойлаймын. Себебі, нақ осы мәселе бойынша тиісті құрылымдар арасында бірнеше жылдан бері келіссөздер жүргізіліп келеді.
Қазақстан мен Израиль арасын жалғайтын әуе байланысын жаңғырту жайы да көптен айтылып келеді. Визасыз жүйе тәрізді әуе байланысының жоқтығы елдеріміздің туристік әлеуетін жеткілікті пайдалануға, екі елдің бизнес капитандарының бір-бірімен жоғары деңгейде араласуына, тәжірибе алмасуына кедергі келтіруде.
– Қазақстандық студенттер мен мамандар Израильдің «МАШАВ» (Израильдің халықаралық ынтымақтастық орталығы), сондай-ақ, біздің «Болашақ» бағдарламамыз бойынша Израильдің ЖОО-ларында оқып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттар қандай жаңалықтармен толығуы мүмкін. Аталған бағдарламалар бойынша қазақстандық студенттер үшін жаңа мамандықтар қосу жоспарда бар ма?
– Израильдің «МАШАВ» бағдарламасы бойынша 1993 жылдан бері 302 қазақстандық білім алды. Негізгі салалар – ауыл шаруашылығы, білім беру технологиясы, кәсіпкерлік және су ресурстарын басқару. «МАШАВ» бағдарламасымен байланыс Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көзейді. Бұл бағыттағы нәтижелі бастамалардың бірі – Алматы облысының «Үшқоңыр» аймағында Қазақстан-Израиль оқу орталығының жобасын жүзеге асыру. 2015 жылы «Үшқоңырдағы» оқу базасында тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін израильдік ауыл шаруашылығы технологиясы орнатылған болатын.
Менің қолымдағы соңғы деректер бойынша «Болашақ» бағдарламасының 87 стипендиаты Израильдің медициналық орталықтары мен клиникаларында тағылымдамадан өтті. Осындағы білім ордалары әлемдік ЖОО рейтингінде көш басында тұр. Демек, бұл салада да байланыстарға басымдық беру керек.
– Әлем бойынша жоғары технологиялардың флагманы болып табылатын Израильдің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы біздің еліміз үшін қаншалықты маңызды?
– Израиль энергия көздерін қайта жаңғырту бойынша әлемде жетекші орында тұр. Демек, бұл ел компанияларының ЭКСПО-2017-ге қатысуы инновациялық технологиялар трансферті саласына жаңа тыныс береді. Сондай-ақ, Израиль кәсіпкерлерінің Қазақстан жерінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруына жол ашады. ЭКСПО-2017 Израиль туристері үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады ғой деп үміттенеміз. Себебі, израильдіктер әлемдегі ең белсенді туристер саналады.
– Қазақстан мен Израиль арасында сауда-экономикалық байланыстар бойынша үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Оның еларалық байланыстар деңгейін көтеруге ықпалы бар ма?
– Рас, 1992 жылдың қыркүйек айынан бастап үкіметаралық келісім негізінде Қазақстан мен Израильдің үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) жұмыс істейді. Бұл комиссия – екі ел арасында қос тарапқа да тиімді келісімшарттарды орындаудағы ең тиімді алаң. ҮАК-тың мақсаты – екі ел арасындағы сыртқы экономикалық байланыстар үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру, қазақ бизнесінің, кәсіпкерлерінің израильдік әріптестерімен кездесулерін ұйымдастыру. Комиссия жұмысының нәтижесінде инвестициялық-иновациялық және ғылыми-технологиялық байланыстардың керегесі кеңіді, екі елдің ауылшаруашылық секторы арасындағы байланыстардың буыны бекіп, инновация саласындағы алыс-беріс жаңа деңгейге көтерілді.
– Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жөнінде не айтасыз? Байланыстардың жаңа күш алуына қандай жағдайлар себеп болып отыр?
– Шикізат бағасының және энергия көздері бағасының төмендеуі, сондай-ақ, қаржы нарығындағы тұрақсыздық екі ел арасындағы алыс-беріске кері әсер етті. Сауда айналымының 2014 жылғы көрсеткіші 1,5 млрд АҚШ доллары еді. Өткен 2015 жылы бұл сома 311 млн АҚШ долларына төмендеді. 2014 жылмен салыстырғанда, экспорт 80 пайызға, импорт 35 пайызға азайды.
ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық үдерістердің оң динамикасы екі ел арасындағы сауда айналымына да оң әсер етеді деп күтіліп отыр. Жалпы, жаһандық экономикалық конъюнктураның бәсеңдеуіне қарамастан, екі ел ынтымақтастығының әлеуеті кең.
– Израиль экономикасының қай саласы қазақ бизнесі үшін тартымды? Керісінше, Израиль кәсіпкерлері Қазақ елі экономикасының қай салаларына қаржы салуға ниетті? Екі ел кәсіпкерлерінің бірлескен жобалары туралы не айтасыз?
– Дәл қазір бәсі басым сала – ауыл шаруашылығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Израильдің инновациялық технологиясын ауылшаруашылығына кеңінен қолдану қажеттігі туралы жиі айтады. Израильдің ауылшаруашылық секторындағы тәжірибесі мен кооперациясы екі ел аграршыларының бірлескен кәсіпорындар құруына жол ашады.
– Қазақстанда жұмысын тамырландырып үлгерген екі елдің бірлескен компаниялары туралы не айтасыз?
– Израиль технологиясымен жасақталған қазақ-израиль компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысында 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Оңтүстік жерінде құс шаруашылығы, қызанақ өнімдерін қайта өңдеу-шығару зауытының жұмысы дұрыс жолға қойылған.
Өндірістік қуаттылығы жылына 10 мың тонна күркетауық етін қайта өңдеуге және өндіруге жететін Қазақстанда тұңғыш ашылған «Ордабасы құс» компаниясы бүгінде өз өнімдерін ТМД елдеріне шығарып жүр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист
АЛМАТЫ