Алматыда Қазақ-британ техникалық университетінің (бұрынғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ғимараты) алдына тарихи ескерткіш тақта орнатылды
«Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыда» деп Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, бұл ғимараттың тарих парағының беттерінен алар орны айрықша да ерекше. Қазақстан Тәуелсіздігінің қарсаңында болашақ елдің заңды нормативті актілерінің дені осы ғимаратта қабылданған. Солардың ішіндегі егеменді ел үшін ең маңыздысы да қасиеттісі – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң Жоғарғы Кеңестің осынау ғимаратының мәжіліс залында қабылданды.
Салтанатты шараға сол бір күндердің танымал қаһармандары – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 12-шақырылымының депутаттары Сұлтан Сартаев, Нығмет Жотабаев, Эрик Гукасов, Нұрлан Оразалин, Оразалы Сәбденов, Ораз Баймұратов, Есентай Тәжиев, Петр Крепак шақырылыпты.
Барша Қазақстан халқы Тәуелсіздікті аңсаған еліміздің мүддесі үшін Жоғарғы Кеңестің мінберінен қасқайып тұрып сан рет баяндама жасаған, пікірталас туғызып, әркезде де жеңіске жеткен білікті заңгер, бүгінде 90-ның төрінде отырған Сұлтан аға Сартаевтың ерлікке пара-пар іс-әрекеті мен еңбегін ұмытқан емес. Осыған орай салтанат қонағын арнайы әңгімеге тарттық.
– Уақыт неткен жүйрік, арада ширек ғасыр қас пен көздің арасында өте шыққанын байқамай да қалыппыз, – деді академик-заңгер ағамыз таңдана да тамсана сөйлеп. – Сіз білесіз бе, ол күн, ол сағаттар менің есімде мәңгіге еш өшпестей сақталып қалды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірнеше сағатқа созылған талқылаудан кейін Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды 1991 жылғы 16 желтоқсанда, кешкі сағат алтыдан он төрт минөт өткенде басым көпшілік дауыспен қабылдады. Бұл келешек егемен елдің өз Конституциясына кірпіш болып қаланған нағыз заң еді. Халық қалаулылары тарихи сәтті орындарынан тік тұрып, қол соғып қарсы алды. Көзіне жас алғандар да бар... Заң қабылданған соң тура 30 минөтте бауырлас Түркия Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Әлемдік дипломатияның тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Енді ар жағын өздеріңіз ойлай беріңіздер...
Өткен күндерден шын көңілден шежіре шерте ой бөліскен абыз ақсақалдың дауысынан шынайы шаттық пен қанағат сезім айқын аңғарылып тұрды. Тарихи ғимараттың алдында тарихи естелік айтқаны үшін Сұлтан ағаға рахметімізді жаудырдық.
Тарихи шара салтанатында қала әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйледі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары, Социалистік Еңбек Ері, Алматы қаласының құрметті азаматы Вера Сидорова тарихи кезеңнен қызықты естеліктер айтты. Киноактер, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Асылхан Төлепов жастарды Тәуелсіз еліміздің шынайы патриоты болуға шақырды. Ғимараттың Төле би көшесіне қараған аузындағы биік қабырғаға «Бұл ғимаратта 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң» қабылданды» деп жазылған ескерткіш тақта отшашумен көмкеріліп ілінді.
Салтанатты шараға Алматы қаласының құрметті азаматтары, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері мен студент-жастар, қала меймандары қатысты.
Елімізге танымал өнер жұлдыздары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік шараға арнап ән мен жырдан шашу шашты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ