15 Желтоқсан, 2016

Жәнібек Әлімханұлы: Мақсатым – Токиода топ жару

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
alimkhanulyПавлодарда өткен бокстан Қазақстан чемпионатында Жәнібек Әлімханұлы 81 килода жеңіске жетіп, турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Осы біріншіліктен кейін біз онымен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.  – Жәнібек, жаз айында өткен Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 75 килода айқас­қаныңызды жұрт біледі. Таяуда Қазақстан чемпионатында 81 килоға ауысып, жаңа салмақта топ жардыңыз. Сәл әріректе, яғни 29 қазанда Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешін­де өнер көрсеттіңіз. Қысқа уақыттың ішінде мұндай өзгерістер не үшін қажет болды? – Рио Олимпиадасында жолым болмағаннан кейін 81 килоға ауысуға бел будым. Оның бірден-бір себебі – артық салмақ қуып, шаршап қалмау. Дене күші тұрғысында кемшін тұстарым бар екеніне қарамастан, дұрыс бағытты таңдадым деп ойлаймын. Ал кәсіпқой боксқа келсек, бұл екінші жоспарымның алғашқы сәтті қадамы деп біліңіздер. – Айып етпеңіз, алайда, «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген мақал есіме түсіп тұрғаны... – Нені меңзегеніңізді түсіндім. Бірақ мына заманда екі кеме емес, бес кеменің тізгінін ұстау­ға мүмкіндік бар екеніне келісерсіз. Бүгін­де әуесқойда жүріп-ақ АРВ, WSB жобасында жұдырықтасуға рұқсат етілген. Тіпті, осы жолы кәсіпқойларға да төрт жылда бір келетін жаһан­дық ойынның жолдамасы үлестірілгенін білесіз. Менің мақсатым – алдымен Олимпиада чемпионы атанып, кейін кәсіпқой бокста атой салу. – Әуесқойға қарағанда, кәсіпқой бокс­тың қиын тұстары көп деп жатады. Бұған не дейсіз? – Екеуінің айырмашылығы – уақытында. Өздеріңіз білетіндей, әуесқойда үш раунд болса, кәсіпқойда жекпе-жек он екі кезеңге дейін созыла береді. Мысалы, Алматыда колумбиялық Милтон Нуньес екеуміздің ұрысымыз алты раундқа жоспарланды. Бірақ мен оны алғашқы кезеңде-ақ сұлатып тастадым. Сондықтанда әзірге ешқандай қиындық көргенім жоқ. – Жақында әлем чемпионы Ердос Жаңа­бергенов газетімізге берген сұхбатында сіздің мықты екеніңізді мойындағанымен, бүгінде 81 килода Әділбек Ниязымбетовке әлемде тең келетін бір-екі боксшы бар екенін айтып еді... – Ердос ағамыз дұрыс айтыпты. Ниязымбетов, сөз жоқ, мықты боксшы. Сыйластығымыз өте жақсы. Ол тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес. Сол үшін көп рахмет айтамын. Бәсекелестік бар жерде, нәтиже де болады. Қайсыбіріміз әлемде топ жарсақ та, бұл ең алдымен қазақ боксының абыройы. Мықтымен тең дәрежеде болу ғанибет қой. Мен де қарап қалмайтын жандардың бірімін. Барлығын уақыт көрсетеді. – Сөзіңізге қарағанда, негізгі жоспарыңыз Токио Олимпиадасы секілді... – Әрине, ниетім де, арманым да сол. Ол кезде нағыз бабымда, 27 жаста болады екенмін. Бұйыртса, Токио төрінде Қазақстанның гимнін шырқатамын деген ойдамын. – Мақсатыңыз орындала берсін! Әйткен­мен, Токиодан кейін кәсіпқой боксқа өтіп жатсаңыз, тым кеш болып кетпей ме? – 2020 жылға дейін шамамен 18-19 кездесу өткізіп, рейтингімді дұрыстап алсам деймін. Әрі қарай мықты промоутерлермен келісімшартқа отырсам, қысқа уақыттың ішінде чемпион атануға мүмкіндік туар еді. – Сізді Қазақстан чемпионатынан кейін ем-дом қабылдап жатыр деп естідік. Жалпы, қазір жағдайыңыз қалай? – Павлодарда өткен ел біріншілігі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық боксшылар үлкен жауапкершілікпен келіпті. Өзім де жоғары деңгейде жұдырықтастым деп ойлаймын. Соңғы кезде сол қолымның бұлшық еттері ауырып жүрген. Финалда Нұрдәулет Жарманов­пен болған айқастан кейін асқындырып ал­ған сияқтымын. Жақын күндері Мәскеуге ем қабылдауға барамыз. – Өміріңізде есте қалған ерекше жекпе-жегіңіз қайсы? –  2013 жылы Алмат­ыда өткен әлем чем­пионатындағы финалдық айқас естен кетпестей жатталып қалыпты. Менің құрама мүшелігіне қабыл­данғаныма 7-8 ай ғана болғанына қара­мастан, сол жылы Иордания астанасы Амманда өткен Азия чемпионатында топ жардым. Басқа ірі турнирлерде өнер көрсетпеген едім. Сол себепті, жергілікті жанкүйерлердің және қолдау көрсетуге келген Елбасының алдында қобалжып, ақтық сында жұдырықтасу қиынға соқты. Сол күні екі құрлықтың чемпиондары кім мықтыны анықтаған кеш болды. Еуропа чемпионы ирландиялық Джейсон Куиглиді алғашқы раундта нокдаунға түсіргеніммен, қалған кезеңде ол кәдімгідей қарсыласып бақты. – Сізге қай раундта жұдырықтасқан қиындау? – Алғашқы раунд. Себебі, қарсыласыңды зерттеп, шабуыл жасаймын дегенше, өзің де көп соққы алып қалуың мүмкін. Жалпы, соққы жасау да, соққы алу да қиын ғой. Джеб, хук, апперкотпен жасаған әдістерің дөп тимесе, күш зая кетеді. Атағы жер жарған кейбір боксшылардың әке-шешесі баласының жекпе-жегін қара­майды екен. Сіздерде бұл жағы қалай? – Анамнан гөрі, әкем менің жекпе-жектерімді көрмейді. Кейін сосын «қалай болды?» деп сұрап жүреді. – Жұдырықты рингтен тыс жұмсаған кездеріңіз болды ма? – Ер адам болғасын сондай кішігірім жағдай­лар орын алғанын мойындаймын. Бірақ біреудің көзін шығарып, басын жарған оқиғалар болған жоқ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан» АСТАНА